АИТВ инфекциясы және адам құқығы

Дүниежүзінде АИТВ жұқтырған адамдардың құқықтарының жеткіліксіз қорғалуы өмір сүру сапасын едәуір төмендету мәселесіне айналуы мүмкін. Керісінше, бұл адамдардың құқықтарын қорғау арқылы инфекциядан құтылуға немесе егер жұқтырған жағдайда АИТВ инфекциясын барынша сәтті жеңуге көмектеседі.
АИТВ әлеуметтік-экономикалық қауымдастықтар арасындағы қарым-қатынасты бөлім желісі арқылы тереңдетеді. Бүкіл әлемде АИТВ/ЖИТС-нан негізгі әлеуметтік-экономикалық құқықтарға тең қол жеткізе алмайтын адамдар мен қоғамдастықтар көп зардап шекті. Негізгі құқықтарға қысым жасау адамдардың өз дербестігін қорғау, өмір сүруге қаражат алу және өзін-өзі қорғауды қамтамасыз ету тұрғысынан мүмкіндіктерін шектейді, бұл оларды АИТВ инфекциясының өзіне де, осы індеттің салдарына да неғұрлым осал етеді.
Осы себепті адам құқықтары контексінде эпидемияға баға беру қажет. Эпидемияны осы тұрғыдан қарау пәрменді жауап шараларын қабылдау үшін кейбір алғышарттарды неғұрлым нақты айқындауға мүмкіндік береді. Олар: адам құқықтары саласындағы қолданыстағы халықаралық құжаттарда белгіленген қағидаттарды, нормалар мен стандарттарды ықпалдастыру және осы құқықтарды іске асыру үшін ұлттық және халықаралық құқықтық институттарды пайдалану, теңдік және қатысу қағидаттары адам құқықтарын қамтитын АИТВ инфекциясы бойынша тиімді стратегияны іске асыру үшін негізгі қағидаттар. Егер нақтырақ айтатын болсақ, АИТВ инфекциясын жұқтырған немесе зардап шеккен адамдардың қадір-қасиетін қорғауға тікелей қатысты адам құқықтары саласындағы қағидаттарды мыналар қамтиды: денсаулыққа құқық, ерлер мен әйелдер арасындағы теңдікке құқық, балалар құқығы, жеке өмірге қол сұқпаушылық құқығы, білім алу және ақпарат алу құқығы, еңбек ету құқығы, некеге тұру және отбасын негіздеу құқығы, әлеуметтік қамсыздандыру, көмек және әл-ауқат құқығы, еркіндік және еркін жүріп-тұру құқығы.
«Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының 2020 жылғы 7 шілдедегі №360-VI Кодексінде АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарды әлеуметтік және құқықтық қорғаулар көрсетілген:
– АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдарға білім беру ұйымдарында оқуға, санаторийлік-курорттық ұйымдарда және сауықтыру білім беру ұйымдарында болуына шектеу қойылмайды;
– Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасында белгіленген жағдайларды қоспағанда, еңбек шартын тоқтатуға, еңбек шартын жасасуға, білім беру ұйымдарына және әлеуметтік мекемелерге қабылдауға тыйым салуға, сондай-ақ АИТВ инфекциясын жұқтырған адамдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне нұқсан келтіруге, сол сияқты олардың жақын туыстарының тұрғын үй және өзге де құқықтары мен мүдделеріне нұқсан келтіруге жол берілмейді;
– «АИТВ инфекциясы» диагнозы белгіленген қызметкерлер тері қабаттарының немесе сілемейқабық бүтіндігінің бұзылуымен байланысты емес басқа жұмысқа жұмыс берушінің ауыстыруына жатады;
– АИТВ инфекциясын жұқтыру медицина және тұрмыстық қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамауы салдарынан болған адамдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның орнын толтыртуға құқығы бар.
А.Ахметова,
Астана қаласы әкімдігінің
«АИТВ-инфекциясының алдын алу орталығы» МКҚК дәрігер-эпидемиологы