Әулеттің ендігі иесі «смартфон-ұрпақ» па?

Көзі қарақты оқырманға Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Әулеттің иесі» әңгімесі, ондағы кішкентай Молдабек жайында айтқымыз келді. Әрине, ол заман мен бұл заманның баласын салыстыруға келмес, десе де осы әңгіме біздің, әсіресе, ұл баланы тәрбиелеуде мән беруге тиіс тұстарымызды еске салады. Осы «Әулеттің иесін» оқулыққа неге кіргізбеске? Шағын дүниеде үлкендердің кішкентай Молдабекті осы әулеттің иесі деп, үміт шырағы ретінде қарай отырып та жастайынан міндет сезіндіріп өсіргеніне таңғаласың.
Әңгіменің өзіне тән юморы да бар. Әпкесі ұзатылғанда атасы «осы құдалыққа бармасаң болмайды» деп Молдабекті өздерімен бірге ерте барып, құда болып барған Молдабек жатар орынға дарбызды жарылғанша жеп, түнде төсегін дымдап қойып, оған өзі қатты ұялып жылайтыны… атасы жұбатып, киімін кептіріп, ертесі құдаларға киіт бергенде алдымен «жолы үлкен» деп Молдабектің алдына қоятыны… Келе жатып атасы Молдабекті бейіт басына апарып, әруақтарға құран бағыштаған соң «мынау Құбағұл атаң, мынау ана атаң, мына атаң…» деп, бейіттегі әрбір адам жайлы байыппен айтқаны қандай келісті еді! «Құлағында қала берсін» деп айта түседі. Бала Молдабек үшін бұл сөздер алғашында жай дерек секілді, бірақ жүрекке еніп, санаға құйылып жатқан сабақ сияқты. Мұнда түйсікті тірілтуден бөлек, ұрпақты өткенмен жалғау бар. Сол арқылы бала көңілі өзінің жалғыз емесін, артында үлкен әулет тұрғанын түсінуі, топырақ жамылған сол шалдардың әрқайсысының орнын сезінуі бар. Осы жерде «біздің дәстүрлі танымымыздағы әулетке деген адалдығымыз бүгінде қандай деңгейде өзі?» деп те ойланып қаласың…
Бұрын «әулет» деген сөз адамның тек генетикалық тегі ғана емес, рухани тамыры, борышы, миссиясы болатын болса, қазір бұл байланыс үзіліп бара жатыр. Әулет ұғымының әлсіреуі – бір жағынан қоғамдық құрылымның өзгерісі. Қазіргі балаға дәстүрді, әулет ұғымын түсіндіретін орта да баяғыдай емес. Өйткені баяғыдай бір әулеттің адамдары етене араласып жататын кез емес, уақыт басқа, бір үйде көп болса үш бала болады, ол бала екі түйір бауырынан басқа әкесі жағынан туыстарын, шешесі жағынан нағашыларын танығанымен, оның өзінде тойларда ғана көруі мүмкін. Осыгүнгі балалардың той-жиынды ұнатпайтынын есепке алсаң, ағайын-туысын тіпті сирек көретіні анық. Демек, олар үшін әулет деген ұғым да алыс.
Қазір баламыз шетелде деп мақтанамыз, ертең одан туған немере атасының кім екенін білмей өседі. Осыдан келіп балада ұрпақаралық жалғастық сезімі жоғалады, ол өз өмірін тек қана «өзім үшін» деген шеңберде түсінеді. Одан бөлек, толық емес отбасылардың көбеюі, урбанизация, шетелге көшу, жеке өмірге басымдық беру сияқты құбылыстар әулет ұғымының әлсіреуіне әкелуде.
