Әлеуметтік желінің балаға жағымсыз әсерін қалай азайтамыз?

Астанада «Хабар» телеарнасындағы «Азамат» интеллектуалды жобасының кезекті шығарылымы балалардың әлеуметтік желілерді пайдалануына байланысты өзекті мәселені көтерді. Тақырып – «Әлеуметтік желілердің балаларға тигізетін жағымсыз әсерін азайту жолдары». Пікірсайыс алаңында екі жоғары оқу орны – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университеті мен Шахмардан Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университеті студенттері көзқарасын ортаға салды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Шахмардан Есенов атындағы университеттің жастары әлеуметтік желілерге тосқауыл қоюдың нақты механизмдерін ұсынды. Команда балаларды онлайн қауіптен қорғау үшін жасанды интеллектке негізделген фильтрлеу жүйесін енгізуді, зиянды контентті сүзгіден өткізетін құралдарды заңмен бекітуді және ең бастысы – балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруды ұсынды. Олар қазіргі таңда Қазақстандағы ата-аналардың тек 17,6%-ы ғана интернеттегі қауіпті контентке шектеу қою үшін арнайы құралдарды пайдаланатынын атап өтті. Бұл – қоғамның цифрлық сауаттылық деңгейінің әлі де төмен екенін көрсететін алаңдатарлық дерек.
Ал Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің студенттері бұл мәселені басқа қырынан қарастырды. Олар интернеттегі қауіпті мазмұнмен күресті ананың саналы тәрбиесінен бастау қажет деп санайды. Команда «Сауатты ана – сауатты бала» атты ерекше бастамасын таныстырды. Жобаның мәні – болашақ аналарды жүктілік кезеңінен бастап психологиялық, педагогикалық және цифрлық сауаттылыққа баулу. Бұл арқылы олар ана мен бала арасындағы тірі қарым-қатынасты күшейтуді, тіл дамуының тежелуі (ЗПР) сияқты проблемалардың алдын алуды мақсат етті.
Бағдарламаның қазылар алқасы құрамында «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бас директоры Мақпал Жұмабай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жанарбек Әшімжан және «Qazaq Debate» қозғалысының негізін қалаушы Ерболат Мұхамеджан болды.
Қазылар алқасы спикерлердің логикасын, ұсынылған шешімдердің нақты әрі жүзеге асыруға болатынын ескере келе, жеңіс Есенов университетінің командасына берілді. Команда ұсынған бастамалар қоғамның цифрлық қауіпсіздігіне, ата-аналардың рөлін арттыруға және балаларды әлеуметтік желідегі зиянды контенттен қорғауға бағытталды.
«Азамат» бағдарламасы – жас ұрпақтың саналы ойлауын қалыптастырып, өзекті мәселелерді терең талқылауға мүмкіндік беретін бірегей алаң. Алдағы шығарылымдарда да қоғамды толғандырған тақырыптар күн тәртібіне шығарыла бермек.