Академия магистранттары көшпелі дәріске қатысты

Жоғары Сот Кеңесі жанындағы Академия магистранттары «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) Сотында өткен көшпелі дәріске қатысты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
Кездесу барысында қатысушылар АХҚО Сотының құқықтық мәртебесімен, оның қызмет ерекшеліктерімен және сот төрелігін жүзеге асыру тәртібімен танысты.
АХҚО Соты — ағылшынның жалпы құқығы қағидаттарына негізделіп әрекет ететін тәуелсіз орган.
Магистранттарға АХҚО Сотының юрисдикциясына қатысты мәселелер түсіндірілді. Атап айтқанда, ол:
▪ АХҚО қатысушылары, АХҚО органдары және (немесе) олардың шетелдік қызметкерлері арасындағы дауларды;
▪ АХҚО шеңберінде жүзеге асырылған және оның құқығымен реттелетін операцияларға байланысты дауларды;
▪ тараптардың келісімі бойынша оның юрисдикциясына берілген өзге де дауларды қарауға уәкілетті.
Тыңдаушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, халықаралық тәжірибеде коммерциялық және инвестициялық дауларды шешу тетіктері туралы білімдерін тереңдетуге мүмкіндік алды.
Халықаралық тәжірибені зерделеу Жоғары Сот Кеңесінің басшылығымен жүзеге асырылатын Академияның білім беру қызметінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Көшпелі дәрістер, оның ішінде АХҚО Сотына бару, магистранттарға сот төрелігінің заманауи модельдері мен коммерциялық және инвестициялық дауларды шешу механизмдері жөніндегі білімін тереңдетуге, сондай-ақ болашақ судьялардың тәжірибеге бағдарланған құзыреттерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.




