Аға сержант Арай

Елдің қауіпсіздігін сақтайтын тәртіп сақшысына, мейлі ол нәзік жан болса да, ер мінезіне қоса, ерекше күш пен қабілет керек. Астана Полиция департаментіне қарасты жедел қызмет бөлімінің аға сержанты Арай Мусина – сондай қызметкер.
Арай – бұл қызмет әйел немесе ер адам екеніңе емес, мінезді қажет ете отырып атқарылатынын күн сайын дәлелдеп жүрген тәртіп сақшысы. 25 жастағы ару ұжымда әріптестерінің құрметіне бөленіп, өзін жылдам және төзімді әрі тез шешім қабылдай білетін жедел уәкіл ретінде дәлелдеп үлгерді.
Көпбалалы отбасында дүниеге келген Арай үйдегі бес баланың үлкені болғандықтан, жастайынан бауырларына қамқор болуда ерекше жауапкершілікті сезініп өсті. Полицияны да мамандығы ретінде саналы түрде таңдады. Педагогикалық колледжде оқып жүргенде өзін тәртіп сақшысының жұмыс формасында елестетіп, полицей киімін кигісі келетінін түсінді. Ол кезде бірден жылдам қимылдайтын арнайы жасақ құрамына өту мүмкін болмады. Ал бүгінде жедел қызмет оның жұмысының өзегіне айналды.
Қазіргі таңда Арай 19 ер адам мен бар болғаны 2 әйел қызмет ететін бөлімшеде жұмыс істейді. Алайда ол дене күші жағынан болсын, шыдамдылық тұрғысынан болсын ерлерден қалыспайды. Оған бұл жағынан мықты болуға спортты серік етуі септік етеді. Себебі ол 17 жылдан бері, яғни 8 жасынан бастап рингте жарысып келеді. Бокс, кикбоксинг және қол күресінен спорт шебері Арай талай рет жекпе-жекке шығып, жеңіске жеткен. Былтыр тамызда Таразда өткен қол күресінен Қазақстан чемпионатында 2-орын алса, осы спорт түрінен VII халықаралық әлем чемпионатында ІІМ атынан қатысып, елге күміс медальмен оралды.
– Жедел қызмет бөліміндегі жұмыс тез ойлап, жылдам шешім қабылдауды ғана емес, шымырлықты, дене күшін қажет етеді. Біздің бөлімшенің тәртіп сақшылары көшедегі қылмыспен күн сайын ұшырасады, сол кезде тонаушылар мен қалта ұрыларын қууға, заң бұзушыларды көшенің ортасында ұстап алуға тура келеді. Сондай кездегі шұғыл қимылдауың мен төзімділігің көп нәрсені шешеді. Бастысы – жылдамдық және тез ойлап, бірден әрекет ету. Жедел қызметте жайбарақат жүру деген болмайды, – дейді кейіпкеріміз.
Арай биыл тамыз айында Атырауда өтетін ІІМ турнирінде елордалық Полиция департаментінің намысын қорғайды. Ал қыркүйекте кикбоксинг бойынша чемпионатқа қатысады. Қазір жұмысына қосымша сол жарыстарға қызу дайындық үстінде.
Полицей қызметін ол маңдайына жазылған мамандық деп санайды. Алда заң саласында жоғары білім алып, әрі қарай кәсіби тұрғыда дамуды көздейді. Арай Мусина жай ғана қызметкер емес. Ол – жаңа дәуірдің спортты серік еткен төзімді де шыдамды, ақылды да мақсатшыл заманауи полициясы.