Қала мен сала

Айналаң таза болған қандай жақсы…

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2024 жылдың 8 сәуірінде бастау алған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы биыл да жалғасын табуда. Президент негізін қалаған бастаманың мәні – жаңа экологиялық мәдениетті қалыптастыру, сол бағытта қоғамдық сананы өзгерту.

Аталған акция аясында қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру, ағаш отырғызу және аумақтардың санитарлық жағдайын жақсарту бағытындағы іс-шаралар халықтың белсенді қатысуымен еліміздің барлық өңірінде өткізіліп келеді. Бастама арқылы Қазақстан үздік халықаралық тәжірибеге сүйенеді, атап айтқанда, Жапония үлгісін өнеге етеді. Бұл мемлекетте көшелердің тазалығы, қалдықтарды сұрыптау және табиғатқа ұқыпты қарау ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған. Экология­лық менталитеті дамыған елдерде мемлекеттік саясат ерте жастан тәрбиелеуге, жеке жауапкершілікке және қоғамдық кеңістікке құрметке негізделеді. Қазақстан да дәл осындай модельге ұмтылып, мектептер мен ЖОО-да экологиялық білім беру жүйесін енгізіп, волонтерлікті дамытуда, сондай-ақ осы бағыттағы ғылыми жобаларды қолдап, тәрбие бағдарламалары арқылы құндылықтарды қалыптастыруда.

Экология және табиғи ресурстар министрлігінің деректеріне сәйкес, «Таза Қазақстан» бастамасы аясында барлығы 1 294 іс-шара өткізіліп, 844 мың тонна қалдық жиналған, 1 млн гектар жер тазартылып, 2,9 млн ағаш отырғызылған. Аталған іс-шараларға 6,9 млн адам қатысқан.

Ал Астанада былтыр осы акция шеңберінде 800-ден астам экологиялық іс-шара өткізіліп, оларға 627 мыңнан астам қала тұрғыны қатысқан, бұл қала халқының шамамен үштен бірін құрайды. Сонымен қатар 120 мың тоннаға жуық түрлі қоқыс шығарылған. Су нысандарын қалпына келтіруге ерекше назар аударылған, яғни Есіл өзені, Нұра-Есіл арнасы, Ақбұлақ, Сарыбұлақ және Кіші Талдыкөл жүйесі қалпына келтірілген. Заманауи биомелиорациялық технологияларды қолдану арқылы су айдындарынан 3 мың тоннадан астам әртүрлі қалдықтар шығарылған. Елорда әкімдігінің хабарлауынша, өткен жылы негізінен ірі көлемді ағаштар мен көпжылдық бұталардан тұратын 1,1 миллионнан астам өсімдік отырғызылып, бұл қалалық экожүйенің тұрақтылығына ықпал еткен. Саябақтарды, жағалауды, аллеяларды және негізгі даңғылдарды абаттандыру жобалары жүзеге асырылған.

Жақында Премьер-министр Олжас Бектенов қоршаған ортаны қорғау нормалары жаңа Конституцияда бекітілгенін және экологиялық жауапкершілік негізгі конституциялық қағидатқа айналатынын атап өтті.

– Қоршаған ортаны қорғау және табиғатқа ұқыпты қарау нормалары Ата заң деңгейінде бекітілді. Оларды іске асыру Президентіміздің экологиялық ахуалды жақсартып, халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруды көздейтін «Таза Қазақстан» бастамасын қолдау­ға бағытталған. Бұл орайда экологиялық жауапкершілік нақты құқықтық міндеттемелермен бірге негізгі конституциялық қағидатқа айналады. Экология министрлігі 1 сәуірге дейін Экологиялық кодекске тиісті түзетулерді Парламентке енгізсін, – деп атап өтті Премьер-министр.

