Әлеумет

Әлеуметтік төлемдер біріздендіріледі

Астанада әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтардың саны артып келеді. Бұл туралы «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты жаңа Жолдауында мәлімдеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа әлеуметтік көмек беру жағын қайта қарауды тапсырды.

Расында, өзге өңірлерде тұратын зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар, мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар мен әлеуметтік көмек алушылар кейінгі кезде елордаға ағылуда. Олардың басым бөлігі үшін зейнетақы мен жәрдемақы – жалғыз табыс көзі. Сондықтан дәл осы топтағы азаматтардың ел астанасына тоқтаусыз көшіп жатқаны жасырын емес. Бұл ретте Президент соңғы 3 жылдың өзінде бас шаһар тұрғындарының саны 250 мыңнан астам адамға, соның ішінде былтыр 100 мың тұрғынға көбейгенін, биылғы өсім онсыз да жоғары саналатын осы көрсеткіштен асып түсуі мүмкін екеніне тоқталды.

Бүгінгі таңда елордада 260 мыңға жуық адам атаулы әлеуметтік көмек алады. Әлеуметтік қолдауға арналған шығындар да бюджет кірісінен жылдамырақ өсіп жатыр. Ал әлеуметтік міндеттемелердің үлесі тым артып барады.

«Жұрт өңірлерден ел астанасына тоқтаусыз көшіп жатыр. Әкімдік қаланың қарқынды дамуына жағдай жасаудың орнына әлеуметтік шығындарға қыруар қаржы жұмсауға мәжбүр. Оның қала бюджетіндегі үлесі қазірдің өзінде 60 пайызға жеткен. Бұл ахуалды түзеу үшін түбегейлі шаралар қабылдау қажет. Жұрттың өңірлерден ел астанасына не себепті тоқтаусыз көшіп жатқанына мұқият талдау жүргізіп, әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан тартымды басқа да орталықтар құруға арналған кешенді шаралар қабылдау керек» деді Мемлекет басшысы.

Еліміздегі Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова Үкімет отырысында Астанадағы көпбалалы отбасылар басқа аймақтармен салыстырғанда 10 есе көп жәрдемақы алатынын тілге тиек еткен болатын. Нақты мысал да келтірді.

«Мәселен, Астанада алты балалы көп отбасы тоқсанына 2,7 миллион теңге, ал басқа аймақтардағы отбасылар 273 мың теңге жәрдемақы алады. Сондықтан әлеуметтік әділдік принципі болу үшін әлеуметтік көмекті барлық аймаққа бірдей беру жағы қарастырылады» деді министр.

Айтуынша, мемлекеттің әлеу­меттік міндеттемелері қысқармайды. Аталған өзгеріс­тер зейнетақыға, мүгедектік бойынша, асыраушысынан ­айырылу бо­йынша жәрдемақыға және рес­публикалық бюджеттен төленетін басқа да төлемдер сияқты мемлекеттік кепілдіктерге еш әсер етпейді. Тек жергілікті деңгейде көрсетілетін әлеуметтік қолдаудың атаулылығы мен ашықтығы күшейтіледі.

Атаулы әлеуметтік көмектің негізгі мақсаты ақшалай төлем түрінде қолдауды жүзеге асыру және отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына тарту арқылы отбасын қиын өмірлік жағдайдан шығару екенін ескерсек, 2025 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 39,2 мың отбасындағы 210,1 мың адамға 5,3 млрд теңге сомасына атаулы әлеуметтік көмек таға­йындалған. Ал 1 тамыздағы жағдай бойынша атаулы әлеуметтік көмек 48,3 мың отбасындағы 259,7 мың адамға 18,6 млрд теңге сомасында тағайындалды. Биыл бұл мақсаттарға бюджеттен 110,7 млрд теңге қарастырылған.

«Мемлекеттің көз алдында­ғыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жыл­постар да көбейді» деді Қасым-­Жомарт Тоқаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне сәйкес, 2025 жылы әлеуметтік қолдаумен 200 мыңнан астам адам қамтылады. Оның ішінде: 35706 – көпбалалы отбасылар; 7510 – «Алтын алқа», «Күміс алқа» иеленген көпбалалы аналар; 7346 – әлеуметтік аз қамтылған азаматтар; 127029 – жасына және еңбек өтіліне байланысты зейнеткерлер; 38009 – мүмкіндігі шектеулі жандар және 11422 ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар бар.

Бас қалада қазіргі күні 127029 зейнеткер, 38009 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген, олардың 10869-ы – балалар. Бүгінде бұл бағытта әлеуметтік қолдау шараларын кеңейту, материалдық-техникалық базаны нығайту, жаңа әлеуметтік нысандар салу, жұмыс орындарын құру және азаматтарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды іс-шаралар жүзеге асырылуда. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейтіп, елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашып жатқан жоқпыз ба?

Әлеуметтік жеңілдіктерді алу үшін әртүрлі әрекетке барып жүргендер кездесуде. Тіпті іс жүзінде бір шаңырақ астында сүттей ұйып тұрып жатса да қағаз бойынша ажырасып, толық емес отбасы деген жалған атты иеленгендердің барын естігенде, төбе шашымыздың тік тұрғаны анық. Салдарынан ажырасқан отбасылар саны күрт өсіп, әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланушылар қатарын қолдан көбейтіп алдық. Жас жұбайлар арасында неке бұзушылардың көбеюінде әлеуметтік астар барын зерттеуші-ғалымдар айтып та, жазып та жүр.

Мемлекет басшысы «Жүргенге жөргем ілінеді» деген қағидатты енгізіп, өңірлердің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыру мәселесін қайта қараумен бірге, аймақтардағы әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға бөлінетін әлеуметтік төлемдерді біріздендіруді тапсырды. Бұл тұста біз халыққа әлеуметтік көмек береміз деп қоғамда жалқаулық пен масылдыққа жол беріп отырған жоқпыз ба деген заңды сұрақ туындайды. Әрине, әлеуметтік сала айрықша назар аударуды қажет ететіні белгілі. Дегенмен бөлінген төлемдер барынша тиімді жұмсалып, ол шын мәнінде көмекке мұқтаж адамдарға бе­рілсе дұрыс болар еді. Біздің ел әлі күнге дейін бұрынғы Кеңес Одағы аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеді.

«Отбасы мүшелерінің барлығы дерлік нысаналы әлеуметтік көмек пен жәрдемақы алса, жұмыс істеудің не қажеті бар? Басқаша айтсақ, әлеуметтік салада оңтайлы шешім қабыл­даудың орнына Үкімет кемінде 15 жыл бойы әлеуметтік масылдық пен әлеуметтік алаяқтыққа жол беріп келді. Елдегі демография­лық үрдістерді егжей-тегжейлі зерделеп, ұзақ жылға арналған шешімдер қабылдау айрықша маңызды. Алайда осы салада мәліметтерді тиісті деңгейде есепке алып, талдау жасау жолға қойылмаған. Бұл жағдай еңбек нарығының сұранысын болжау, инфрақұрылымды дамыту жұмысын жоспарлау және басқа да міндеттерді орындау жолында қиындық туғызады» деді Қ.Тоқаев.

Еліміздегі азаматтардың қар­жылық сауаттылығын арттыру да аса маңызды мәселе. Осыған орай, Amanat партиясы ұсынған «Қарызсыз қоғам» жобасын жүзеге асыру жалғасса, халықтың мойнындағы қарыз азайып қана қоймай, азаматтардың табысы да тұрақталып, әлеуметтік саладағы көп мәселенің түйіні шешілер ме еді…

Гүлбаршын ӨКЕШҚЫЗЫ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button