Ел тынысы

Агенттік жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамдағы алғашқы отырысы өтті

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі жанындағы Қоғамдық кеңестің жаңа құрамы алғашқы отырысын өткізді. Кеңес құрамына Парламент депутаттары, заңгерлер, ғалымдар, қоғамдық белсенділер мен медиа-менеджерлер енген. Отырыста Қоғамдық кеңестің құрылымдық және ұйымдастырушылық мәселелері қаралып, күн тәртібіндегі сұрақтар бойынша тиісті шешімдер қабылданды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Агенттік төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік қызмет пен басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз ету, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында жүзеге асырылып жатқан және жоспарланған жобалар туралы баяндады. Өз сөзінде Агенттік төрағасы Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында айтқан «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңыздылығына тоқталып, шешім қабылдау барысында азаматтардың пікірін ескеру қажеттігін атап өтті. Қоғаммен ашық диалог орнату мемлекеттік органдардың негізгі міндеттерінің бірі.

Сондай-ақ, соңғы төрт жылда мемлекеттік қызмет саласында іске асырылған реформалардың нәтижелері ұсынылды. Атап айтқанда, мемлекеттік грант негізінде оқу орнын үздік аяқтаған түлектерді аудандық және ауылдық деңгейдегі лауазымдарға конкурстық іріктеусіз тікелей тағайындау тетігі енгізілді. Мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қызмет алушылардың құқықтарын проактивті түрде қашықтан мониторингтеу жүйесі іске қосылды.

Іріктеу және қабылдау үдерістерін толық цифрландыру аясында «Е-Қызмет» ықпалдастырылған ақпараттық жүйесі жаңғыртылды. Бұл бастамалар қоғам тарапынан оң бағалануда. Агенттік төрағасы өткен жылы ведомствоға берілген сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыру және үйлестіру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытындағы функциялардың орындалуына да тоқталды. Бұл жұмыстар жүйелі түрде жалғасатынын айтты. Дархан Жазықбай алдағы кезеңде Қоғамдық кеңес мүшелерімен бірлесіп мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілетінін жеткізді. «Біздің мақсатымыз – халыққа ашық, адал қызмет көрсететін, бюрократиядан арылған сервистік мемлекеттік аппарат қалыптастыру», – деді ол.

Қазіргі уақытта Парламентте «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» және сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға қатысты заң жобалары қаралуда. Аталған құжаттар қабылданғаннан кейін мемлекеттік қызмет саласында шамамен 50, ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында 20–30-ға жуық заңға тәуелді актілер әзірленеді. Осыған байланысты Қоғамдық кеңес мүшелеріне аталған нормативтік құқықтық актілерді қарау жұмыстарына белсенді қатысу міндеті жүктеледі.

Отырыс қорытындысы бойынша Қоғамдық кеңес төрағасы әріптестерін заңда белгіленген өкілеттіктер шеңберінде уәкілетті органның бастамалары мен жобаларын ілгерілетуге шақырды. Жиын соңында кеңес мүшелері өз ұсыныстары мен пікірлерін білдіріп, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылдады.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button