Әуезді әнге айналған туындылар

«Көк жүзінде барады қаздар қайтып, Күндер солай өтеді шалқып, шалқып…». Бұл – тамаша ақын Тұманбай Молдағалиев пен көрнекті композитор Теміржан Базарбаевтың елге кең тараған «Қаздар қайтқанда» туындысы. Биыл осы ән авторларының туғанына 90 жыл толып отыр. Сейсенбі күні Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония ақынның мерейтойын ескеріп, «Өлеңімде өмір бар өзің жайлы» атты концерт өткізді.
Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Тұманбай Молдағалиевтің талай жыры әнге айналып, халықтың аузында жүр. Әдебиет пен өнер тоғысқан бұл кеште ақынның жүрекке жақын сыршыл лирикалық өлеңдеріне жазылған әндер шырқалды. Соның ішінде қазақ музыка өнерінің майталмандары Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуов, Сейдолла Бәйтереков сынды аса көрнекті композиторлардың, сондай-ақ жас буын сазгерлердің туындылары ұсынылды.
Концерт шымылдығы Н.Тілендиевтің «Ата толғауы» шығармасымен ашылып, сахна төрінде қазақ оркестрі мен «Шалқыма» халық би ансамблі өнер көрсетті. Кешке елге белгілі әншілер – Қазақстанның халық әртісі Майра Ілиясова, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Светлана Айтбаева және Арайлым Рахымқызы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегерлері Алтыншаш Мұқатаева мен Фарида Жолдасова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Нұрқанат Тапиев, Айдын Жұмабаев, Диана Май, Ақбота Құснадин, Әкімхан Маженов және басқа да өнерпаздар қатысты. Концерт бағдарламасында «Әнім сен едің», «Куә бол», «Қаздар қайтып барады», «Қайран менің жүрегім», «Аяулым», «Екі жұлдыз», «Жан ана», «Алматы түні», «Шақырады көктем» секілді халық жүрегіне жол тапқан сүйікті әндер жаңаша өңдеуде шырқалды. Домбыраның сүйемелдеуімен орындалған «Сарыарқа», «Сағындым ғой» сияқты әсерлі шығармалар да көрерменге жаңаша сипатта жол тартты. Хореографиялық қойылымдар да кештің ажарын ашып, салтанатын көтеріп, әрлендіре түсті. Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Зауырбек Райбаев қойған «Шалқыма» ансамблінің би нөмірлері ақын жырының қуатын сезіндіріп, көрерменді баурап алып кетті.
Бұл концерт көрермен қауымға поэзия мен саздың жарасымды үндестігін сыйлап, Тұманбай Молдағалиевтің шығармашылық мұрасын ел жадында қайта жаңғыртты. Ақын жырлаған махаббат пен туған елге деген сағыныш, ананы ардақтау, Отанға сүйіспеншілік сынды тақырыптарды өнерпаздар теңіздей тербеп, тереңнен толғап жеткізді.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



