Айфон ұстау абырой ма?

Қазір қоғамда құндылықтар түбегейлі өзгерді. Тіпті адам жанының, рухының, адамдық қадір-қасиетінің құны да арзандап барады. Өйткені бүгінде көпшілік үшін басты байлық – арзан абырой, мәнсіз атақ пен жылтыраған сыртқы көрініс.
Қарапайым халықтың күнделікті өміріне қарап-ақ, сол ұлттың мәдениетін, қоғамның әлеуметтік деңгейін және мемлекеттің жалпы әлеуетін аңғаруға болады. Ендеше қазақ бай ма, кедей ме? Оның жауабын да алыстан іздеп керегі жоқ.
Әдетте, автобусқа мінсеңіз, жолаушылардың басым көпшілігі қолына соңғы үлгідегі iPhone ұстап алғанын көресіз. Сосын «Қымбат телефон, бренд киім киген бұл адамдар неге қоғамдық көлікпен жүр? Егер тұрмысы айфон ұстауға лайықты болса, неге жеке көлікпен жүрмейді?» деген ойға қаласыз…
Мүмкін шынымен де жағдайлары жақсы, бай болғаннан кейін, қарапайымдылығын көрсетіп, автобуспен жүрген шығар деп тағы ойланасыз. Бірақ сол адамдардың кейбірі кейде біреуге хабарласып: «мың теңге салып жіберші» деп немесе өзіңе келіп «интернетімнің тарифі бітіпті, Wi-Fi қосып жіберші» дегенін естігенде аярыңды да, мүсіркеріңді де білмейсің…
Әрине, қымбат телефон ұстау – күнә емес. Бренд киім кию де артықтық емес. Бірақ олар иесіне қызмет етуі керек. Айналып келгенде, сен алған материалдық дүниеңнің қарызын қайтарып, оған құл болып қызмет етпе, қайта материалды өзіңе қызмет еткіз. Ал егер тек елдің көзіне жақсы көрінуді ойлап, ай сайын сол үшін қарызға батып, несие төлеп отырсаң, бұл адасушылық.
Тұрақты жұмысы немесе бір кәсібі жоқ кей жастарға қарап тұрсаң қазір қарыздану ұят емес, бірақ қымбат телефон ұстамау ұят секілді. Бұл – рухани жұтаңдықтың, жалған беделге ұмтылудың ең қауіпті түрі. Ауылдағы ата-анасы қара шай мен қара нанмен күнелтіп отырса, баласының қалада солардың соңғы тиынын жинап, айфон мен бренд киім алуға жұмсауы және сол арқылы өзін «заманға сай», «заманауи адам» сезінуі – ұят іс. Мұның түп-төркіні – тәрбие мен санада. Егер жастардың бойына дұрыс құндылық дарытпасақ, рухани байлықтың не екенін ұқтырмасақ, ертеңгі ұлттың болашағы туралы не айтасыз?
Сондықтан, ойланайық. Нағыз абырой – айфонда емес, адамдықта. Сенің мәдениетің мен біліміңде. Нағыз сән – шетелдік киімде емес, жүректегі ізгілік пен адал еңбекте.
Шапағат ӘБДІР



