Мәдениет

«Әміре»: моноспектакльден – музыкалық драмаға

Биыл асқан әнші Әміре Қашаубаев­тың паң Париж төрінде өткен
«ЭКСПО» көрмесінде ән салып, қазақ өнерін Еуропаға танытқанына тура 100 жыл толып отыр. Осы оқиғаға орай елорданың Музыкалық жас көрермен театры «Әміре» музыкалық драмасының премьерасын ұсынды. Шығарма авторы – Қанат
Жүнісов, қоюшы режиссері – Асхат Маемиров.

Негізінен, бұл туынды аталмыш өнер ошағының репертуарында моноспектакль жанрында бұрыннан бар. Енді бірнеше кейіпкер қосылып, аздаған өзгеріс енгізіліп, музыкалық драма түрінде көрерменге жол тартты. Спектакльде Әміренің табысы мен трагедиясы, өмірі мен өнерінің негізгі беттері жақсы қамтылды.

Әміреге атақты Қоянды жәрмеңкесі қанат бітірді. Өнерін ол Семейдегі «Ес-аймақ» труппасында шыңдады. Әншілікпен қатар актерлікке бет бұра бастады. Бұған оны Жүсіпбек Аймауытов, Жұмат Шанин, Мұхтар Әуезов баулыды. Әміре осы труппадан түлеп ұшып, Қызылордада қазақтың алғашқы кәсіби театры құрылғанда соған қабылданды.

Әміре дегенде, өнертанушы Жарқын Шәкәрім еріксіз еске түседі. Әміренің орындауында фонографқа жазылған әндерді тапқан, ол туралы бірнеше кітап жазған Жарқын Жақияұлы бір әңгімесінде қазақ театрының «№1-ші» әртісі Әміре Қашаубаев екенін, актерлерді жұмысқа қабылдау тізімінің ең басында сол тұрғанын айтқан еді. Ендеше, қазақ театры Әміреден басталады десек, ақиқаты да сол болар.

Дара дарынымен дала сахнасынан өнер көгіне самғаған Әміренің жұлдызын Парижде ән салуы жандырды. Бірақ бұл оқиға оған бақпен қатар сор да әкелді. Бұған себеп – Франция астанасында кеңес өкіметі «халық жауы» санаған Алаш қайраткері Мұстафа Шоқаймен кездесуі. Музыкалық драмаға моноспектакльде болмаған Мұстафа Шоқай мен оның жары Марияның бейнелері қосылды. Парижден оралысымен Әміренің соңына «үш әріп» қызметкерлері түсіп, ақыры түбіне жетіп тынды.

Қойылымда Әміре бейнесін талантты актер Оразалы Игілік сомдайды. Жоғарыда аталған оқиғаларды ол ауызша баяндап та, ойыны арқылы көрсетіп те берді. Әнші бейнесін сомдағаннан кейін әртіске әншілік өнер де керек. Бұл өнер Оразалының бойында бар. Шымылдық түрілгенде Үкілі Ыбырайдың «Гәккуін» шырқайтын ол қойылым бойы «Балқадиша», «Дудар-ай», т.б. осы секілді ұлттық классикаға айналған туындыларды әуелетеді. Көрермен ретінде арнайы шақырылған қазақ әнінің бүгінгі биігі, Қазақстанның халық әртісі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Еңбек Ері Қайрат Байбосынов Оразалының әншілік өнеріне риза болып, батасын берді.

Әміре Қашаубаев бір Жүсіпбектен (Аймауытов) театр өнерінің әліппесін үйренсе, екінші Жүсіпбекке (Елебеков) ұстаз болды. Қазақ әншілік өнерінің көші осылай Әміре-Жүсіпбек-Қайрат болып жалғасты. Қайраттан қаншама шәкірт өрбіді. Драма авторы Қанат Жүнісов те Қайрат Байбосыновтың шәкірті екенін айту керек. Қойылым режиссері Асхат Маемиров айтқандай, қазақтың дәстүрлі ән өнерінің тізгіні қазір Қайрат Әукенұлының қолында.

Жүсіпбек Елебеков шәкіртіне Әміре туралы айтады екен. Қайрат Байбосынов сахнада тұрып, сол естеліктерімен бөлісті. Соның ішінде Әміренің дауысы аса зор болғанын, 12 шақырымнан естілгендігін айтты. Музыкалық жас көрермен театры мәртебелі қонақтың иығына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Сол арқылы біртұтас қазақтың әншілік өнеріне құрмет көрсетті.

5-12 қазан күндері Әзербайжан астанасы Баку қаласында «Ислам ынтымақтастығы ұйымының мәдени фестивалі: Баку шығармашылық апталығы – 2025» фестивалі өтеді. Музыкалық жас көрермен театры осы іс-шараға «Әміре» музыкалық драмасымен арнайы шақырылды. Астаналық өнер ұжымы 10 желтоқсан күні өнер көрсетеді. Сәттілік тілейміз.

P.S. Қазақта сахнаға немесе киноға сұранып тұрған тұлғалар көп. Әміре қазақтың дәстүрлі ән өнерінің асқары болса, биыл туғанына 80 жыл толған Амангелді Сембин – опера өнерінің биігі. Италияның атақты «Ла Скала» опера театрында тәжірибеден өтіп, оның сахнасында ән салған тұңғыш қазақ Амангелді Нақыпұлының өмірі мен өнері де триумф пен трагедияға толы. Кезекті кейіпкер сол болуы керек деп есептейміз.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button