Қала мен сала

Агроқалашық тұрғындарымен кездесті

Бүгінде елорданың Агроқалашық тұрғын алабында 72 мыңға жуық адам тұрады. Сарыарқа ауданына қарайтын аталмыш елді мекен тұрғындарымен аудан әкімі Жанасыл Шәукентаев кездесіп, осында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды.

Оның айтуынша, абаттандыру бағытында өткен жылы 4 аула аумағы кешенді түрде абаттандырылды. Олар Конс­титуция көшесі 14/1, 20/2, К.Байсейітова көшесі 8, Рауан шағын ауданы 19 мекенжай­ларында орналасқан. Биыл тағы 3 аулада және бұрын бос жатқан Шынтас тұйық көшесіндегі бір қоғамдық кеңістікте абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы соңғы 4 жыл ішінде тұрғын алапта 7 қоғамдық кеңістік абаттандырылды.

«Сарыарқа ауданы – қаланың ең жасыл аудандарының бірі. Осы жылдың өзінде тұрғын алаптарда 2760 түп жасыл желек, оның ішінде 1430 ағаш отырғызылды» деген аудан әкімі жарықтандыру және жол инфрақұрылымы мәселелеріне тоқталды.

Қазіргі таңда Агроқалашық тұрғын алабында 87 көше мен тұйық көше жарықтандырылған. Конституция, Қарасай батыр және К.Байсейітова сияқты негізгі көшелерде қосымша шамдар орнатылып, жарық сапасы жақсарды.

Аталмыш тұрғын алапта барлығы 97 көше бар. Оның 68-іне асфальт төселген. Соңғы 3 жылда 24 көшеге асфальт төселді. Биыл орташа жөндеу аясында 5 көшеде жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта
А.Герцен көшесін орташа жөндеу жұмыстары жалғасуда.

«Су тасқынының алдын алу – тұрғындар үшін маңыз­ды мәселе. Соңғы 3 жылда Агроқалашық тұрғын алабында 11 мекенжай бойынша арық-лоток желісі салынды. Жалпы ұзындығы 7 шақырым болатын арық жүйе­сі пайдалануға берілді» деді Жанасыл Шәукентаев.

Тұрғындармен кездесу 3,5 са­ғатқа созылды. Онда халықты мазалап жүрген сұрақтар қойы­лып, тиісті жауаптар берілді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button