Әлем жұлдыздары ән шырқады

Бас қалада Қазақстандағы туризмді дамытуға үлес қосатын ірі мәдени жоба Älem fest-2025 өтті. Музыкалық фестиваль әлемдік және қазақстандық өнер жұлдыздарының басын бір сахнада қосты. Шақырылған қонақтар қатарында Craig David, Sadraddin, Ёлка, Alem, IOWA, Банд’Эрос, Доминик Джокер, DJ Groove болды.
Astana Arena сахнасында өнер көрсетіп, жанкүйерлерін қуантқан танымал IOWA тобы соңғы жылдары Астананың қалай өзгергеніне таңданып, бас қала туралы әсерімен бөлісті.
«Қалаларыңыз өте әдемі! Қонақүйге келгенде ұзақ уақыт ұйықтай алмай, терезеден қарап тұрдым. Мынау қандай колизей? Мынау қандай опера? Ғимараттары қандай көркем?! Біз соңғы рет бұл қалаға 7-8 жыл бұрын келіппіз, содан бері көптеген өзгеріс болыпты. Қала тап-таза, сұлу әрі жарқырап тұр. Мұнда қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Маңыздысы – сіздер бұл орынды өз қалаларыңызға айналдырып жатырсыздар. Мен мұнда үлкен сүйіспеншілікті сезіп тұрмын» деді сахнада топ мүшесі Екатерина Иванчикова.
IOWA тобының өнері көрермендерге ерекше көңіл күй сыйлады. Концерт соңында әншілер астаналықтарға ыстық ықыласы үшін алғыс айтып, алдағы уақытта тағы да оралуға уәде берді. Кештің қорытындысы ретінде Aspan Galaxy-дің әсерлі дрон-шоуы өтті, ол түнгі аспанды шынайы жарық симфониясына айналдырды. Осы жаздың ең басты музыкалық фестивалі 7 сағатқа созылып, келушілерге шынайы жарқын көңіл күй сыйлады. Astana Arena сахнасын музыка, жарық пен энергияға толтырған фестиваль қала тұрғындары мен қонақтарына ұмытылмас әсер қалдырды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ, Райхан рахметова