Басты ақпаратЕл тынысы

Әкім халықтың сенімін ақтауы тиіс

Кеше Астанада ауыл әкімдерінің диалог-платформасы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сөз сөйлеп, ауылды өркендету, ауыл әкімдері институтын одан әрі жетілдіру міндеттерін айқындады. Cондай-ақ еліміздің саяси және әлеуметтік-экономикалық дамуының маңызды мәселелеріне тоқталды.

Құрметті ауыл әкімдері!

Бүгінгі жиынның мән-маңызы айрықша. Еліміздегі барлық деңгейдегі атқарушы билік өкілдері осы жерге арнайы шақырылды. Ауыл әкімдерінің басым көпшілігі, яғни 80 пайы­зы осында. Жалпы, осындай ауқымды құраммен алғаш рет бас қосып отырмыз.

Шын мәнінде, тақырып – өте өзекті. Ауылдың жағдайы – еліміз үшін стратегиялық маңызы бар мәселе. Себебі халқымыздың тамыры – ауылда. Ауылдарымыз мықты болса, еліміз де берекелі болмақ. Сондықтан ауыл әкімдеріне қойылатын талап та, оларға жүктелетін міндет те әрдайым ерекше.

Әкім – ең алдымен, халықпен тікелей жұмыс істейтін мемлекеттік қызметші. Бұл – өте жауапты жұмыс. Ауыл әкімі ауылдың болмысын, ауылдағы ағайынның өмірін жете түсінетін нағыз іскер маман болуы керек. Жаңа ғана бірнеше әкімнің сөзін тыңдадық. Айтылған ой-пікірлерді және ұсыныстарды мұқият зерделеп, жұмыс барысында міндетті түрде ескеру қажет.

Баршаңызға мәлім, 2019 жылдан бері елімізде ауқымды саяси реформалар жүргізіліп жатыр. Қазақстан жаңа тұрпатты ел болу үшін тарихи бетбұрыс жасады. Ең алдымен, елдегі түбегейлі өзгерістердің құқықтық негізін қалыптастырдық. Саяси үдерістерді жаңғыртуға арналған 20-ға жуық заң қабылданды. Жалпыхалықтық референдум арқылы Ата заңымызға түзетулер енгізілді. Парламенттің құзыреті кеңейді, атқарушы биліктің жауапкершілігі күшейді. Саяси партиялардың рөлі артып, жұмысы жандана түсті. Сондай-ақ партияларды тіркеу талаптары едәуір жеңілдеді. Нәтижесінде Мәжілістегі саяси партиялардың саны көбейді.

Билік жүйесінде жаңа инс­титуттар пайда болды. Конс­титуциялық Сот құрылды. Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе берілді. Кассациялық сот жүйесі жұмыс істей бастады. Осылайша, біз еліміздің саяси өмірінде бұрын-соңды болмаған бірегей өзгерістерді жүзеге асыра бастадық. Қазақстан бұл саяси кеңістікте дәл осындай кең ауқымды реформаларды қолға алған бірден-бір ел деп сеніммен айтуға болады. Соның арқасында азаматтарымыз мемлекеттік маңызы бар шешімдер қабылдауға белсене атсалыса бастады.

2020 жылы халыққа Жолдауымда ауыл әкімдерін тікелей сайлау туралы бастама көтергенімді білесіздер. Бұл мемлекетті басқару ісін түбегейлі жаңғыр­ту жолындағы аса маңызды қадам болды. Себебі жергілікті әкімдер бүкіл билік жүйесінің тірегі саналады. Сондықтан біз орынсыз асығыстыққа жол берген жоқпыз, ауыл әкімдерін сайлау жұмысын 5 жылдың ішінде біртіндеп жүзеге асырдық. Бүкіл еліміз бойынша 2334 ауыл әкімі сайланды. Олардың орташа жасы – 43 жас. Жаңадан сайланған әкімдердің үштен бірі – бұрын мемлекеттік қызметте болмаған азаматтар.

