Әз-Наурыз, қандай көркем, сүйікті едің…

Ғалым Жайлыбай
Жарқ-жұрқ еткен жарығым жанар арбап,
Бір жыр жазып қояйын саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ Ай астында –
Айдай жүзіп барады ағараңдап…
Жылап аққан жылтырап жылға басы,
Айыл жиып, айкезбе түнде адасып…
Ай таңбалы арғымақ, айналайын,
Далаға ынтық, екеуміз қырға ғашық.
Тағдырынан сый күткен бір шамалы,
Ақбозымды қай түнек тұмшалады?
Ай таңбалы арғымақ Ай астында –
Құйрық-жалын тараған түн самалы.
Ай таңбалы… арманын айта алмады,
Кұс әніндей құйқылжып қайтардағы.
Таңбаң айдай, сен неткен бақыттысың –
Мендегі ешкім көрмейді Ай таңбаны.
Серік болар пырағым саналы ұлға,
Қандай жазу бар екен таланыңда?
Өрге белден бебеулеп қосыласың,
Дөңгеленген дүние – жанарыңда.
Арғымағым, арман не – Ай таңбаң бар,
Анық ақын – айтарын айта алғандар.
…Ай таңбалы арман да – Ай астында,
Айналайын, меселін қайтармаңдар!
Байғыз бұлбұл болмайды сайрағаннан,
Кешемін деп жүрсің бе қайыра жалған?..
Ақиқатың өлмесе қайда қалған –
Ай таңбалы арғымақ – Айдай арман…
Сана кұйған саңлағым санаңа аруақ,
Бір жыр жазып кетейін саған арнап.
Ай таңбалы арғымақ Ай астында –
Айдай жүзіп барады ағараңдап…
Дәулеткерей КӘПҰЛЫ
Көктем, мен сені күткелі қашан?!
Арайлап атар тылсым ақ таңда,
Көгершін қонақтар күншуақтарға,
Балауса қайыңдар бүршік атқанда,
Таңшымшық сайраған жыршы бақтарға,
Көгертіп келерсің, көңіліңді айтып,
Соңғы демі үзілген қыршын ақ қарға!
Көктем, мен сені көргім келеді!
Сәмбітал самалмен ырғаларында,
Сағыныш сарғалдақ гүл қабағында,
Бүлкілдеп қайнардың тұнбаларында,
Ойнақ сап бұлақтың жылғаларында,
Сұлудың сыңғырла сырғаларында,
Арудың күлімде мұң жанарында!
Көктем, сенің бір атың – өмір ғой!
Қаңқылдап жанымның сары ала қаздары,
Аңқылдап анамның ақ жүрек, әз жаны,
Қызғалдақ иісінен сезіліп жаз дәмі,
Тырнаның дауысында сағыныш саздары.
Аналар қуансын, арулар гүл алсын,
Көктем, сенсің ғой, тіршілік маздағы!
P.S.
Нұрыңа малшынсам, тілектей тұнық,
Сезімге мас болған жүректей тынып.
Көктем, жарығым, кешікпей кел, енді,
Ақынның жүрегі шым етпей тұрып!
Мақпал МЫСА
Әз-Наурыз!
жеткіздің жылы күнге,
Байтағымның толады қыры гүлге.
Ән шалқиды аққудың қанатында,
Күй шалқиды дүлдүлдің дүбірінде.
Бақытыммен кезіктір
шіркін, көктем,
Бұлақтар-ай,
әсем еді күлкің неткен!
Ақ жаулықты әжемнің сақтағанын
Қазанымда күн осы бүлкілдеткен.
Бал қаймағын бақыттың шайқа, құрбым,
Арманымды ақын боп айта білдім.
Мейманасын тасытып,
Әз-Наурыз,
Шаттық боп қақ есігін байтағымның!
Ақ құсымды аялап тағы ұшайын,
Ақ тілекті жандармен танысайын.
Ұлы күні Ұлыстың арда жырдың
Көздерінен өлең боп қауышайын!
Арман ШЕРИЗАТ
Қауыз жарған гүл секілді таңда алғаш,
Қалың ұйқы көтеруде қардан бас.
Жер-ананың соғып жатты кеудесін,
Қыз-қайыңның кірпігінен тамған жас.
Мынау дала жарасым ғой, жан ұғыс,
Әр бүршікте жатыр көктем жарып іш.
Құшағында тербетіп тұр ғаламды,
Құс үнімен жеткен ұлы сағыныш.
Көктем күткен көңіліме гүл бітіп,
Жарқ етсе күн, мөлт етеді түнгі шық.
Хош аңқыған қиялымның ішінде,
Ақ көбелек, балалығым жүрді ұшып.
Балалық-ай, қол бұлғаған бөктерден,
Өмір өзі бастау алған көктемнен.
Әр адамның ішінде асқақ көктем бар,
Сағыныштан күзге айналып кеткенмен.
Ару – көктем, бақытыңа бөле бір,
Кеудем іші күмбірлейді көне жыр.
Қара жердің жарып шыққан құрсағын,
Мен көктемнің ақынымын, ей, өмір!
Лаура ПАЛМАН
Наурызым,
Түгелдей саған ғашық, сірә, ғалам,
Тірлікті тірілтесің тұралаған…
Алысқа жылдап кетіп, оралатын,
Ата-анам сияқтысың мына маған.
Сен келсең түсер еске мекен өскен,
(Желің-ай «алтын күрек» бекер ескен)…
…Бәйшешек қылтияды қар астында,
Дәл мендей «мезгілдерден» қателескен.
Қысқа еріп кетер ме екен «наза», уайым,
Сен келсең жаңарайын, тазарайын.
(Қызыр қонған бір жылы төріме кеп,
Қызғалдағым туған ай – ғажап айым!)
Сүйемін сенде жауған жауынды шын,
(Науша жыр жазғандардың жанын түсін!)
Бар жақсы сезімдерді «селк еткізген»,
Алғашқы махаббаттай қадірлісің!
Әр таңда тұратұғын күліп көгі,
Әз-Наурыз, қандай көркем, сүйікті едің?
Сыршыл ай, мен өзіңе ұқсағанмын,
Жыл сайын жаңаратын үміттері.
(«Наурызша» қар кете алмай «жылап» тұр ма,
Гүл-сезім, жүректерде бүр аттың ба?)
…Әруақ қонатындай «Наурызкөк» боп,
Шаңырақ толатындай шуақ, нұрға…
Қандай ғажап ай едің?!
Назгүл АЛАУДИН
Сүйінші сұрайды барлығы,
Көктемнің келгенін хабарлап.
Сезіне алар ма жан мұны,
Бұл көктем сыйлай ма маған бақ?
Жаңа күн – көктемнің жаршысы,
Жылуын төгеді күн де әсте.
Ақпай ма жанардың тамшысы,
Бұл көктем сыйлай ма гүл дәсте?
Өкпені қалдырып өткенге,
Жақын ғып жүргенді жатсынып.
Тоң басқан қар еріп кеткенде,
Бұл көктем сыйлай ма жақсылық?
Көңілдің тұманын басатын,
Жандантып сезімді тапталған.
Сарайын көңілдің ашатын,
Бұл көктем сыйлай ма тәтті арман?
Сан арман тек алға жетелер,
Тұрса да ойыңда бір күдік.
Қылығын қыздың да көтерер,
Бұл көктем сыйлай ма бір үміт?



