Әлеуметтік қорғау қызметкерлеріне құрмет

«Жастар» театрында Әлеуметтік қорғау жүйесі қызметкерлері күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, қалалық Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб, қалалық мәслихат депутаттары қатысып, сала қызметкерлері мен ардагерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
Салтанатты іс-шараны ашқан Ерік Мейірханов бүгіндері елордада 41 мыңға жуық мүмкіндігі шектеулі жан тұрып жатқанын, соның 11 мыңы балалар екенін атап өтті. Оларға және қиын жағдайға түскен адамдарға 2 мыңнан аса азамат, соның ішінде 434 әлеуметтік қызметкер, 11 әлеуметтік мекеме мен 8 үкіметтік емес ұйым қызмет көрсететінін айтты.
«Сіздер күнделікті қызметтеріңізде мұқтаж жандарға көп қолдау көрсетіп, сенімдеріне ие болдыңыздар. Сонымен қатар еліміздің әлеуметтік тұрақтылығына үлкен үлес қосып отырсыздар» деді қала әкімінің орынбасары.
Жиында аталмыш саланың 30-ға жуық қызметкері марапатталды. Оларға Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің медальдары, Астана қаласы әкімінің алғыс хаттары тапсырылды. Әкімнің алғыс хатына ие болғандардың бірі – Байқоңыр ауданы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының қазақ тілі оқытушысы Маржан Пірімбетова. Білім саласында жарты ғасырға жуық уақыт жұмыс істеген маман әлі де ел игілігіне қызмет етуде.
Әсел ЖҰМАҒҰЛОВА