Айбозым, айхай бозым

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Еңбек Ері Қайрат Байбосыновтың 75 жас мерейтойына арналған «Айбозым, айхай бозым» кеші өтті.
Әйгілі әнші, ұстазды Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбектің атынан қала әкімінің орынбасары Есет Байкен құттықтап, қала басшысының ыстық ықыласы мен жүрекжарды лебізін жеткізді. Қазақы дәстүрмен иығына шапан жапты.
«Құрметті Қайрат Әукенұлы! Сізді 75 жылдық мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Өнер мен мәдениет саласында ұзақ жылдар бойы абыройлы еңбек етіп, мәдениеттің дамуына өлшеусіз үлес қосып келесіз. Шығармашылық жолыңыздағы табандылық пен кәсіби шеберлігіңіз өскелең ұрпаққа үлгі. Өнерге деген адалдығыңыз бен азаматтық ұстанымыңыз сізді көптің құрметіне бөлеп, мәдени өмірдің өркендеуінде айрықша із қалдырды. Сізге зор денсаулық, шығармашылық шабыт, қажымас қайрат, отбасыңызға амандық, бақ пен береке тілеймін! Әрдайым еңбегіңіз еленіп, абыройыңыз арта берсін!» делінген Астана әкімінің құттықтауында.
Қайрат Байбосынов бала жасынан өнерімен ел мен белгілі тұлғалардың көзіне түсті. 15 жасында атақты Нұрғиса Тілендиев салған әнін тыңдап, батасын берді. Мәдениет пен өнер қайраткері Жексенбек Еркінбековтің шақыруымен Алматыға оқуға аттанып, ән алыбы Жүсіпбек Елебековтен дәріс алды. Нұрғисаның ықпалымен бар болғаны 19 жасында қазақ киносының классикасына айналған «Қыз Жібек» фильмінде ән салды.
Қызметін «Гүлдер» ансамблінен бастады. Одан кейін ұстаздыққа бет бұрып, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында профессор, кафедра меңгерушісі, Ж.Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің директоры болды. 2009 жылы Астанаға көшіп келіп, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде «Халық әні» кафедрасының негізін қалап, басқарды. Қазір де осы оқу орнында сабақ береді. Қырық жылға жуық ұстаздық еңбегінде талай шәкірт тәрбиеледі. Солардың арасында Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова сынды шәкірттері халық әртісі атанды. «Айбозым, айхай бозым» кешінде осы және басқа да шәкірттері, немере шәкірттері ән әуелетіп, қазақ өнерінің мәртебесін, ұстаз мерейін асырды.
Атамұра өнерді өзгеше өрнегімен, бедерлі бояуымен байытқан Қайрат Байбосыновтың репертуарында халық әндері, халық композиторларының туындылары, ХХ ғасырдағы танымал композиторлардың әндері, жалпы 500-ден астам шығарма бар. Міне, сол шығармалардың біразы кеште әуеледі. Атап айтқанда, «Балқурай», «Қарагөз», «Аққұм» секілді халық әндері, Балуан Шолақтың «Ғалиясы», Ақан серінің «Мақпалы», ұлы Абайдың «Сегіз аяғы», Қанапияның «Қанапиясы», Үкілі Ыбырайдың «Гәккуі», Шаманың «Шамасы», Сәкеннің «Тау ішіндесі», Иса Байзақовтың «Желдірмесі» шарықтады. Нұртуған мен Сүгірдің термелеріне, Мырзатай Жолдасбековтің «Қосбасар» күйіне де орын табылды.
Қайрат Байбосыновтың репертуарында осы кешке атау берген «Айбозым» әні ерекше орын алған. Осы туындыны белгілі әнші Жақсыкелді Кемалов әуелетті. Бұған қоса, жоғарыда аттары аталған Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова, Нұрай Танабаев, Ырысты Сүлейменова, Сержан Мұсайын, Ерлан Рысқали, Медет Салықов пен Клара Төленбаева, Ершат Қайырхан, Елмұра Жаңаберген, Нұржан Жанпейісов, Еркін Шүкіман, Ардақ Исатаева, Айтбек Нығызбаев, Өзгеріс Шерікбай, Жақсыгелді Маясаров, Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясының камералық хоры мен «Қорқыт» этно-фольклорлық ансамблі өнер көрсетті.
Кеш Қайрат Байбосыновпен сыр-сұхбат ретінде өрбіді. Оны жүргізген Айтуған Рысалды әйгілі әншіге әулеті, өнердегі ұстаздары, достары туралы, т.б. сұрақтарды қойды. Қайрат Әукенұлы Дәнеш Рақышев пен өзімен бірге оқыған Жәнібеков Кәрменов жайында естеліктерді айтты. Экран арқылы белгілі мемлекет қайраткері Дүйсен Қасейінов құттықтауын жеткізді. Жалпы бұл кеш Қайрат Байбосыновтың ғана емес, қазақ ән өнерінің салтанатына айналды. Жүсіпбек Елебековтен басталған, Қайрат Әукенұлы және оның шәкірттерімен жалғасқан өнер мектебінің ғұмыры мәңгілік екеніне көз жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ
				


