Әнші Зинаттың алғашқы қадамы

«Астана» концерт залында Е.Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның қолдауымен жас әнші, Мұхит Мералыұлы атындағы байқаудың лауреаты Зинат Қасымованың «Ақ кербез» атты алғашқы жеке концерті өтті. Қоюшы режиссері, сценарий авторы – Назгүл Сарыбай.
Өнер иесі «Ақ кербез», «Құралай», «Айтжан», «Ағайша», «Ақ Жайық» және басқа да халық әндерін шырқады. Марабайдың «Сөйле дедің біздерге» термесін және Мұхиттың «Үлкен айдайын», сондай-ақ Ескендір Хасанғалиевтің, Гүлнәр Дәукенованың әндерін орындап, қошеметке бөленді.
Осы кешке арнайы келген өнер жолындағы ұстазы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Қосанова да ән шырқады. Ол: «Өнер жолында жүрген қазақ қыздарының алар асуы биік болсын. Шәкіртім Зинатқа шығармашылық табыс тілеймін!» дей келіп, қолдау көрсеткен жұртшылыққа ризашылығын білдірді.
Одан кейін Зинат республикалық байқаулардың лауреаттары Айдос Оңғарбай, Өзгеріс Шерікбай, Алуа Қалымбекова және Нұржан Мейірханмен бірге бірнеше ән орындады.
«Қорқыт» этноансамблінің (жетекшісі – Шолпан Қорғанбек) мүшелері әншіні сүйемелдеп отырды және бірнеше күй орындады. Ал «Шалқыма» халық би ансамблінің және «Әлем» заманауи би балетінің бишілері бұл кештің сәнін арттыра түсті.
Концерт соңында әнші З.Қасымова: «Мақсатым – ата-бабамыздан мұра болған дәстүрлі әндерімізді насихаттау және көп айтылмай, ұмыт бола бастаған шығармаларды репертуарыма қосып, жаңғырту. Қазақтың халық әні – рухани мол қазынамыз. Әр адам осы байлықтан азық алсын. Бала кезімде Астана төрінде өнер көрсетуді армандап едім. Бүгін соған қол жеткізгеніме өздеріңіз куә болып отырсыздар. Менің өмірім өнер үшін, ал өнерім сіздер үшін!» деп көрермендерге алғысын жеткізді. Ақ кимешек киген әже сахнаға көтеріліп, жұртшылықтың ризашылығы ретінде жас әншіге батасын берді.
Айбатыр САМИҒОЛЛАҰЛЫ