Айтылған мәселе аяқсыз қалмайды

Бейсенбі күні Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елордада алғашқы құрылған ауданның бірі – Алматы ауданы тұрғындарымен кездесті. Оқушылар сарайына жиылған елдің көкейіндегі сауалдарға жауап беріп, ұсыныстарын тыңдап, көтерілген мәселелер бойынша көпшілік ойын білді. Ал жиын басында аудан әкімі Рүстем Тәуекеловтің атқарылған жұмыстары жайында есебі тыңдалды. Есеп барысында құрылыс, жол жөндеу, абаттандыру, көгалдандыру, жарықтандыру және өзге де жұмыстар айтылды.
Аудан ажарын ашатын жұмыс көп
1998 жылдың мамырында құрылған Алматы ауданының бүгінгі келбетін өткен жылдармен салыстыруға келмес. Өйткені мұнда атқарылған сан жұмыс бар.
«Биыл тұрғындармен 3 рет кездесу өткізіп, 237 өтінішті қабылдадым. Барлық мәселе назардан тыс қалмайды. Қазір ауданда 324 аулаішілік аумақ бар. Осы жылға 71 аула абаттандырылмақ. 42 аулада жұмыстар аяқталды, тамыздың соңына дейін тағы 24 аулада абаттандыруды аяқтаймыз. Ал 25 қыркүйекке дейін тағы 5 аула абаттандырылады. Сондай-ақ аула аумақтарын жөндеу-қалпына келтіру аяқталды. Жалпы биыл барлығы 122 аула аумағындағы жұмыстарды аяқтаймыз» дейді аудан әкімі.
Сонымен қатар ауданда 5 саябақ және 32 кіші саябақ орналасқан. Бұлардың барлығына күтім жасалыпты. Рүстем Тәуекеловтің айтуынша, тротуарлар, тақтайша төсемдер, орындықтар жөнделіп, қоршаулар, жарық бағандары мен шамдар қалпына келтірілген. Ұзақ уақыт бойы жұмыс істемеген қоғамдық дәретханалар да жаңарыпты.
«Осы жылға 15 қоғамдық кеңістік салу жоспарланған, қазір 6 кіші саябақта жұмыс аяқталды, соның ішінде Оңтүстік-шығыс шағын ауданындағы Келес көшесі, Теміржол тұрғын алабындағы Керегетас көшесі, «3 гектар» тұрғын үй кешенің жаны және «Хабар» тұрғын үй кешенінің қарсы бетіндегі кеңістікте жұмыс бітті. Ғ.Мүсірепов көшесіндегі қоғамдық кеңістіктегі жұмыс осы аптада аяқталады. Сондай-ақ Қазақстан футбол федерациясының жанындағы, Абылай хан даңғылының бойындағы «Күйшілер» аллеясы, Есіл өзенінің жағалауындағы және М.Жұмабаев даңғылында қоғамдық кеңістіктерде жұмыс басталса, Оқушылар сарайының айналасын абаттандыру осы айдың соңына дейін аяқталады» дейді ол.
Ресми ақпаратқа сүйенсек, Алматы ауданында жыл басынан бері әртүрлі (үйеңкі, шаған, терек, қарағаш) 3358 ағаш отырғызылған. Жыл соңына дейін 6448 ағаш отырғызу жоспарланыпты. Жалпы биыл аталған ауданда жалпы 9806 ағаш егіледі.
Әкімнің сөзінше, жасыл желектерді күтіп-ұстау және тиісті түрде баптау мақсатында ауданда 14 автоматтандырылған суару жүйесі жұмыс істейді. Биыл оның 6-уы қалпына келтірілген. Нәтижесінде суару алаңы 307,8 мың шаршы метрден 600 мың шаршы метрге дейін 2 есе ұлғаяды.
Инфрақұрылым тартуда іркіліс жоқ
Аудандағы өзекті мәселенің бірі – көшелерді, саябақтарды және аулалардың ішін жарықтандыру. Жыл басынан бері бұрын жарық болмаған 30-дан астам мекенжайға жарық жүргізілді. 150-ден астам аулада жарықтандыру жүйесі қайта қалпына келіпті. Жыл соңына дейін аудан аумағы 100% жарықпен қамтылады.
