Басты ақпаратРуханият

Алаш мұрасын жаңғыртқан ғалым

XX ғасырдың басындағы қазақ қоғамының саяси, рухани және ұлттық жаңғыру үдерістерін зерттеу – тарих ғылымының басты бағытының бірі. Бұл салада сүбелі еңбек сіңірген көрнекті тарихшы-ғалым, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Кеңес Нұрпейісұлының есімі ерекше аталады.

Биыл көрнекті ғалымның 90 жылдық мерейтойы кең көлемде аталып өтіп, осыған орай елімізде бірқатар ғылыми іс-шара ұйымдастырылуда. Соның бірі – Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы ұйымдастырған «Кеңес Нұрпейісұлы – қазақ тарихын зерттеуші ғалым, академик» атты тағылымды дәріс және «Дарабоз тарихшы» атты дөңгелек үстел. Іс-шаралар барысында Кеңес Нұрпейісұлының тұлғалық болмысы, зерттеушілік қарым-қабілеті, ұлт тарихына қосқан үлесі, Алаш қозғалысын зерттеудегі еңбектері кеңінен талқыланды.

Қазақстан тарихының көрнек­ті зерттеушісі, Алаш қозғалысы мен ұлттық мемлекеттілік мәселелерін терең зерделеген ғалымның ғылыми мұрасы Алаш қозғалысын деректік негізде зерттеудің бастауы ғана емес, тұтас бір ғылыми мектептің қалыптасуына негіз болған. Ғалымның еңбектері қазақтың ұлттық саяси ой-санасының қалыптасуы мен даму жолдарын нақты деректер арқылы зерделеуге бағытталған.

Алаш қозғалысының тарихи мәнін, оның саяси және рухани мұрасын жан-жақты ашып көрсетіп, ұлт тарихының маңызды кезеңін ғылыми айналымға енгізген алғашқы зерттеушілердің бірі. Ғылыми қызметін КСРО тарихындағы ең күрделі және аса маңызды кезеңнің бірі – ХХ ғасырдың басындағы Қазақстан тарихына арнаған.

Ғалымның тарихи зерттеулерінің басты бағыты – Алаш қозғалысы мен Алашорда үкіметінің қалыптасу тарихы. Осы тақырыпты ол 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдардан бастап терең әрі жүйе­лі түрде зерттей бастады. Бұл тақырыпқа келуінің де терең тарихи негізі бар. Бауыржан Момышұлының Алашты зерттеуіне ой салғаны. Қаһарман батыр бір сөзінде: «Сен халық жауының баласы екенсің, бірақ оның ақиқатын тек Алла біледі. Партия мен кеңес тарихын академик Ақай Нүсіпбеков екеуің жазып бітірген шығарсыңдар. Енді Алаштың тарихына баруларың қажет, ұлттың шынайы ақиқаты сонда жатыр» деп, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы туралы бастапқы мәліметтер беріп, бағыт-бағдар көрсеткен. Берілген бағыт пен көрсетілген жолдан таймастан Ермұхан Бекмахановтың өмірі мен ғылыми қызметін қазақ тарихының күрделі кезеңдерін зерттеуге арнады. Бекмахановтың бізге жеткен мұрасы – ұлттық тарихтың мазмұнын тереңдететін, шындықты айқындауға бағытталған құнды деректер.

Алаш қозғалысы Кеңес Нұрпейісұлының еңбектерінде ұлттың саяси дербестікке ұмтылысын білдіретін, тарихи әділеттілік пен қоғамдық жаңғыруға негізделген құбылыс ретінде сипатталды.