Ауылдағы сайлау саяси пар­тиялардың аймақтардағы жұмысына тың серпін берді. Олар өз үміткерлерін ұсынып, сайлауға белсене араласты. Саяси ұйымдардың 1500-ден астам өкілі әкім болып сайланды. Жаңа басшылардың қатарында алты партияның мүшелері бар. Ал 700-ден астам азамат өзін-өзі ұсынып, сайлауда жеңіске жетті. Сайланған әкімдер жұмысқа кірісіп кетті, жалпы нәтиже жаман емес деуге болады. Ең бастысы, олар жергілікті жұрттың мұң-мұқтажын, шешімін таппай жатқан түйткілдерді жақсы біледі.

Ауыл-аймақтың дамуына бөлінген бюджет қаражаты да тиімді игеріле бастады. Ауылдардың кірісі көбейді, мемлекет тарапынан берілетін қаржыға, яғни дотацияға тәуелділік азайып келеді. Жақында жүргізілген сауалнамаға сәйкес ауыл тұрғындарының 84 пайызы өз әкімдеріне сенетіні анықталды. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Сондықтан ауыл әкімдерін сайлау үдерісі алдағы уақытта да жалғасын табады.

Ал аудан әкімдерін сайлауға қатысты әртүрлі көзқарас бар. Бірқатар қоғам қайраткері мен белсенді азаматтар «аудан әкімдерін сайлау қажет пе, жоқ па» деген мәселені қайта қарауды ұсынуда. Бұл мәселені Ерлан Саиров, Альберт Рау, Мархабат Жайымбетов бастаған депутаттар да көтерді. Олар елде сайлау тым көбейіп бара жатқанын, жұрт саяси науқандардан мезі бола бастағанын айтуда. Бұл пікірді ауыл және аудан тұрғындары да қолдап жатыр. Сайлау науқандары жергілікті жерде жүргізілуге тиіс нақты жұмыстарға кедергі келтіруі мүмкін деген пайымдар да бар. Бұл пікірлерді ескерген жөн.

Осыған дейін аудан әкімдерін сайлау тәсілі арқылы 52 әкім сайланды. Енді олардың қалай жұмыс істейтінін қарап көру қажет. Аудан әкімін сайлаудың тиімді-тиімсіз тұстарын мұқият саралау керек. Мәселе – аудан әкімдерінің сайлауын міндетті түрде өткізу емес, басты мақсат: біз оң нәтижелерге қол жеткізуіміз керек. Үкімет және Парламент депутаттары бірлесіп, осы мәселені жан-жақты қарап, әділетті, дұрыс шешім қабылдауы қажет. Ең бастысы, әрбір реформа салмақты көзқараспен, байыппен жасалуы керек.

Бәріңізге белгілі, елдегі өзгерістердің арқасында мемлекеттік қызметке мүлде жаңа адамдар келіп жатыр. Осы орайда, Президенттік жастар кадрлық резервін ерекше атап өткен жөн. Резервке қосылуға өтініш берген 30 мыңға жуық үміткердің ішінен 450 адам іріктеліп алынды. Олардың 72 пайызы басшылық қызметке тағайындалды.

Кадрлар құрамын жаңарту үдерісі биліктің бүкіл тармағында және барлық деңгейде жүргізіліп жатыр. Бұл – уақыт талабы. Бірақ осындай жауапты жұмыста саяси науқаншылдыққа жол бермеу керек. Ең алдымен, тиімді ұсыныс айтып, пайдалы бастамалар көтеретін, батыл шешім қабылдай алатын азаматтарды, яғни кәсіби тұрғыдан білікті мамандарды мемлекеттік қызметке көптеп тарту қажет. Біз осы маңызды жұмысты жалғастыра береміз.

 Құрметті әкімдер!

 Ауыл – төл өркениетіміздің алтын қазығы. Ауылды өркендету – баршаға ортақ парыз. Мемлекет бұл мәселеге ерекше жауапкершілікпен қарайды. Өздеріңіз білесіздер, 2022 жылы халыққа ұсынған сайлау алдындағы бағдарламада ауыл мәселесіне айрықша назар аудардым. Алғашқы Жарлығым да ауылды дамытуға арналды. Соған сәйкес Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Қазіргі таңда осы құжатқа сай нақты жұмыс атқарылып жатыр.