«Қазір Алматы ауданында 51 құрылыс нысаны жүргізілуде. Мысалы, М.Төлебаев және І.Жансүгіров көшелеріндегі 2 «Келешек мектептерінің» құрылысы жаңа оқу жылының басына дейін аяқталады. Мұнан бөлек, М.Төлебаев көшесінде орналасқан тұрғын үй кешенінің жанынан Оқушылар сарайының құрылысы жүрсе, «Қазақстан» спорт кешені қайта жаңғыртылуда. Екіншіден, жол инфрақұрылымы бойынша биыл бірқатар орташа жөндеу жұмысы атқарылды. Атап айтсақ, Абылай хан, Тәуелсіздік, М.Жұмабаев даңғылы және Амман көшесі жөндеуден өтті. Қазір М.Жұмабаев даңғылында жол жөндеу жұмысы жалғасуда, ол аяқталғаннан кейін Қажымұқан көшесінде жөндеу басталады» дейді аудан басшысы.
Шұңқырды жөндеу жұмыстары 74 көшеде, 500-ден астам учаскеде жүргізілген, 28 аулаішілік аумақта жұмыс атқарылып, тағы 14 аумақта қосымша жөндеу басталған.
«Біздің ауданда 281 аялдама кешені орналасқан. Оның ішінде 40 жылы аялдама бар. Енді қосымша 17 жаңа жылы әрі жайлы аялдама павильонын қою жоспарлануда. Айта кетейік, ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету және аумақты уақытылы тазалау үшін 21 мердігер ұйым тартылды. Бұл жерде 12 ұйым көшелерді, 9 ұйым аулаларды тазалаумен айналысуда» дейді Рүстем Тәуекелов.
Әр мәселенің шешімі болады
Аудан әкімінің баяндамасынан кейін Оқушылар сарайының арнайы залында микрофондар қосылып, тұрғындардың сұрақтарына қала әкімі Жеңіс Қасымбек пен аудан әкімі Рүстем Серікұлы жауап берді. Кездесуде көтерілген мәселелердің дені – тұрғын үй кезегі, коммуналдық-шаруашылық және әлеуметтік сұрақтар, Алматы ауданына қарасты инженерлік-инфрақұрылымдық жобалар, газдандыру саласы, білім мен денсаулық, тұрғын үй кезегі, инватакси жайы, шағын көшелерде бейнебақылау орнату, веложолдарды жөндеу мен көбейту және т. б.
Кәсіпкерге қандай қолдау бар?
Айталық, жиынға келген тұрғынның бірі кәсіпкерлік саласына қатысты қолдау болмай жатқанын айтып шағымданды. Ол «Астана» ӘКК АҚ арқылы 2024 жылы жер телімін «Көше саудасына – 1000 орын» жобасымен алып, сауда павильонын салмақ болады. Алайда жергілікті тұрғындардың қарсылығынан соң Алматы ауданынан жер берілмей, Есіл ауданынан қарастыруға уәде беріледі.
«Мен осыған сеніп, 2 млн теңгеге павильон істеттім. Бірақ ол жер тағы берілмеді. Кейін Нұра ауданынан жер бөлінді. Сондай-ақ «Астана» ӘКК АҚ маған қала сәулетіне сай павильон орнату керектігін ескертті. Оны да орындап, 5 млн теңге өз қаражатыма тағы павильон істеттім. Ал осыдан 2 апта бұрын құжат бойынша рәсімделген жерге оны орнатып, 3 млн теңгеден астам қаржыға тауар әкелдім. Келсем, орнатқан павильоным жоқ. Нұра ауданы әкімдігінен еш ескерту болмады. Айыппұл тұрағына алып кеткенін кейін білдім. Ал «Астана» ӘКК мамандары тағы да тұрғындар қарсылығы деп жауап берді. Мен жалғызбасты ана әрі бір отбасының асыраушысы ретінде көмек сұраймын» деді ол жиында.
Шаһар әкімі Жеңіс Қасымбек бұл мәселені өзі назарда ұстайтынын және кәсіпкерді жұма күні өтетін жеке қабылдауына шақырды. Аталған мәселені сол жерде Нұра ауданы әкімімен бірге талқылау керектігін түсіндірді.
