Әскеріміздің әлеуеті қандай?

Қазақстан Республикасының Қарулы күштері – ел тәуелсіздігінің тірегі, ұлттық қауіпсіздіктің басты кепілі. Мемлекет шекарасын қорғайтын, тыныштығын күзететін әскердің мықтылығы – кез келген елдің тұтастығы мен тұрақтылығының айқын көрінісі. Дегенмен соңғы жылдары әлемдегі геосаяси ахуал ушығып, жаһанда жарыса қарулану күшейе түскен шақта «Қазақстан әскері барлық қауіп-қатерге толық төтеп бере ала ма?» деген сауал бүгіннің өткір әрі орынды сұрағына айналды. Сарапшылардың пікіріне жүгінсек, Қазақстан армиясы ТМД елдері арасында қуаты жағынан үшінші орында көрінеді. Бірақ бұл шындыққа сәйкесе ме, армиямыздың әлеуеті қандай деңгейде және оны заман талабына сай күшейту жолында қандай нақты қадамдар жасалуда деген сұрақтарға біз де жауап іздеп көрдік.
Қуатты мұрадан құлдырауға дейін
1992 жылдың 7 мамырында ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының Қарулы күштері ресми түрде құрылды. Алайда бұл әскери құрылым жоқ жерден пайда болған жоқ. Кеңес Одағы ыдыраған сәтте Қазақстан аумағында әскери әлеует өте жоғары болды. Яғни Орта Азия әскери округі (САВО) құрамында 250 мыңнан астам әскери қызметші бар еді. Бұған Ауған соғысынан қайтқан 40-армия қосылып, Қазақстанда қуатты әскери контингент шоғырланды. Жаңғызтөбе мен Дзержинскідегі ядролық арсеналдар елімізді ядролық державалардың қатарына қосып тұрған. Еліміздің аумағында құрлықаралық баллистикалық зымырандар орналасқан стратегиялық нысандар да болды. Алайда бұл қуатты жүйе 90-жылдардан бастап біртіндеп күйреді. Әскери құрамда жұмыс істеп тұрған офицерлердің көпшілігі Ресей, Өзбекстан, Беларусь сынды елдерге кетіп қалды. Толықсыз дерекке қарағанда, 1992-1995 жылдары 10 мыңға жуық офицер елден кеткен. Елімізде әскери салаға қажетті ұлттық кадрлар дайындалмағандықтан, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында кәсіби әскерді құру өте күрделі мәселеге айналды. Соған қарамастан, Қорғаныс министрлігі тәжірибесі аз кадрлармен әскери жүйені сақтап қалуға тырысты. Атап айтқанда, білімі мен дайындығы төмен бұрынғы прапорщиктер мен мерзімді әскерилер үш айлық курс арқылы офицерге айналды. Бірақ бұл санды көбейткенмен, сапаны көтерген жоқ.
Ескінің сарқыншағы
2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қарулы күштерде қолданыстағы әскери техниканың басым бөлігі кеңес заманынан қалғанын ашық айтып: «Әскердегі қару-жарақтың дені – 30-50 жыл болған кеңес дәуіріндегі техника. Ескірген техникалар мерзімінің өткеніне байланысты қару-жарақ паркін жаңарту үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет. Қарулы күштер заманауи әрі жоғары технологиялық қару-жарақпен, әскери техникамен жабдықталуы тиіс. Қару-жарақ пен әскери техниканы жөндейтін, оларға қызмет көрсететін отандық өндірісті дамыту қажет» деп нақты тапсырма берген болатын.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі, генерал-полковник Руслан Жақсылықовтың сөзінше, осыдан кейін Президенттің басшылығымен Қазақстан Қарулы күштерінің құрылымы нақтыланып, арнайы операциялар күштері құрылған. Сондай-ақ Десанттық-шабуылдау әскерлерінің қарым-қабілетін арттыру мақсатында Құрлық әскерлерінен бөлініп, өз алдына дербес әскер болып шыққан. Барлау-жауынгерлік және әскери-көліктік әлеует артып, артиллерия және әуе шабуылына қарсы қорғаныс мүмкіндігі ұлғайған. Президент тапсырмасымен азаматтық қорғаныс бөлімшелері құрылған. Алайда қазіргі таңда отандық әскери өнеркәсіп әлі де импортқа тәуелді. Қазақстанда өндірілетін техника мен қару түрі санаулы ғана. Көптеген компонент Ресейден немесе өзге елдерден сатып алынады. Әскери сарапшы, полковник, тарих ғылымдарының кандидаты Манас Мағұловтың айтуынша, елімізде соңғы жылдары бірнеше оқ-дәрі қоймасы жарылып, әскери техника қоры үлкен шығынға ұшыраған. Арыстағы және Жамбыл облысындағы жарылыстар – мұның айқын дәлелі.
