Басты ақпаратМәдениет

Әли Бидахмет: Бутусов пен Крымов жолы бізге келмейді

Қазақ театрының жаңа буыны соңғы жылдары тың қойылымдарымен, батыл қадамдарымен көрермен назарын аударып жүр. Солардың бірі – актерлік жолдан режиссураға бет бұрған Ә.Мәмбетов атындағы Мемлекеттік драма және комедия театрының бас режиссері Әли Бидахмет. Театр өнеріне жаңа серпінмен келе жатқан  жас режиссердің «Болмаған балалық шақ», «Танакөз» спектакльдері мен «Сәйгүлік» қойылымы – театрдағы басты белес­тері. Біз оның шығармашылық жолы мен театрдағы ізденістері туралы әңгімелестік.

– Әли, сіз Мәмбетов театрының алғашқы құрамынан бері жұмыс істеп келе жатырсыз. Сол бастапқы кезең туралы айтып берсеңіз.

– Біз – Сайлау Қамиевтің шеберханасын бітірген ең алғашқы құрамбыз. Мәмбетов театрының ашылуына ұстазымыздың үлкен үлесі тиді. Біз оның шәкірттері ретінде актер болып алындық. Студенттік өмір аяқталғандықтан театрға келгенде жатақханадан шығарды. Театр ашылғанда бірнеше ай тегін жұмыс істедік. Штат берді дегенмен, нақты бұйрық жоқ еді. Сол кезде пәтер жалдауға ақша жоқ болғандықтан, екі жарым ай театр ішінде тұрдым. Басқа жұмысқа бару мүмкін емес еді, себебі күнде дайындық жүріп жатты. Майкл Фрейннің «Сахна артындағы шуыл» спектаклімен ашылдық. Алғашқы рөлімді сонда сомдадым. Біраз уақыттан кейін алғашқы жалақымызды алып, бәріміз қатты қуандық. Осылайша театрдың тарихы басталды. Қазір, міне, сегізінші маусымға келдік, жалпы 34 спектакль қойдық.

– Сізді режиссураға бет бұрғызған қай кез еді?

– Оған түрткі болған – ұстазым Сайлау Қамиев. Маған алдымен «Маугли» ертегісін тапсырды. Бұған дейін актер едім, сол қойылымнан бастап сахнаны басқа қырынан көре бастадым. Өзім ойнағым да келді, бірақ режиссер ретінде мүмкін емес екенін түсіндім. Процесс қатты ұнады. Кейін Мәскеуге барып тәжірибе жинап келдім. Содан кейін бізде «Ауыл хикаялары» спектаклі шықты. Оны Нұржігіт Муслим екеумізге тапсырды. Осыдан соң режиссураға қызығушылығым арта түсті.

– Алғашқы үлкен жұмысыңыз – «Болмаған балалық шақ» қойылымы ма?

– Иә. Ақберен Елгезектің кітабын карантин кезінде оқып, ерекше әсерленген едім. Сол шығарманы қоюға мүмкіндік берілді. Автордың өзімен де, композитормен де ақылдасып, үлкен жұмыс жасадық. Бұл – менің алғашқы ірі режиссерлік еңбегім. «Болмаған балалық шақ» біздің театр тарихындағы алғашқы аншлаг болды. 900 орындық зал толып, өнерімізге үлкен серпін берді.

– Кейін сахнаға «Тана­көз» спектаклі шықты. Бұл қойылым сіздің шығармашылығыңызда ерекше орын алатын сияқты?

– Иә, «Танакөз» спектаклі – менің мектептен бері сүйіп оқитын шығармам. Мұхтар Шаханов ағамен Алматыда кездесіп, батасын алып, сахналадық. Бұл қойылым халық тарапынан ерекше қабылданды. Алматыға гастрольмен апарғанда адам сыймай, жүзден аса көрермен сыртта қалды. Аншлаг болды. Премьераға Тұңғышбай Жаманқұлов келіп, батасын берді. Әрине, кейбіреулер мен туралы «қойған спектакльдерінде идея жоқ, қызықсыз» деп жатты. Бірақ мен үшін бастысы – көрерменнің ыстық ықыласы.

– Әзірге соңғы қойылымыңыз – «Сәйгүлік». Бұл жолы сіз Табылды Досымовтың өмірі мен өнеріне тоқталыпсыз.

– Иә, бұл қойылымды біз актер, жас драматург Қазыбек Аманжол екеуміз құрастырдық. Табылды аға – бард ақын, қазақ өнерінің ерекше тұлғасы. Басты рөлге бірден Ақжол Амантайды таңдадым. Себебі ол дайындық кезінде Табылды ағаны тірілт­кендей әсер қалдырды. Кей сәттерде шынымен Табылды ағамен жүздескендей болдық. Бұл қойылымның біздің театр үшін маңызы ерекше.

– Сіздің шығармашылық ұстанымыңыз қандай?

– Ешкімге еліктемеймін. Кей режиссерлер Бутусов пен Крымов болғысы келеді, бірақ ол жолдың бізге келмейтініне Мәскеуде жүріп көзім жетті. Өз жолым – қарапайым әрі шынайы. «Спектакльді өте қарапайым қояды, талғамы жоқ» деп айтатындар бар. Бірақ бастысы – көрермен бар. Мен үшін ең маңыздысы – көрермен үшін еңбек ету.

Нұрсая ҚАЙРАТ,

К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер
университетінің
3-курс студенті

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button