Жуырда ғана Ауыл еңбеккерлерінің екінші форумын өткізіп, осы саладағы өзекті мәселелерді қарадық. Ал бүгін ауыл-аймақтардың даму бағдарын айқындаймыз. Бұл – мемлекеттің алдында тұрған стратегиялық міндеттің бірі.

Соңғы жылдары ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыру үшін тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. 2022 жылы халықтың табысын арттыруға арналған кешенді жоспар қабылданды. Биыл Үкімет алдағы бес жылға арналған Өңірлерді дамыту тұжырымдамасын бекітті. Ауылға қомақты инвестиция тартылды. 2021 жылдан бері ауыл халқына алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін 864 нысан салынды. Сондай-ақ 388 жаңа мектеп ашылды. Былтыр 2 мыңға жуық ауыл мектебіне сапалы интернет берілді.

Жыл өткен сайын ауылдың әлеуеті артып келеді. Өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жоғары ауылдардың саны көбейе түсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі алты жылда 1,5 еседен астам өсіп, 8,3 триллион теңгеге жетті. Биыл ауылдағы шаруаларға 1 триллион теңге көлемінде қолдау көрсеттік. Дәл осындай мемлекеттік қолдау көрсеткен елдер көп емес, тіпті, бұл көптеген ел қол жеткізе алмайтын қаржылай көмек деуге болады.

Алайда алдымызда биік мақсаттар тұр: біз ауылдағы жағдайды жақсартып, жұмысты күшейтуіміз керек. Сондықтан алдымен ауылды дамытуға қатысты жұмыстың негізгі бағыттарына тоқталып өтейін.

БІРІНШІ. Ауыл әкімдері міндетті түрде білікті маман болуға тиіс.

Қазіргі ауыл әкімдерінің 60 пайызға жуығы осы қызметке алғаш рет сайланды. Бұл – жергілікті билік құрамы біршама жаңарды деген сөз. Алайда сайлауда жеңіске жету – алдағы үлкен жұмыстың басы ғана. «Әкім болдым, толдым» деп отыруға болмайтыны түсінікті.

Әкімдер өздерінің мықты басшы екенін іс жүзінде дәлелдеуі керек. «Басшының бағы – ел-жұрттың қамы» деп бекер айтылмаған. Нағыз елге сыйлы әкім болу үшін ауылдың ахуалын жақсы білу де аздық етеді. Халықтың сенімін ақтап, елдің береке-бірлігін нығайту үшін жұмыс істеу керек.

Әкім мемлекеттік деңгейде жасалып жатқан өзгерістерді жергілікті жерде жүзеге асыруға қабілетті болуы қажет. Кәсіби тұрғыдан білікті әрі еңбекқор әкім сайлаушылардың сенімін ақтай алады. Сондықтан ауыл әкімдерінің басқару ісіндегі шеберлігін арттыру өте маңызды.

Әкімдердің арасында бұрын билік жүйесінде жұмыс істемеген азаматтар бар екенін айттық. Олардың тәжірибесі аз екені түсінікті. Осы бағытта «Amanat» партиясының бастамасымен «Әкімдер мектебі» жобасы қолға алынды. Әрине, мұндай курстар жоғары білімнің орнын баса алмайды. Сондықтан университеттерде оқытылатын «Мемлекеттік және жергілікті басқару» бағдарламасын талапқа сай өзгерту керек.

Ауыл-аймақтарды басқару, көшбасшылық қабілетті дамыту мәселесі назардан тыс қалған. Ал бұл жұмыспен ең алдымен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі шұғылдануы керек. Құзырлы министрлікпен бірлесіп, ауыл әкімдерін даярлауға белсенді түрде кірісу қажет.

ЕКІНШІ. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін күшейту керек.

Бірақ мұны халыққа пайдасы тиетіндей мұқият ойластырып іске асырған жөн. Соңғы жылдары жергілікті билік органдары кезең-кезеңімен қосымша өкілеттікке ие болып, олардың дербестігі арта түсті. Бұл – менің нақты ұстанымым. Өйткені ауыл әкімдері елдегі ағайынның тұрмыс-тіршілігіне қатысты түйткілдерді шешумен айналысады.

