Ел тынысы

Алдағы бағытты нақтылайтын жыл болды — Алтыншаш Табулдина

Астана қаласы мәслихатының депутаты, қалалық №5 емхананың директоры Алтыншаш Табулдина елорда жұртшылығын Жаңа жыл мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

— Жыл бойы депутат ретінде тұрғындармен тұрақты жеке қабылдаулар жүргізілді, түрлі форматтағы кездесулер болды, түрлі әлеуметтік нысандарды аралап, қаланың дамуын талқыға салған жиындар өтті. Бұл бір реттік шара емес, жыл бойы үздіксіз жүріп отырған жұмыс. Жеке қабылдауларға түрлі мәселелермен көптеген адам жазылып, кейбір тұрғындардың проблемасы сол жерде шешілді, кейбірі үшін жауапты мекемелерге арнайы хаттар жолданды. Сонымен қатар депутаттық сұраулар жолданып, әртүрлі бағыттар бойынша ұсыныстар дайындалды, оның ішінде нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуге қатысты бастамалар да болды, — дейді депутат.

Оның айтуынша,  денсаулық сақтау саласында да нәтижелі жұмыстар атқарылған.

— Біздің емханада алғашқы медициналық-санитарлық көмектің жұмысын ұйымдастыруға арналған пилоттық жоба іске асырылды. Онда дәрігерлер, мейірбикелер, мобильді бригадалар мен патронаж қызметінің өзара әрекеттесу тәртібі, колл-орталық арқылы шақыртулар мен белсенді бақылаудың алгоритмдері нақты қадамдармен жазылып, тәжірибеде қолданылды. Мақсат — бірде-бір науқас назардан тыс қалмауы және медицина қызметкерлерінің жүктемесі жүйелі түрде реттелуі еді. Бұл тәжірибе әдістемелік ұсыным ретінде рәсімделіп, өзге өңірлерден келген әріптестерге де таныстырылды, — дейді емхана директоры.

Ал мәслихаттағы жұмысы әлеуметтік-мәдени даму мәселелерімен байланысты болған.  Медициналық және әлеуметтік нысандардың құрылысы мен жабдықталуы, дәрілік қамтамасыз ету, спорт пен қалалық ортаға қатысты жобалар қаралған. «AMANAT» партиясының жол картасы аясында бекітілген міндеттер бойынша жұмыс жүргізілген, бірқатар бағыттарда нақты нәтижелер бар, кейбірі іске асыру кезеңінде.

— Сонымен қатар әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі комиссия аясында басқармалармен және қала әкімінің орынбасарларымен бірлескен отырыстар өтті, тәжірибелік ұсыныстар талқыланды. Бұл жұмыс бюджетке, жоспарлауға және нақты мүмкіндіктерге сүйене отырып жүргізілді. Қала халқының өсуіне байланысты сайлау үдерісіне қатысты ұйымдастырушылық мәселелер де қаралды. Уақытша комиссия төрағасы ретінде сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру, құжаттарды заң талаптарына сай тексеру және мүшелерді бекіту жұмыстары атқарылды. Бұл жүйелі, әрі жауапты ұйымдастырушылық процесс, -дейді спикер.

Депутат 2025 жылдың басты ерекшелігі — нақты жұмыс, көп кездесулер мен жауапкершіліктің көп болғандығы екенін атап өтті. Көп мәселе бірден шешілмейді, бірақ әрқайсысы назарда болып, кезең-кезеңімен қаралуы маңызды.

— Алдағы жылы да осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Қоғамдық қабылдаулар, кездесулер, талқылаулар және күрделі мәселелердің шешімін іздеу. Осы жұмыста бірге жүрген әріптестерге, партияластарға, басқарма өкілдеріне және ең бастысы — сенім білдіріп, проблемасын ашық айтқан тұрғындарға алғысымды білдіремін. Жаңа жыл құтты болсын!- дейді А. Табулдина.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button