Мәдениет

«Әлімхан әлемін» әспеттеді

Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері, қазақ жерінің тұтастығы мен шекарасын айқындау жолында өлшеусіз еңбек сіңірген тұлға, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, ағартушы-ұстаз Әлімхан Ермеков­тің туғанына биыл 135 жыл толып отыр. Осы атаулы дата аясында ұлтқа қызмет еткен тұлғаның өмірі мен мұрасын кеңінен насихаттауға арналған «Әлімхан әлемі» атты жинақ-кітап құрастырылып, баспадан жарық көрді.

Бұл – тарихи тұлғаның та­ғы­лымы мол рухани мұрасын жас ұрпақ санасына сіңіруге бағытталған маңызды еңбек. Кітаптың тұсаукесері елордадағы Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейде Астана қаласы мектеп оқушылары арасында өткен «Әлімхан әлемі» зияткерлік ойы­ны мен математика пәнінен «Ермеков олимпиадасының» салтанатты ашылуы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараға белгілі қаламгер, ғалым, филология ғылымдарының докторы Тұрсын Жұртбай, қоғам қайраткері, ақын Әкім Ысқақ, белгілі композитор Кентау Назарбек, абайтанушы ғалым Жандос Әубәкір, ақын Айбатыр Сейтақ кітаптың ғылыми кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы Нұрбек Шаяхмет сынды зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жалпы көлемі 274 беттен тұратын жинақ үш бөлімнен құралған.

Бірінші бөлім – «Әлімхан әлемі». Бұл бөлімде Алаш қайраткерінің өмір жолы, қоғамдық қызметі, ой-толғамдары мен өз еңбектерінен үзінділер қамтылған.

Екінші бөлім – «Әлімхан Әбеу­ұлы жайлы зерттеулер». Мұнда белгілі алаштанушы ғалымдар Тұрсын Жұртбай, Қанат Өскембаев, Тұңғышбай Мұқан еңбектерімен қатар, мектеп мұғалімдерінің ғылыми конференцияларда ұсынған мақалалары енгізілген.

Үшінші бөлім – «Әлімхан Әбеуұлын ұлықтау». Бұл бөлімде тұлға туралы пікірлер, поэмалар, арнаулар, пьеса және «Әлімхантану» курсының бағдарламасы топтастырылған.

Қадырғазы МҰҚАНОВ

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button