Биылғы Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында қоршаған ортаны қорғауда цифрлық технологияларды қолдануға ерекше назар аударылуда. Осы ретте Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев «Қоршаған орта және табиғи ресурстардың жай-күйі туралы Ұлттық деректер банкі» жобасы жүзеге асырылғанын баяндады. Қалдықтарды басқару саласында EcoQolday цифрлық платформасы жұмыс істейді. Сондай-ақ бүгінде орман өртін ерте анықтау жүйесі енгізілуде, су тасқыны жағдайын болжау үшін «Қазгидромет» деректерімен интеграцияланған Tasqyn жүйесі қолданылуда. Қазақстанның ерекше қорғалатын табиғи аумақтарындағы бақылау-өткізу пункттерін автоматтандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Табиғи ресурстар саласында Tabigat.gov.kz. интерактивті карта іске қосылды. Жасанды интеллект және цифрлық даму бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкин ғарыштық мониторинг арқылы 2025 жылы 3 828 заңсыз қалдықтар жиналатын орын және 1 мыңнан астам қоқыс полигоны тіркелгенін баяндады. Жасанды интеллект пен қолда бар есептеу қуатын пайдалана отырып, кешенді тәсілдің қажеттігі атап өтілді. Цифрлық шешімдер енгізу «Таза Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асырудың ашықтығын, бақылау тиімділігін арттырады.

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова халықтың экологиялық мәдениетін қалыптас­тыру үшін «Таза Қазақстан» құндылығына баса назар аудара отырып, мектептерден бастап жоғары оқу орындарына дейінгі барлық деңгейде экологиялық ағартудың бірыңғай стандартын әзірлеудің басталғаны туралы айтты. Осы ретте өңірлерде «Жасыл ел» бағдарламасы, «Жасыл клубтар» жобасымен қатар мектеп және мектептен тыс форматтар дамуда. Соған қоса ProEko экологиялық жобалар байқауы, «Жасыл балабақша» экологиялық бағыттағы мектепке дейінгі ұйымдар желісін дамыту жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ «Мен зерттеушімін» республикалық конкурстары, «Табиғатты аяла» жас экологтар форумы өткізіліп, ел өңірлерінде экологиялық акциялар, еріктілерге арналған оқыту семинарлары мен форумдар ұйымдастырылуда. Азаматтарға абаттандыру мәселелері мен экологиялық бұзушылықтар туралы хабарлауға мүмкіндік беретін @TazaQazBot телеграм-чат-боты арқылы өтінім беру сервисі жұмысын жалғастыруда. 2025 жылдың қыркүйегінен бері Астанада экологиялық мәдениетті дамытуға және қалдықтарды бөлек жинау тәжірибесін ілгерілетуге бағытталған алғашқы Эко-хаб жұмыс істей бастады.

Ғылым және жоғары білім вице-министрі Гүлзат Көбенова қазіргі уақытта барлық ЖОО-да экологиялық клубтар, студенттік экожасақтар құрылып, «Велосипед күні» өткізіліп жатқанын баяндады. Қоқысты бөлек жинау жобасы аясында 26 университетте бокстар мен биг-бэгтер орнатылып, қайта өңдеуге 36 тоннадан астам пластик жиналды.

Мәжіліс депутаты Сергей Пономарев «Президенттің «Таза Қазақстан» бағдарламасы әрбір азамат үшін экологияны қорғау­дың қаншалықты маңызды екенін іс жүзінде көрсетті» деп атап өтті.

– Біз – Қазақстан халқы біртұтас ұлтпыз және таза, тұрақты, жайлы елде өмір сүргіміз келеді, мемлекеттік басқаруды мықты ете отырып, Қазақстан деген тарихи жерімізде өмір сүреміз. Табиғатқа қамқорлық жасаудың маңызын конституциялық түрде бекіте отырып, біз қазіргі және болашақ ұрпақ алдында жауапкершілік танытамыз, – деді депутат.

Экологиялық акция басталғалы полиция қызметкерлері елордада 83 мыңнан астам заң бұзушылықты анықтады. Қоқысты заңсыз тастау, рұқсат етілмеген жерлерге ағынды суларды төгу, қоршаған ортаны ластауға байланысты басқа да заң бұзушылықтар басты назарда болды. Өткізіліп жатқан іс-шаралар халықтың экологиялық жауапкершілігін арттыруға, азаматтарды табиғат қорғау қызметіне тартуға және қоғамда экологиялық жауапты мінез-құлықты қалыптастыруға септік етуде.

Райхан Рахметова

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button