Алғаш рет – «Ана тілі» олимпиадасы

Кеше Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде қазақ тілінен өткен тұңғыш республикалық «Ана тілі» зияткерлік олимпиадасының жеңімпаздары марапатталды. Салтанатты рәсімге мемлекет және қоғам қайраткерлері, министрлер мен депутаттар, тіл жанашырлары мен кәсіпкерлер қатысты.
Олимпиаданы Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы мен «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырды. Халықаралық Freedom Holding Corp. Компаниясы демеушілік жасады.
Жобаға 2025 жылғы 13 қаңтар мен 8 ақпан аралығында республика бойынша 5 мыңға жуық 9-11-сынып оқушысы қатысып, пікірсайыс, жазбаша жұмыс және онлайн-викторина сынды үш бағыт бойынша білімін сынады.
– Мен Екібастұз қаласындағы мамандандырылған Зерде мектебінде оқимын. Бұл олимпиада біз үшін көп мүмкіндіктерді ашты. Біз бір топтағы үш оқушы бірігіп, өзімізді жақсы жағынан көрсете білдік. Олимпиада жоғары деңгейде өтті. Осы олимпиада арқылы Қазақстанның әр жерінен келген балалар бір-бірімен танысып, өте тамаша әсер алды, – дейді Павлодар облысынан келген қатысушы Далида Оразханова.
Ақтық кезеңге 64 командадан 192 оқушы жолдама алып, 20 мамыр күні Астанаға жиналды. Олимпиаданың бас жүлдесін Түркістан облысынан келген «Достық» командасы жеңіп алды. Сонымен қатар 11-сыныптың үздік 8 оқушысы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті мен Narxoz университетінің білім гранттарын иеленді. Бес команда «Үздіктер», он команда «Озаттар», он алты команда «Мықтылар», отыз екі команда «Белсенділер» аталымы бойынша марапатталды.
– Алғаш рет өткізілген «Ана тілі» олимпиадасы – мектеп оқушылары арасында тілді, әдебиетті және сөз өнерін насихаттауға бағытталған ерекше жоба. Басты мақсатымыз – тіл мен әдебиетке қызығушылығы бар оқушыларға жол ашу, болашақта тілші, филолог немесе гуманитарлық сала маманы болғысы келетін жастардың таным көкжиегін кеңейту. Сонымен қатар, бұл олимпиада арқылы қазақ тілі мен әдебиетіне деген қызығушылықты арттырып, жастардың оқу сауаттылығы мен жазу мәдениетін дамыту көзделіп отыр. Жасыратыны жоқ, қазіргі ортада мәтінмен жұмыс істеу, ойын сауатты жеткізу, жазу мен сөйлеу дағдысы бойынша олқылықтар бар екенін байқаймыз. Осы олқылықтарды жою бағытында жинақтаған тәжірибемізді пайдалана отырып, осындай жобаны қолға алдық. Олимпиада алдағы жылдарда да дәстүрлі түрде өз жалғасын табады, – деді Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ
Ақтілек МЕРЕКЕ,
Еуразия ұлттық университеті Әлеуметтік ғылымдар және
журналистика факультетінің 2-курс студенті