Әлеумет

Әлеуметтік нысандарды аралады

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің мүшелері елордадағы бірқатар білім беру ұйымдары мен спорт нысандарын аралады. Жұмыс сапары барысында мекемелердің материалдық-техникалық базасы, қаржыландыру мәселелері және инфрақұрылым жағдайы қаралды.

Қоғамдық кеңес мүшелері аралау кезінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының жүзеге асырылу тиімділігі мәселесі туралы талқылады. Ең әуелі олар Астана халықаралық университетінің педагогикалық колледжіне барып, оқу үдерісін ұйымдастыру және қаржыландыру тетіктерімен танысты. Қазіргі норматив бойынша бір студентті даярлауға шамамен 400 мың теңге бөлінеді. Соңғы 6 жылда оқу орнын дамытуға бағытталған инвестиция көлемі 1 миллиард теңгеден асқан. 2024 жылы Жоғары педагогикалық колледжі лицензиясын алған оқу орны бұрын Гуманитарлық колледж деп аталған еді. Ал 2019 жылы колледж Астана халық­аралық университетінің қарамағына сенімгерлік басқаруға берілді.

– Бүгінде колледж базасында 1100 студент оқиды, оның 984-і мемлекеттік қаржыландыру негізінде білім алады. Біздің колледжбен бірге, Астана қаласы бойынша жалпы 5 колледж педагог мамандарын даярлайды, – деді өз сөзінде колледж директоры Ардақ Әділжанов.

Талқылау барысында кадр тапшы­лығы мен жан басындағы қаржыландыру көлемінің аздығы мәселесі де сөз болды.

Одан кейін Бейбітшілік көшесінде орналасқан, колледж студенттеріне арналған 938 орындық заманауи жатақхана нысаны таныстырылды. Құрылыс жұмыстары толық аяқталған, қазіргі таңда іске қосуға дайындық жүргізілуде. Жоспар бойынша жатақхана наурыз айында ресми түрде пайдалануға беріледі.

Ғимаратта студенттердің қауіпсіз­дігіне айрықша мән берілген. Тоғыз қабатты нысанда барлығы 180 бейнебақылау камерасы орнатылған. Әр қабатта екі ас үй мен кір жуатын бөлме бар.

Бұдан әрі мәслихат депутаттары мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарына арналған «Тарлан» мұз аренасында, паралимпиадалық жаттығу орталығында болды.

– Халықаралық деңгейдегі мамандандырылған паралимпиадалық жаттығу орталығында бүгінгі таңда спорттың 23 түрі дамыған, ол 7 мыңнан астам адамды қамтып отыр. Ерекше физикалық қажеттіліктері бар адамдар ақысыз негізде жаттығады. Мұнда 3 негізгі зал бар – жаттығу, ойын және жекпе-жек залы, – деді «Паралимпиадалық да­йындық орталығы» қорының атқарушы директоры Абдусаид Назаров.

Орталыққа келушілер үстел теннисі, пара дзюдо, пара каратэ, пара таэквондо, йога, шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ, бочча, голбол, пара бадминтон, отырып ойнау волейболы, дартс, пара пауэрлифтинг, пара черлидинг, пара грэпплинг және пара армрестлинг сияқты спорт түрлері бойынша жаттығады. Ал «Тарлан» мұз аренасында, негізінен, хоккей мен мәнерлеп сырғанаудан кәсіби, жартылай кәсіби және әуесқой пайдаланушылар үшін жаттығулар өтеді. Мұнда кешеннің ерекшелігімен қатар, жаттығуға қажетті құрал-жабдықтарды уақытылы жаңарту маңызды екені де айтылды. Мониторинг тобы айтылған барлық ұсыныс пен ескертпені назарға алып, оларды Қоғамдық кеңестің отырысында талқылап, мәслихатқа жолдау туралы шешім қабылданатынын айтты.

Индира Бержанова 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button