«Қарулы күштеріміздің қазіргі ахуалына алаңдамай тұра алмаймыз. Өйткені салада жүйесіздік күшейіп, әскердің сапасы да, саны да, дайындық деңгейі де күрт төмендеді. Қару-жарақтар толықтай ескіріп, олардың басым бөлігі сақтау нормаларының, қауіпсіздік талаптарының сақталмауы, арнайы регламенттер бойынша жұмыс жүргізілмеуі себебінен өздігінен жарыла бастады. Кейінгі жылдары бұл қауіп тағы да қайталанды. Бұл жағдайлар қордағы қару-жарақтың азаюына алып келді. Бұл – әскери өнеркәсібі жоқ біздің елдің әскери қуатына үлкен соққы» дейді ол.
Әлемдік рейтингтегі орны қандай?
Әлем елдерінің әскери күштерінің әлеуетін бағалайтын Global FirePower-2025 халықаралық рейтингінің нәтижесі бойынша Қазақстан әскері 58-орыннан 57-орынға көтеріліп, Орталық Азиядағы көшбасшы орнын сақтап қалды. Аталған бағада Өзбекстан – 58, Түрікменстан – 77, Қырғызстан – 105, Тәжікстан 108-орында тұр. Сондай-ақ Қазақстан заманауи әскери техникалармен жарақтану жағынан аймақта алда келеді. Мәселен, Қазақстанның 2024 жылы Қорғаныс бюджетіне 1,1 трлн теңге бөлінген.
Қорғаныс министрінің айтуынша, Қарулы күштерді заманауи техникамен жарақтандыру жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп келеді.
«Соңғы 6 жыл ішінде армияға 2 мыңнан астам жаңа үлгідегі әскери техника жеткізілді. Бұл ел Президентінің Қарулы күштерді жоғары технологиялық қару-жарақпен қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасының нақты орындалып жатқанын көрсетеді» деді министр.
Оның сөзінше, қазіргі таңда әскери әлеуетті арттыру тек жаңа техника сатып алумен шектелмейді. Бар техниканы жаңғырту, шетелдік әріптестермен бірлескен жобаларға қатысу, халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты кеңейту де басым бағыттар қатарында.
– Қазіргі заманғы әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелеріне де баса назар аударылып отыр. Бүгінде әскерилеріміз «Бук-М2Э», «Тор-М2К» зениттік зымыран кешендерімен, «Роса-РБ», «Платформа» жүйелерімен және отандық «Нұр» радиолокация станцияларымен жабдықталған. Бұл кешендер жауынгерлік кезекшілікті толық атқарып келеді, – деді Руслан Жақсылықов.
2024 жылы Құрлық әскерлері құрамына 45 дана «COBRA II» және 53 бірлік «Арлан» сауытты дөңгелекті машиналары берілді. Бұл техника армияның ұтқырлығын арттырып, ұрыс жағдайындағы қауіпсіздігін күшейтеді. Министрдің айтуынша, әскери әуе күштері де назардан тыс қалған жоқ. Былтыр желтоқсанда армия А-400М үлгісіндегі жаңа әскери-көліктік ұшақпен толықты. Ол 37 тоннаға дейін жүк тасымалдауға қауқарлы. Жылдамдығы – 802 км/сағ, ұшу биіктігі – 12200 метр, ұшу қашықтығы – 7870 шақырым.
«2024 жылы Республика күні қарсаңында «Шапшаң» көліктік-десанттық қайығы суға түсірілді. 31 тонна су ығыстыратын, 20 теңіз жаяу әскерін тасымалдауға қабілетті жаңа қайық диверсияға қарсы және медициналық эвакуация секілді тапсырмаларды орындауға арналған. Жинақтап айтқанда, біз армиямыздың заманауи қауіп-қатерге төтеп бере алуы үшін барлық қажетті шараны жүзеге асырып келеміз» деді министр.
