Ел тынысыСаясат

Әскери мамандар жаңа жобамен танысты

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінде Қазақстан Республикасы жаңа Конституциясының жобасын талқылауға арналған кездесу өтті. Диалогқа мерзімді қызмет сарбаздары, сержанттар, офицерлер және бөлімшенің басшылық құрамы қатысты. Әскери қызметшілердің алдында депутаттар сөз сөйлеп, заң жобасының негізгі тармақтары туралы егжей-тегжейлі айтып берді және жеке құрамды алдағы референдумға қатысуға шақырды.

Әскери қызметшілермен кездесуге Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов қатысып, халықтың назарына ұсынылған жаңа Конституция жобасы қоғамның әділдік пен нақты өзгерістерге деген сұранысын көрсететінін атап өтті.

– Егер бұрынғы Негізгі заң мемлекет құру міндеттеріне жауап берсе, жаңа жоба – азаматтардың қалауы бойынша қалыптасқан нағыз халықтық Конституция, – деді депутат.

Құжат 11 бөлім мен 96 мақаланы қамтитыны бөлек аталды. Онда мемлекет адамға қызмет етуі керек, керісінше емес деген принцип бекітілген. Сондай-ақ спикер Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламенттің атын Құрылтай деп өзгерту туралы бастамасын еске салып, бұл атаудың тарихи сабақтастығын атап өтті.

– Құрылтай – халқымыз үшін қасиетті ұғым. Тағдырлы сәттерде құрылтайда маңызды шешімдер қабылданды, – деді депутат.

Жобаға сәйкес, Құрылтай 145 депутаттан тұрады және еліміздің жоғарғы заң шығару­шы органы болады. Бұдан басқа, Мемлекет басшысының өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда, биліктің үздіксіздігін қамтамасыз ететін тетік – вице-­президент институтын енгізу көзделген.

Мәслихаттардың, этномәдени бірлестіктердің, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіретін жаңа институт – Қазақстан халқы кеңесін құру мәселесі – бөлек әңгіме. Әскери қызметшілерге арнаған сөзінде халық қалаулысы геосаяси тұрақсыздықтың қазіргі жағдайындағы армияның рөлін атап өтті.

Жаңа Конституцияның жобасы бойынша Астана қаласы мәслихатының депутаты Кендебай Адамбек те пікір білдірді. Ол 1995 жылғы Конституция шамамен 30 жыл бойы күшінде болғанын және осы уақыт ішінде мыңнан астам өзгертулер енгізілгенін еске салды.

Сонымен қатар Кендебай Адамбек әскердегі қызмет жас жігіттің өміріндегі маңызды кезең екеніне тоқталды.

– Мемлекет әскери қызметші­лерге жағдай жасайды. Жоғары оқу орындарына конкурссыз тегін түсуге мүмкіндік бар. Бі­­рақ бәрінен бұрын әркім өз еліне қызмет етуі керек, сонда мемлекет қамқорлық көрсетеді, – деді ол.

Кездесу соңында депутат­тар жеке құрамды 15 наурызда
ре­ферендумға қатысуға шақырды. Жүздесу ашық диалог форматында өтті. Әскери қызметшілер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, жаңа Конс­титуция жобасының негізгі ережелері бойынша толық түсініктеме алды.

 Екатерина ТЫЩЕНКО

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button