Баяғы аталардың біреуі жоқ
Молдабектің атасы Шоқа деген кісі – қазақ қариясының көрегендігі мен ұрпақ алдындағы жауапкершілігін бойына сіңірген адам. Қазір немересімен солай сөйлесетін қария қалды ма? Немеренің қалауын орындайтын, қолындағысын беретін, аталық ықыласын солай білдіретін жас аталарды баяғының шалдары сияқты жақсы әңгіме айта алмайды деп те сөге алмайсың. Бір жағы – заманның жылдам өзгеруі, технологияның, батыстық мәдениеттің ықпалы, бір жағы – үлкендердің сөзін тыңдап, құлақ салып өсу дәстүрінің үзілуі де себеп. Бірақ бұл Шоқаның ізі сол күйі жоғалды деген сөз емес, Молдабектің атасы Шоқа сияқты кісілер ауылда әлі де бар шығар, бірақ оларды естіп, тыңдайтын, сол сөзді жүрегіне тоқитын Молдабектей балалар керек. Қарияның сөзі қадірлі болу үшін тыңдар құлақ, ұғар жүрек қажет. Пионерге өтуді армандаған Молдабекті «атасына еріп зират аралап, құдалыққа барған» деп тізімнен сыздырып тастайтын жері бар еді ғой, «пионерге өткізбесе өткізбей-ақ қойсын, комсомолға бір-ақ өтемін» дейді сонда Молдабек. Ал ой жіберіп көрсеңіз, атасына еріп зират аралау, құдалыққа бару – бала үшін үлкендердің дүниесіне ену, әулет үшін әрекет ету, жауапкершілікке араласу. Бірақ соның бәрі мектеп тарапынан түсінбестікке, шеттетуге алып келгенде, бала алғаш рет өмірдің қарама-қайшылығымен бетпе-бет келеді де, ішінен бір ойға бекиді. Ол үшін енді пионер болу емес, адам болу, рухты сақтау маңыздырақ екенін түсініп отырасың
«Марқұмның қарызы бар ма?»
Сөйткен атасы аз күн ауырып қайтыс болады. Атасы қайтқанда бала мектепке бармай қалады. Бұл баланың қаралы күйді сезінуі, жанына жарық берген шырағы сөнген шақ еді. Атасын жерлейтін кезде «марқұмның кепілдігіне тұратын туысы бар ма?» дейді молда, сонда әжесінің «неге болмасын, Молдабекжан бар ғой» деп Молдабекті іздейтіні бар. Бұл – әжесінің әулеттің артында қалған үмітін, жалғасын, ар-намысын іздегені. Бала болса да Молдабек соны түсінеді. Баланың атасының қарызы болса, соны мойнына алуға кепіл болуы – адамды толқытатын нәрсе. Өзі бала болса да, өліге кепіл болу арқылы тірінің намысын сақтау дегенді түсініп тұр ғой! Қазіргі заманда осындай сұрақ қойылса, бұл оғаш естілер еді, тіпті «марқұмның қарызына кім жауап береді?» деп сұраған күннің өзінде, оған баланы кепіл қылу кімнің ойына келеді? Ал бұл әңгімеде кішкентай баланың өзі «иә» дей алуы дәстүрлі қазақ қоғамындағы адамгершілік өлшемнің биіктігін көрсетеді. Және осы «марқұмның қарызы бар ма?» деген кезде баланың ойына жақында атасы екеуінің барып Шоқпарбай деген кісіден жарты қап тары алғаны түседі. Сонда оның «атамның осы қарызын қайтарамын» деп көңілге түйіп қойғанын көреміз. Бұл эпизод – кейіпкердің ішкі әлеміндегі ар-ұят пен адалдықтың нәзік, бірақ өте салмақты көрінісі, парыздың бала жүрегінде орын теуіп жатқанын білдіретін өте әсерлі деталь. Жазушының шеберлігі – кішкентай Молдабектің әлгі жарты қап тарыны ұмытпай, «бір күні қайтарамын» деп көңіліне түйіп қоюы арқылы міндет пен парыздың жасқа қарамай-ақ, жүрекке ерте орнығатынын жеткізіп отыр.
Бір жағынан, баланың көргені сол еді. Ол замандарда ауыл – үлкен тәрбие мектебі, олар алса – қайтарады, уәде етсе – орындайды, ең бастысы, ешкімге міндет артпай, өз парызын өзі өтейді, баланың көзінде атасының да, әжесінің де, сол ауылдағы үлкендердің де бейнесі осылайша қалыптасқан.
Өз басым кішкентай Молдабектің осы сәтін ойлағанда оқырман ретінде кімнен не алғанымды, кімге не берешек екенімді ойлап кеткенім есімде. Байқайсың – жазушы тек кейіпкерді емес, оқырманды да ішкі диалогқа тарта алады. Тынымбай Нұрмағамбетов ғажап жазушы дейтініміз содан.