Сенімге селкеу түскен
Қорғаныс министрі бізге берген жауабында «әскеріміздің саны көбейіп, жыл сайын армияға баратындардың қатары көбейіп келеді» дегенмен, әскери борышты өтеу міндеті заңмен бекітілген Қазақстанда армияға деген сенім деңгейі төмен. Бұған бастысы әскердегі әлімжеттік пен әскери борышын өтеуге барған жастардың белгісіз жағдайда қаза табуы, шен-шекпенділердің баласының армияға бармауы себеп болып отыр. Әскерилер арасындағы жемқорлық, қызмет лауазымын таныс арқылы бөлісу де саланың сапасына кері әсерін тигізуде. Сосын да Президент Тоқаевтың өзі бұл жағдайды ескеріп, «әскери борышты өтеу міндетінің беделін көтеріп, абыройын арттыру қажет» деген болатын. Бұл тек тәрбие мен насихат мәселесі ғана емес, жүйелі реформа қажет ететін әлеуметтік әрі идеологиялық бағыт екені айтпаса да түсінікті.
– 33 жыл болды, біздің әскерде көп нәрсе әлі де кеңес өкіметінен қалған ескі нормативпен жұмыс істейді. Өзгерген түгі жоқ. Шын мәнінде, әскери құрылымға үлкен өзгеріс керек. Әйтпесе жағдай сол күйі қала береді. Халықтың әскерге деген сенімі жоғалып барады. Себебі қарапайым ауыл балалары әскерге барады да, аудан әкімі дәрежесінен жоғары мансабы барлардың біреуінің баласы әскерге бармайды, бұл әділетсіздік қой! Екіншіден, әскердегі азаматтарға берілген кепілдік жоқ. Ертең еліңді, жеріңді қорғау жолында мерт болсаң, артыңдағы бала-шағаңа мемлекет жағынан мынадай қамқорлық жасалады деген нақты кепілдік жоқ. Бұл, айналып келгенде, біздің әскери салада да ұлттық идеология жоғының салдары, – дейді полковник Манас Мағұлов.
Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, мерзімді әскери қызметтің тартымдылығын арттыру мақсатында соңғы жылдары бірқатар нақты шара қабылданған. 2024 жылдан бастап Президенттің тапсырмасы аясында мерзімді қызметтегі сарбаздарға білім беру жеңілдіктері мен кредиттік демалыстар заңнамалық түрде бекітілді. «Мерзімді әскерилер 2.0» жобасы арқылы әскери борышын өтеген жастар ҰБТ тапсырмай-ақ 80-нен астам жоғары оқу орнында тегін білім алуға мүмкіндік алып отыр. Бұдан бөлек, әскери қызметшілердің жалақысы мен әлеуметтік төлемі де айтарлықтай көбейіп, қызмет барысында далалық жағдайдағы төлемдер және зейнетақы жүйесі бойынша қосымша жеңілдіктер қарастырылуда. Қабылданған шаралар армия беделін көтеріп, азаматтардың әскери қызметке қызығушылығын арттыруға бағытталған.
Сыртқы қауіптерге төтеп бере ала ма?
Қазақстан әскері сыртқы жауға толық тойтарыс бере ала ма? Бұл – ел азаматтарын алаңдататын ең басты сұрақ. Сарапшы Манас Мағұловтың пікірінше, қазіргі қару-жарақ қоры мен әскери дайындық деңгейі елімізді тек шартты түрде ғана қорғай алады. Оның айтуынша, соңғы 30 жылда Қазақстан әскері ешқандай соғыс жағдайында шыңдалған жоқ. Төтенше жағдайда армияның шұғыл қимылдайтын резерві жоқтың қасы. Әскери-транспорттық авиация мүмкіндігі шектеулі. Логистика мен инфрақұрылым нашар дамыған. Керек десеңіз, авиаотынды да әлі күнге дейін шетелден сатып аламыз. Ал әскери тәжірибе – қағаздағы есептен әлдеқайда маңызды фактор. Бірақ соңғы жылдары Қазақстан армиясының жауынгерлік машығын жетілдіру бағытында айтарлықтай ілгерілеу бар екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Атап айтқанда, соңғы жылдары әскери жаттығулар жиілеп, Қарулы күштердің халықаралық оқу-жаттығуларға қатысуы артып келеді. НАТО елдерімен, Түркия, Қытай, Ресеймен бірлескен жаттығулар ұйымдастырылуда. БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларына қатысу арқылы біздің әскери қызметшілер халықаралық тәжірибе жинақтап, заманауи соғыс жүргізу әдістерін меңгеріп келеді. Бүгінде Қазақстан – ТМД елдері арасында БҰҰ миссиясына дербес мандат алған жалғыз мемлекет. Бұл – ел әскерінің кәсіби деңгейіне берілген халықаралық баға. Мәселен, 2019 жылдан бері Ливандағы БҰҰ уақытша күштерінің құрамында 140-тан астам сарбазымыз қызмет атқарды. Одан бөлек, Таяу Шығыс, Кипр, Үндістан, Пәкістан және Батыс Сахарадағы операцияларға штаб офицері және бақылаушы ретінде 40-қа жуық әскери маман жіберілді. 