Әскери басқару нысандарын аралады

Күзгі әскерге шақыру науқаны қарсаңында Астана қаласы мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнұлқабден бастаған мәслихат депутаттары жергілікті әскери басқару органдарының нысандарын аралады.
Аралау барысында Астанада медициналық комиссиялар өткізуге және шақырылушылармен жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғаны айтылды.
Сонымен қатар жастардың әскерге баруға неге құлықсыз екендігі, әскери қызметтің беделін арттыру және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ата-аналардың алаңдаушылығын азайту сияқты маңызды мәселелер талқыланды.
Қалалық мәслихат төрағасының мәліметінше, жуырда Мемлекет басшысы тиісті заңға енгізілген түзетулерге қол қойды. Енді әскерге шақыру тек қағаз түрінде ғана емес, SMS арқылы немесе eGov порталы арқылы да жолданады. Дегенмен, қағаз түріндегі шақыру сақталады. Ол шақырылушыдан қолхат алу арқылы табысталады немесе пошта арқылы жеткізіледі. Одан бас тартуға болмайды. Кез келген жағдайда хабарлама ресми болып саналады.
Шақыру қағазын алған соң, әскери комиссариатқа дәлелді себепсіз бармау әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғып, ескерту жасалады немесе 5-тен 10 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Бір жыл ішінде қайталанған жағдайда айыппұл мөлшері 15-20 АЕК-ке дейін ұлғаюы мүмкін.
Аралау қорытындысында депутаттар әскерге шақырылушыларға заманауи көзқарас пен құрметпен қарау әскери қызметті қауіпсіз әрі беделді етуге септесетінін, әскери қызмет қазақстандық жастарға лайықты таңдауға айналатынына ықпал ететінін атап өтті.