Әртіс болу армандары орындалды

Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрында «Армандар орындалады» атты спектакльдің премьерасы өтті.
Қойылым Астана күніне орай Жұмысшы мамандықтары жылы аясында сахналанды. Спектакльдің авторы әрі режиссері – Нұржігіт Мүсілімов. Кейіпкерлері – агроном, сантехник, электрик, мұғалім, бағдарламашы, құрылысшы, дәрігер, аспаз, даяшы және еңбек қауіпсіздігі инженері. Олардың барлығы бір жатақханада тұрады. Бұл қоғамның шағын моделі іспетті, мұнда әркім өз рөлін атқарады. Барлығын үйлестіріп, байланыстырушы ретінде комендант Айжан бейнеленеді. Басты кейіпкер – өзінің болашақ мамандығын таңдай алмай жүрген жас жігіт Дархан. Қойылым барысында кейіпкерлер сахнадан өз мамандығына қалай келгенін әңгімелейді.
Автор Нұржігіт Мүсілімовтің айтуынша, басты мақсат еңбек адамының бейнесін насихаттау, қандай мақсатпен, не үшін жұмыс істейтінін көрсету болды. Қойылымның ерекшелігі – әртүрлі мамандық иелері сахнада өздерін сомдауы. Олардың қатарында Астанадағы №85 мектеп-лицейінің мұғалімдері, дәрігер-интерн, даяшы, бағдарламашы және электрик бар. Оларға төрт кәсіби актер көмектесті. Купидон рөлін Ерхат Жеңісбек ойнады. Ол – Астана медицина университетінің студенті. Дәрігер-интерн бола тұра, бала күнінен актер болуды армандаған оның арманы орындалды.