AI – театрдың алғашқы қадамы – «Жылы мұң»

Астана қаласы әкімдігінің «Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры» жаңа үлгідегі «Жылы мұң» қойылымының премьерасын өткізді. Ерекшелігі – спектакльдің сценографиясы, костюмдік шешімі, музыкалық және көркемдік элементтері толықтай жасанды интеллекттің көмегімен әзірленіп, Қазақстан театр кеңістігінде тың форматтағы алғашқы тәжірибеге айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz
«Жылы мұң» драмасы – 2000-жылдардың атмосферасын беретін, нашақорлықтың адам тағдырына, отбасыға түсіретін қасіретін терең психологиялық деңгейде ашатын әлеуметтік қойылым. Спектакльдің негізгі желісінде ана мен бала арасындағы нәзік те күрделі байланыс, өмірдің жарық пен көлеңкелі сәттерінің ішкі арпалысы суреттеледі.
Бұл туынды жеке адамның трагедиясы ғана емес, тұтас отбасының күйреуіне әкелетін нашақорлықтың қауіпті салдарын көрсетуге бағытталған. Қойылымның режиссері және авторы – Нұржігіт Муслимов.
Премьераны көрермен жылы қабылдап, жасанды интеллекттің сахна тіліндегі жаңалығы өнер саласына жаңа тыныс әкелгенін атап өтті.



