Мәдениет

«Әзім әңгімесін» бимен өрнектеді

«Наз» мемлекеттік би театры XXV театр маусымын ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Әзім әңгімесі» атты хореографиялық спектаклімен жапты.

Бұл – би театры репертуарындағы ең құнды, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдердің бірі. Қойылым аталмыш театр директоры Еркебұлан Ағымбаевтың идеясымен сахналанды. Хакім Абайдың «Әзім әңгімесі» поэмасы «Мың бір түн» ертегілерінің бір тарауына негізделіп, өлеңмен жазылды. Алайда аяқталмай қалды. Еркебұлан Мүлікұлы поэманы өз ойымен ұштастырып, режиссерлік шешім арқылы ерекше қойылымға айналдырды.

«Әзім әңгімесі» – ұлттық рух пен заманауи хореографияның үйлескен, көркемдік құндылығы зор туынды. Қойы­лымның негізгі мақсаты – Абайдың рухани мұрасын, терең философиясын би өнері арқылы көрерменге жеткізу. Спектакльде әрбір қимыл, әрбір қадам терең мағыналы, символға толы.

Қойылымның шығармашылық тобына қоюшы хореографтар С.Дүзбаев, А.Беглова, Ұ.Изенаев, М.Байбулова, қоюшы режиссерлер Қадиша Ағымбаева мен инсценировкасын жасаған Еркебұлан Ағымбаев, музыка авторы және музыкамен өңдеуші Қорғанбек Ержан, киім дизайнері «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Ақбота Тоқтасынова кірді.

XXV маусымның аяқталуымен қатар, театр ұжымы жаңа шығармашылық белестерге қадам басып отыр. Жазғы демалыс кезінде театрдың бір бөлігі Қытай Халық Республикасына гас­трольдік сапарға аттанады. Ал демалыс аяқталған соң, театрға жаңадан қабылданған жастар дайындыққа кірісіп, репертуардағы билер мен спектакль партияларын меңгеретін болады.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button