Мәдениет

Айтматовтың «Жәмиласы» — мюзикл жанрында

Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында Т. Сатылганов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының гастрольдік қойылымы Ш. Айтматовтың «Жамийла» мюзиклі көрсетілді. Қазақстанның бас драма сахналарының бірінде ұсынылған бұл туындыға театртанушы тұрғысынан қарағанда, оның жанрлық табиғаты мен орындаушылық форматы арасындағы алшақтық бірден көзге түседі.

Қойылымды талдау барысында актерлік ойын мен вокалдық орындау арасындағы теңгерімнің музыка жағына ауып кеткені байқалады. Дегенмен, бұл олқылық емес, Токтогул Сатылганов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясының өзіндік шығармашылық қолтаңбасы мен институционалдық табиғатынан туындаған заңдылық. Мұнда актерлік шеберлік классикалық драма театрындағыдай психологиялық иірімдермен емес, вокалдық интонация мен музыкалық фразалар арқылы көрініс табады. Филармониялық эстетика шеңберінде кейіпкердің ішкі күйзелісін сөзбен немесе мимикамен емес, дыбыстың бояуымен жеткізу — басты талап. Қойылымның басты жетістігі — оның үздіксіз темпоритмінде. Әсіресе, Данияр (Курал Чокоев) бейнесінен Ш.Айтматов сипаттаған шынайылық пен тереңдік айқын танылды. Оның академиялық мінсіз дауысы кейіпкердің ішкі асқақтығына нұқсан келтірмей, керісінше, Даниярдың мұңлы тағдыры мен өр рухын аша түсетін негізгі құралға айналған. Актердің сахналық ұстамдылығы мен «үнсіз» әрекеттерінен соғыстан жаралы оралған, бірақ жаны таза арбакештің сұлбасы дәл табылды.

Спектакльдің ең басты драматургиялық қайшылығы — басты кейіпкердің сахналық статусына қатысты туындайды. Туынды «Жамийла» деп аталғанымен, актриса Айзада Мұқанбеткызы сомдаған Жамийла бейнесі тұтас драмалық тұлға деңгейіне көтеріле алмады. Оның сахнадағы болмысы көбіне вокалдық нөмірлердің аясында қалып, кейіпкер сюжеттің қозғаушы күші емес, тек әуезді ариялардың орындаушысы, «екінші пландағы» бейне ретінде қабылданады. Актрисаның вокалы мінсіз болғанымен, Айтматов прозасына тән Жамийланың ішкі арпалысы, оның әлеуметтік қыспаққа қарсы тұрған батыл мінезі вокалдық «сұлулықтың» тасасында көрінбей қалды.

Оқиғаның бүкіл драмалық жүгі мен эмоционалдық салмағы Сейіттің (әсіресе кішкентай Абил Байгазиев) субъективті сезімдеріне ауысып кеткен. Сейіт пен Жамийла арасындағы байланыста Әбіл Байғазиев өзінің актерлік пәктігімен, жеңгесіне деген кіршіксіз құрметімен серіктесін «сүйреп» шыққандай әсер қалдырады. Жамийланың Сейітке деген қарым-қатынасынан гөрі, Сейіттің Жамийлаға деген балалық махаббаты мен қызғанышы көбірек сезіледі. Бұл сахналық ансамбльдегі дисбаланс Жамийланың ішкі әлемін көрермен үшін ашылмай қалған жұмбақ күйінде қалдырды. Ол сахнада бар, бірақ оның тағдыры емес, оның әні ғана үстемдік құрады.

Қойылымның визуальды бейнесінде сценографиялық минимализм басым. Сахнадағы интерактивті қабырға арқылы ауысып отыратын картиналар оқиғаның атмосферасын толықтырғанымен, негізгі жүк жалғыз ағаш реквизитке түскен. Бұл көпфункционалды нысан әрі арба, әрі кейіпкерлердің ішкі зарын төгетін биік мінбері ретінде қызмет етті. Бір ғана деталь арқылы бүкіл ауылдың тұрмыс-тіршілігін бейнелеу — режиссер Болот Тентимышовтың ұтымды шешімі. Алайда, осы декорация үстінде Жамийла мен Даниярдың махаббаты біртіндеп дамығанымен, Жамийланың Даниярға деген сезімі  драмалық әрекеттен гөрі, тағы да вокалдық интонациялар арқылы ғана ишараланғандай әсер қалдырды.

Т. Сатылғанов атындағы Қырғыз ұлттық филармониясы ұсынған «Жамийла» мюзиклі — бұл классикалық прозаның музыка тіліндегі өрелі жаңғырығы. Қойылымның басты құндылығы — оның вокалдық мінсіздігі мен музыкалық ағынының үзілмеуінде, сондай-ақ Сейіт пен Жамийла арасындағы нәзік серіктестік пен Данияр бейнесінің Айтматовтық рухқа сай ашылуында.

Дегенмен, театртану тұрғысынан қарағанда, басты кейіпкер Жамийланың драмалық тұрғыдан «екінші планда» қалып қоюы — режиссерлік концепцияның басты қайшылығы ретінде көрінеді. Бұл туынды Жамийланың жеке трагедиясынан гөрі, Сейіттің жадында сақталған, әсем әнмен көмкерілген сағыныш реквиеміне көбірек ұқсайды. Бір ғана көпфункционалды реквизит пен интерактивті шешімдердің көмегімен тұтас дәуірдің картинасын жасау — филармониялық ұжымның креативті ізденісін айқын көрсетті.

Қорыта айтқанда, Қаллеки театрының сахнасында өткен бұл кеш көрерменге рухани дем сыйлаған, эстетикалық тұрғыдан таза дүние болды. Актерлік ойынның вокалдық қуаттың тасасында қалуы секілді жанрлық ерекшеліктерге қарамастан, қырғыз өнерпаздары мюзикл жанрының биік эталонын паш етті. Бұл — Шыңғыс Айтматовтың өлмес мұрасына жасалған сауатты әрі көркем реверанс.

Нұрсая Қайрат.

К.Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің 3-курс студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button