«Жалпы бұл мәселе бойынша сізге міндетті түрде көмек береміз. Мұндай жағдай тұрақты бақылауымда болады. Ал қазір бұл бағдарлама тоқтағанын өзіңіз білесіз. Ал сіз сияқты бұрыннан кәсіпкерлікте келе жатқандардың жұмысы аяқсыз қалмайды» деп ашып айтты қала әкімі.
Бейнебақылау камералары қойылады
Мұнан соң аудандағы Іле көшесінің тұрғындары газ трубаларына қатысты сұрақ қойды. Мұндағы мәселе – «көгілдір отын» жүретін трубалардың жерге көму тереңдегінің таяздығы (60 см), сондай-ақ газ жүргізу кезіндегі жолдардың қайта-қайта бүлінуі. Екіншіден, осындағы кәріз құбырлары (Ш.Құдайбердіұлы – Абылай хан даңғылдарының аралығы) еш тиісті мекеменің балансында жоқ. Олай болмаған соң ешкім оны тазаламайды. Ал тұрғындар аталған құбырды өз ақшасына тазалатып жүр.
«Аталған мәселеге қатысты тиісті мекеме басшылығын шақырамыз. Тексеріс жүргізіп, тұрғындармен қайта сөйлесу керек» деген Жеңіс Қасымбек өз жауапты орынбасарына сол жерде мәселені шешуге тапсырма берді.
Аудандағы Оңтүстік-шығыс бөлігінің тұрғыны Өсербай Ғабиденұлы Ш.Құдайбердіұлы мен Есіл, сондай-ақ Хантау мен Есіл көшесінің қиылысында үлкен жүк көліктеріне тыйым жоғын мәселе етіп көтерді.
«Арнайы үлкен көліктердің жүруіне тыйым салынған жол белгісі тұр. Бірақ оны ескеріп жатқан жүргізуші жоқ. Бұл жерге бейнебақылау орнатса деген тілегіміз бар» дейді ол. Ал Жеңіс Қасымбек аталған мәселенің жыл соңына дейін орындалатынын айтты.
«Жалпы биыл тиісті компаниямен келісімшартқа сәйкес жыл соңына дейін қосымша 20 мыңнан астам бейнебақылау камерасы орнатылады. Соның ішінде осы ауданға да, осы сіз айтқан көшеде де қарастырылады. Әкімге мен тапсырма беремін. Бұл жұмыстарды желтоқсан айында аяқтап, камераларды іске қосуды жоспарлап отырмыз» деді елорда әкімі.
Бұдан бөлек, кездесуде мүгедек баласы бар, жалғызбасты ана Қымбат Керейбай инватакси, қаладағы дәріхана мен дүкендерге кіру кезіндегі пандустардың тым аздығын жария етті. Сондай-ақ жеке қабылдауға сұранған ол, өзінен бөлек, осындай балаларды тәрбиелеп отырған аналардың ұсынысы барын жеткізді. Ал қала тұрғынын жеке қабылдауға келіскен шаһар басшысы пандус пен инватакси мәселесін назардан тыс қалдырмады.
«Қазір қалада 129 инватакси бар. Өзге өңірлерден көп. Біз 2 жылда мұның санын 3 есе көбейттік. Оған бөлінетін бюджетті көтердік. Мәселе бойынша қосымша ұсынысыңызды беріңіз. Ал пандусқа келсек, қазір салынып жатқан жаңа құрылыстарда пандустар міндетті түрде бар. Ал бұрынғы салынған нысандарда жоқ екеніне келісуге болады. Алдағы кездесуде мұны сізбен бірге талқылаймыз» деді Ж.Қасымбек.
Аудандағы Nova rich тұрғын үй кешенінің тұрғыны Гүлназира Ілесбаева паркинг үстіндегі суағардың кемшілігін, жаңбырлы күні оның үсті көлшікке айналатынын жеткізді. Қала басшысы тиісті мекемеге жағдайды шұғыл зерттеуді, жұмыстың орындалуын тездетуді қатаң жүктеді.
Айта кетейік, кездесуде Жеңіс Қасымбек аудан әкімі Рүстем Тәуекеловке айтылған әр түйінді мәселемен тиянақты жұмыс жүргізуді тапсырды. Сондай-ақ ұсыныстар мен сұрақтар бойынша тиісті салалық басқарма басшыларына да тапсырмалар берілді.
Ержан ҚОЖАС