«Молдабек, қазір арбадағылар үйде қалған әйелдермен көрісіп жатқанда, құран оқылуы үшін жұртты сен бастауың керек. Дауысты да алдымен сен бастауың керек» деп жас балаға тағы бір жауапкершілік жүктейді үлкендер. Сондағы баланың атасын жоқтауы қандай шынайы! Жасандылықтан ада. Тіпті үлкендер сияқты аңыратып дауыс шығара алмаса да… «ата-а-а, атоооу, тамаққа шақырып жатыр» дейтін кезін еске алғанда іші түгел елжіреп кетеді. Сол сәтте ол енді бұрынғы бала еместігін, енді атасының аманатын арқалаған адам екенін, әлі кішкентай болса да, үлкен адамның жүгін сезінгенін көреміз.
«Әжесі Молдабекті құшағынан жібермеген күйі аңырап отырып атасының өлер алдында: «Он бес әйел мен он бес қыздың ортасында Молдабегім қатынбасша боп өсетін болды-ау» деп қиналғанын айтты… «Молдабектен артылғанын ғана киіңдер, Молдабектен артылғанын ғана жеңдер. Біздің әулеттің өсіп-өнуін Алла ендігі жерде осы Молдабектің тағдырымен ғана шешер-ау» депті атасы… Ол осылай бүкіл әулеттің тірегін бір тұлғаға жүктеп барады.
Молдабектің мойынында бүтін бір қауымның болашағы тұр. Жазушы бұл арқылы ұл тәрбиесі – ұлт тәрбиесі екенін аңғартады. Егер балаға сеніп, оларға жүк арта алсақ, бұл оны езіп жібермей, керісінше, өзіне сенуге, тұлға ретінде қалыптасуға жол ашады. Ересек болуға үйретпесең, ересек ұрпақ күтуге хақың жоқ. Шығармадан көріп отырмыз, Молдабекке үлкендердің артқан сенімі оны жедел есейтеді. Атасының бейітіне барудан бастап, құран оқуға жұртты бастап, дауыс салып жоқтау айтуға дейін – бәрі оған тұлғалық негіз қалыптастырып отыр. Бүгін әулеттің иесі болған бала ертең елдің азаматы, қоғамға тұтқа боларына сенуге болады.
Жазушы бұл эпизодтар арқылы оқырманға нағыз тәрбие неден тұратынын, баланың рухы қалай оянатынын, шынайы ержету дегеннің не екенін жеткізіп отыр. Ал шынында Молдабектің есеюі үлкендер тарапынан сенім білдірудің нәтижесі ғой.
Қазір неге сондай жауапкершілік артпаймыз?
Жақында мектепке жиналысқа бардық. Мәжіліс залда психологтар мемлекеттік емтихан алдында 9-11-сынып оқушыларының психологиялық күйін бақылау, балаға үйде қолайлы, жағымды ахуал жасау, стресті жағдай болса көмектесу, бала психологиясын жіті назарда ұстауға қатысты тренинг өткізіп, лекция оқыды. «Бала дайындалғысы келмеген жағдайда не істейміз, көңіл күйі болмағанда қалай сөйлесеміз?» деген сұрақтар да көп болды. Одан соң класқа барып, жаңағы әңгімені қайта жалғастырдық. Сонда байқағанымыз, әсіресе, ұлдардың шешелері «менің балам шаршайды», «менің балама ана мұғалім былай қарапты, бағасын былай қойыпты», «баламның жаны нәзік, өйт, бүйт деп айта алмаймыз» деп, тағы біреуі бұрын-соңды болмаған зор сынақтың алдында тұрғандай: «балаларда өтпелі кезең, содан ұйымшылдықпен жақсы шығуымыз керек» деген сыңайда пікір білдіріп жатты.
Қайтып келе жатып… жоооқ, «біздің кезімізде әке-шешеміз қай сабақтан емтихан тапсыратынымыздан хабары жоқ, тіпті соны қалай өттің?» деп те сұрамайтын еді ғой» дегелі отырғам жоқ, тек Тынымбай Нұрмағамбетовтің «Әулеттің иесі» деген әңгімесін қайта еске түсірдік.