2022 жылдан бастап бітімгерлеріміз Конго мен Оңтүстік Африка Республикасына жол тартты. 2024 жылғы 15 наурызда қазақстандық контингент алғаш рет «БҰҰ-ның бөлінуді бақылау күштері» құрамында Голан жоталарына орналасты. Фауар базасындағы 139 жауынгер 600-ден астам жауынгерлік тапсырманы орындады. Сонымен қатар Қарулы күштеріміздің жауынгерлік әзірлігін арттыру үшін елімізде ірі стратегиялық оқу-жаттығулар да өтуде. 2019 жылы – «Айбалта», 2021 жылы – «Отпантау», 2023 жылы «Батыл тойтарыс» жаттығуы ұйымдастырылды. Соңғысында алғаш рет Жоғарғы Бас қолбасшының ставкасы мен соғыс уақытындағы Үкімет құрылымы өрістетілді. Бұл әскери басқару жүйесінің тиімділігін пысықтауға мүмкіндік берді. Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, 2024 жылдың өзінде Қазақстан өз аумағында 10 халықаралық оқу-жаттығу өткізсе, әскери қызметшілеріміз шетелде өткен 21 оқу-жаттығуға қатысқан.
Өзімізде де өндіріс бар
Әскери қуатымыз жайлы сөз болса: «бізде әскери өндіріс жоқ, бәрін Ресейден сатып аламыз» деген пікір жиі айтылады. Бұл шындықтың бір жағы ғана. Қазір «түк жоқ» деп ауызды қу шөппен сүрте беруге де болмайды. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін бұрынғы Кеңес Одағының қорғаныс өнеркәсібіне тиесілі 50-ге жуық кәсіпорын мұраға қалды. Бұл – отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенінің (ҚӨК) негізін құраған инфрақұрылым болса, бүгінде Қазақстан аумағында озық шетелдік компаниялармен бірлескен «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ кәсіпорны жұмыс істейді. Олардың қатарында Aselsan түрік компаниясымен бірлескен оптикалық-электрондық құралдар өндірісі, Eurocopter француз-неміс компаниясымен бірлескен ЕС145 тікұшақтар өндірісі, Tales француз компаниясымен бірлескен КВ және УКВ диапазонындағы радиостанциялар өндірісі және басқалар бар.
Қазақстанның қорғаныс-өнеркәсіп кешені барлаудың оптикалық-электрондық құралдарын, сауытты дөңгелекті машиналар мен бронетранспортерлерді, байланыс құралдары мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ЕО-145 тікұшақтары мен сыйымдылығы 200 тоннаға дейінгі әскери кемелерді, ірі калибрлі пулеметтер мен атыс қаруына патрондарды, әскери қызметшілерге арналған жабдықтар мен киім-кешекті өндіреді.
Еліміздегі кәсіпорындарда сауытты танк, автокөлік техникаларына, сондай-ақ дүркіндеп оқ ататын реактивті жүйелерге техникалық қызмет көрсету мен жаңғырту жасалады. Отандық ұшқышсыз жүйелерге әскери сынақтар жүргізіліп, нәтижесінде «Sunqar» ҰҰА Қарулы күштерге қабылданды. Сонымен қатар Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мемлекеттік қорғаныс тапсырысына қатысты кейбір өкілеті мен функциясы Қорғаныс министрлігіне берілді. Қысқасы, еліміздің тұтастығын, іргеміздің беріктігін бекемдейтін әскеріміздің әлеуеті тым төмен де емес. Дегенмен елдің егемендігін сақтап, шекарамызды қорғауда халықтың да белсене атсалысуы қажет. Өйткені қауіпсіздік тек әскердің ғана емес, тұтас ұлттың міндеті екенін ұмытпауымыз керек.
Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