Кеңес Нұрпейісұлы зерттеу­ші ғана емес, білікті ұстаз да болған. Көптеген жас ғалымға жол ашып, тарихты жаңаша жазудың методологиясын көрсетті. Жетекшілігімен шамамен 50 кандидаттық және 10-нан астам докторлық диссертация қорғалған. Отандық тарих ғылымының бірнеше буынын тәрбиелеп шығарған. Шәкірттері қазіргі таңда еліміздің жетекші жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелерінде қызмет етуде. Бұл – нағыз ғылыми мектептің үлгісі. Ғалымның еңбектері өткенді саралау емес, бүгінге бағыт беретін рухани бағдар ретінде де бағалы.

2017 жылы Кеңес Нұрпейісұлының туыстары оның жеке кітапханасын – 3193 кітаптан тұратын құнды рухани мұрасын Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасына ресми түрде сыйға тартты.

Бірегей үлгі – ғалымның саналы ғұмырында жинаған ғылыми-танымдық қазынасының айқын көрінісі. Аталған кітап қоры қазақ тарихы, әдебиеті, мәдениеті, философиясы мен техникалық ғылымдар бағытында жазылған сирек еңбектер мен монографияларды қамтиды. Жинақ толықтай кітапхананың электрондық каталогына енгізіліп, қазіргі таңда барлық оқырман мен зерттеуші қауым үшін ашық әрі қолжетімді.

Кітапхана құрылымының жан-жақтылығы ғалымның зияткерлік дүниетанымының кеңдігін аңғартады. Тарихпен шектелмей, әдебиеттану, философия, тіл білімі, техникалық ғылымдар, энциклопедия­лық басылымдар мен салалық анықтамалықтарға да ерекше мән берген.

Қор – ғалымның ғылыми қызығушылығы мен көпқырлы танымының дәлелі ғана емес, кейінгі буын зерттеушілер үшін баға жетпес рухани әрі академиялық ресурс.

Өткеннің шежіресі ғана емес, болашаққа бағдар беретін, тарихи танымды тереңдететін баға жетпес ұлттық қазына. Келешек ұрпақ үшін де аса маңызды рухани әрі танымдық ресурс ретінде өз өзектілігін ешқашан жоғалтпақ емес.

Жеке кітап коллекциясының кітапхана қорына тапсырылуы – бір адамның еңбегін сақтау емес, тұтас бір ғылыми дәстүрдің жалғасы. Кітаптардың ашық қорда сақталуы тарихшыларға, магистранттар мен докторанттарға Алаш, кеңестік дәуір, ұлттық қозғалыс секілді тақырыптарды терең зерттеуге мүмкіндік береді. Бүгінде бір отбасының немесе ғылыми шеңбердің аясында сақталып келген дүниелер халық игілігіне айналды.

Ұлттық ғылым академиясының академигі дәрежесіне дейінгі күрделі кезеңдер мен сан қырлы ғылыми қызметпен ұштасқан өмір жолында жинақтаған еңбектері мен жеке кітапханасының бүгінде елордадағы іргелі кітапхана қорында сақталуы зерттеушілер мен оқырмандар үшін құнды дереккөзге айналып отыр. Бұл қор «Алашорда» автономиясының тарихын зерттеуге арналған ғылыми бағыттың қалыптасуына ықпал еткен орталықтардың бірі ретінде тұрақты жұмыс атқаруда.

Ғалым өмірден озса да, ғылыми-ұйымдастырушылық қызметі мен тарихи мұрасы, тарих ғылымына қосылған өзіндік үлесі бар бағалы туындылары артында қалған шәкірттеріне баға жетпес мұра болып қалары сөзсіз. Ғылымдағы адалдық қағидатын келешек ұрпаққа мұра етті. Тәуелсіздік алғаннан кейін қазақ елінің ең бір қасіретті тарихына бетбұрыс жасап, тың соқпаққа түрен салып ұлт мүддесін жазуы – зият зиялылық. 90 жылдық мерейтой – тек құрмет көрсету емес, есімі ұлт жадында сақталған ғалымның мұрасын жаңа буынға танытудың тағы бір мүмкіндігі.

Балжан ЕРКЕБАЕВА,

ҚР Ұлттық академиялық кітапхана қызметкері

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button