Иә, біз қазір балаға жиырмаға келгенше бала ғой деп қараймыз. Қазіргі балаларға ондай жауапкершілік жүктемек түгілі, жиырмадан асса да өбектеп, есеюіне мүмкіндік бермейміз. Қазір ондай жауапкершілік түгілі, балаларды психологиялық, әлеуметтік, моральдық тұрғыда «өсірмей», шынайы өмірден оқшау ұстауға тырысамыз. Қазіргі аналар баласын әр қадамына дейін бақылайды, мектептен бастап секция, үйірмеге дейін өздері апарады, үй тапсырмасын бірге орындайды, эмоциялық қолдауды да, шешім қабылдауды да өздері мойнына алады. Балаға асыра қамқорлық танытып, міндетсіз махаббатпен буып тастаудың арты, «балам шаршамасын», «қиналмасын», «көзім тірі тұрғанда бәрін өзім жасап беремін» дей бергеннің арты – баланың өмірлік тәжірибе жинауына мүмкіндік бермейміз. Осы «балам қиналмасын» деген ой баланың есейтпейді. Мұндай бала кейін көп жағдайда өзінше шешім қабылдауға қорқады, тәуекел етуден тайсақтайды, яғни жеке субъект ретінде дамуы тежеледі дейді мамандар.
Мұндай шектен тыс өбектеудің себебі көп шығар, балалық шағы тоқсаныншы жылдарға тап келген көптеген ата-ана өз балалық шағында таршылық көріп, армандаған киім мен ойыншықты иелене алмағаннан, мәдени және әлеуметтік мүмкіндіктерден шет қалғаннан «мен көрмегенді балам көрсін» деген компенсаторлық ниетпен балаларын мәпелеп, олардың бар тілегін орындауға тырысатын шығар; мүмкін, балаға жеткілікті уақыт бөле алмағаннан кінәліліктен арылу, жоғалған беделді қалпына келтіру әрекеті ме… Осылай кете берсе, бала ертең өз отбасын құрғанда ата-анадан ажырай алмай, жаңа әулет құрудың орнына сол ата-ананың жалғасы ғана болып қалады. Соңғы кездері көп ата-ана балаларының тұрмыс құруға асықпайтынын айтатын болды. Өз таңдауын жасаудан қорқатын, өзі үшін де, өзгелер үшін де жауап беруге дайын емес жастар – ата-ана мен қоғам арасындағы псевдо-махаббаттың нәтижесі. «Қорғаймын» деп әлсіретіп, «жақсы көремін» деп еркінен айырып, нәтижесінде рухсыз, тамырсыз, парызсыз ұрпақ өсіріп жатқан жоқпыз ба? Инфантилдік – қазіргі қоғамдағы өзекті мәселе. Бұл – адамның ересек жаста бола тұра өмірге балаша қарауы, жауапкершіліктен қашуы, шешім қабылдай алмауы.
Инфантил ұрпақтың еркіндік пен жауапкершіліктің аражігін ажырата алмайтынын әлеуметтанушылар да айтады. Ал бұл шығармада нағыз еркіндік – өзің үшін емес, біреудің аманаты үшін өмір сүру. Молдабектің «атамның қарызын қайтаруым керек» дегені – жазушы Молдабектің бойына елдің көзі, жұрттың үміті сыналатын жауапкершілік артып отыр. Және ол жауапкершілік тұрмыстық деңгейде емес – рухани, дәстүрлік деңгейде. Адамның ішкі сергектігі, жан әлемінің беріктігі міндет арқалап көрумен ғана қалыптасады.
Жадыра ШАМҰРАТОВА
P.S: Ал Молдабектің атасы мен әжесі баланы өмірдің өз тілімен тәрбиелеген. Олар үшін махаббат баланы еркелету емес, оны өз орнын табуға дайындау болды. Молдабек – архаизм бе? Әлде сағыныш па дерсіз. Анау дейміз, мынау дейміз, айналып келгенде, өз баласын қалай тәрбиелеймін десе де әркімнің өз шаруасы ғой. Қазір жастар өсіп алса шетелге кетпекші болады. Бірақ елдің бәріне кеңдік танытып келген Әмірикеңіз де он ойланып, меймандостығынан бас тартып жатыр. Қазақ осы елге ғана керек! Қалай десек те, ұлттың үміті – жауапкершілікті ерте сезінген ұрпақта. Ұл тек мүлік мұрагері емес. Ол рухани тұғырды, ата-баба жолын, отбасының абыройын жалғайтын тұлға болуы керек.