Әлеумет

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізбесі уақытша кеңейтілді

Елімізде баға тұрақтылығын сақтау және халық үшін негізгі азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі уақытша кеңейтілді. Елорданың Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Ғалымжан Ілиясов ӘМАТ тізбесін кеңейтудегі негізгі міндеттердің бірі – баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету және негізсіз жоғары сауда үстемесін қолданатын тиімсіз делдалдарды болдырмау екенін мәлім етті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Спикердің айтуынша, сауда үстемесінің шекті мөлшерін 15 пайыздан асырмау түпкі бағаның өсуін тежеуге мүмкіндік береді және азық-түлік инфляциясын тұрақтандыруға ықпал етеді.

Аталған шаралар халық үшін айқын оң нәтиже береді. Бағаның шектен тыс өсуінің алдын алу, негізсіз үстеме бағалардың төмендеуі және баға қалыптастырудың бірыңғай ережелерінің енгізілуі нарықты неғұрлым болжамды әрі түсінікті етеді. Бұл, әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтар үшін аса маңызды.

Өндірушілер мен импорттаушылар үшін тауарлардың ӘМАТ тізбесіне енуі қосымша экономикалық ынталандырулар ұсынады. Атап айтқанда, олар сауда желілеріне түрлі сыйақылар мен ретро-бонустар төлеу міндетінен босатылады. Босатылған қаражатты өндірісті кеңейтуге, қуаттарды жаңғыртуға және бизнесті дамытуға бағыттауға болады.

Сонымен қатар ӘМАТ тізбесіне енгізілген тауарларды өндірушілер мемлекеттік қолдау шараларына қол жеткізеді. Олардың қатарында жеңілдетілген тасымалдау, коммуналдық қызметтердің бекітілген тарифтері, айналым қаражатына арналған жеңілдікті қаржыландыру және басқа да ынталандыру құралдары бар.

Бұл ретте тізбенің кеңеюі көбіне аралық сатушыларға – көтерме және бөлшек сауда буынына әсер етеді. Сауда үстемесінің қысқаруы олардың маржиналдылығын төмендетіп, қалыптасқан коммерциялық үлгілерді қайта қарауды талап етеді.

Дегенмен, бұл жағдайда халықтың мүддесі мен әлеуметтік тұрақтылық басымдыққа ие.

Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы № 362-нқ бұйрығына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіне қаптамасына, оралу түріне, өндірушісіне, шыққан еліне және көлеміне қарамастан 31 тауар енгізілді.

Тізбеге бірінші сұрыпты бидай ұнынан жасалған ұн мен нан, макарон өнімдері (мүйізше), жармалар (қарақұмық, күріш), көкөністер мен жемістер (картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қызанақ, қияр, алма), қант, күнбағыс майы, ет және ет өнімдері (сиыр еті, қой еті, жылқы еті, тартылған ет, тауық еті мен тауық ұшалары), жекелеген балық түрлері, сүт өнімдері (сүт, айран, қаймақ, сүзбе, ірімшік, сары май), І санаттағы тауық жұмыртқасы, қара шай және ас тұзы («экстрадан» басқа) кіреді.

Айта кету керек, аспаздық өнімдер, аспаздық жартылай фабрикаттар және дайын тағам өнімдері ӘМАТ қатарына жатпайды. Ерекшелік ретінде тек тартылған ет қана енгізілген. Бұл Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 28 сәуірдегі № ҚР ДСМ-36 бұйрығымен бекітілген санитариялық қағидаларға сәйкес өнімдердің өңделу деңгейі мен дайындық дәрежесінің айырмашылығына байланысты.

Осылайша, маринадталған көкөністер, маринадталған ет және тауық өнімдері, сондай-ақ порциялық және ұсақталған ет жартылай фабрикаттары (котлеттер, тефтельдер, кәуап, гуляш, рагу және РК СТ РК 1034-2000 стандартында көрсетілген өзге де өнімдер) әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне енгізілмейді.

Жаңартылған ӘМАТ тізбесіне сәйкес, бейінді департаменттер, қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармалары, сондай-ақ аудандық әкімдіктер тарапынан кәсіпкерлік субъектілері арасында кең көлемді түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Кәсіпкерлерге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына белгіленген 15 пайыздан жоғары сауда үстемесін асыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғатыны ескертілуде. Бұл талаптарды сақтау тұтынушылардың мүддесін қорғауға және азық-түлік нарығындағы баға тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған.

ӘМАТ тізбесін кеңейту – мемлекет, бизнес және азаматтардың мүдделерін теңестіруге бағытталған жүйелі шара әрі экономикалық сын-қатерлер жағдайында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігі.

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Ұқсас жаңалықтар
Close
Back to top button