Алаяқтық алысқа апармайды

Астанада алаяқтарға тұсау салынды. Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел жұмыстануының нәтижесінде 2025 жылы Астана аумағында интернет-алаяқтық фактісі бойынша 4500-ге жуық қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 1200-ден астам интернет-алаяқтық қылмысы ашылған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
— Айта кету керек, азаматтарға келтірілген шығын көлемі 7 млрд теңгеден асты. Антифрод-орталығымен алаяқтық жолмен алынған 57 млн теңгеден астам қаражат бұғатталды. Сонымен қатар, жедел іс-шаралар барысында 10 «Sim-box» құрылғысы анықталып, тәркіленді. Сондай-ақ екі алаяқтық колл-орталығының жолы кесілді, -деді Астана қаласы ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі, полиция капитаны Айдар Қонысбек.
Айдар Болысбекұлының айтуынша жыл бойы 5 жедел-профилактикалық іс-шара өткізіліп, 2024 жылы – 245, 2025 жылдың нәтижесінде 358 адам ұсталып, 5 қылмыстық топ құрықталған. 1500-ге жуық жалған хабарландыру мен заңсыз интернет-ресурстары бұғаттауға жолданып, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру мақсатында ауқымды ақпараттық науқан жүргізілген.
Айта кету керек, БАҚ пен әлеуметтік желілерде 554 жарияланым жарық көріп, қоғамдық орындарда және LED-экрандарда 212 бейнеролик пен 189 аудиоролик трансляцияланды. Мамандардың жедел жұмыс жасауының арқасында 348 лекциялық сабақ және халық көп жиналатын орындарда 36 акция өткізілген. Сондай-ақ, 50 мыңнан астам жадынама таратылып, 1,8 млн-нан астам абонентке SMS жолданған.