Қазіргі уақытта Мәжіліс «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін өзі басқару туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарастырып жатыр. Аталған нормалар әкімдерге көше саудасына мониторинг жүргізуге, қоғамдық аумақтарды абаттандыруға, арнаулы техникалар сатып алуға қатысты өкілеттіктер беруді көздейді.

Дегенмен заңнаманың екіұшты тұстары да бар. Мәселен, әкімдерге жергілікті деңгейдегі басқару органдарының жұмысына оң ықпал етуге нақты мүмкіндік берілмейді. Бүгін әкім Ирина Шишкина ауыл әкімдерінің мемлекеттік дерек қорына қолы жетпей отырғанын айтты. Бұл мәселені шешу қажет.

Міне, осындай кемшіліктердің салдарынан әкімдер тұрғындардың талап-тілегін орындай алмайды. Ашығын айтқанда, кейбір жағдайда дәрменсіз күйге түседі. Оған жол беруге болмайды. Жергілікті мемлекеттік басқарудың түрлі деңгейлері арасындағы жауапкершілік шегі анықталмаған. Бұл өңірлердегі жағдайға кері әсер етеді. Ауыл әкімдерінің өкілеттіктері айқын болуы керек деп санаймын. Заңнамалық түзетулерді талқылаған кезде депутаттарға осы жайттарды ескеруді ұсынамын. Сондай-ақ осы жиында ауылдық округ әкімдері көтерген ұсыныстарды да ескерген жөн.

Бүгін сөз алғандар ауыл әкім­деріне функционалдық міндетіне кірмейтін қызметтерді қоса атқару жүктелгені жөнінде айтты. Шын мәнінде, ауыл әкімдері құқық қорғау органдарының құзыретіне жататын міндеттерді неге атқаруға тиіс?! Үкімет Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен бірлесіп, аудан және ауыл әкімдерінің құзыретіне жатпайтын, қайталанатын және жетіспейтін өкілеттіктерін анықтау мақсатында жағдайға егжей-тегжейлі талдау жүргізуге тиіс. Бір ай ішінде оларды түзету, жою немесе жергілікті мемлекеттік басқару сатылары арасында қайта бөлу туралы ұсыныс енгізуді тапсырамын.

Мемлекеттік қызмет жүйесіндегі ауыл әкімдерінің мәртебесі туралы мәселені айналып өте алмаймыз. Бұл – өте өзекті дүние. Аталған ұсыныс бұған дейін де бірнеше рет көтерілгенін, тіпті, Президент Әкімшілігіне тиісті өтініштер түскенін жақсы білемін. Мемлекеттік қызметшілердің санаттарын нақты белгілеу керек. Үкімет Парламентпен, Мемлекеттік қызмет істері агенттігімен осы мәселелерді жан-жақты қарас­тырып, бір ай ішінде өздерінің ұсыныс-пікірлерін беруге тиіс. Содан соң шешім қабылданады.

Ауыл әкімдіктерінің қызметкерлерін қолдауға ерекше көңіл бөлген жөн. Әкімдіктерде, әсіресе, ауыл әкімдіктерінде бұрын жұмыс істеген немесе қазір де еңбек етіп жүрген азаматтар мұны мемлекеттік қызметшінің нағыз өмір мектебі деп бекер айтпайды. Бұл баршаға түсінікті. Өйткені әкімдік қызметкерлері билік пен бұқара арасында сенімді әрі сындарлы диалог жүргізуді меңгеріп, нағыз басқару машығын жетілдіреді. Сол себепті ауыл әкімдіктері қызметкерлерінің жұмыс істеуіне, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау маңызды деп санаймын.

ҮШІНШІ. Әкімдердің өкілеттігімен қатар жауапкершілігі де күшеюі керек.

«Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңда әкімнің сайлау­шылар алдындағы жауапкершілігін нақтылайтын норма жоқ. Бұл – дұрыс емес. Әкімдер тұрғындарға сайлау алдындағы бағдарламасының орындалуы туралы жиі есеп беріп тұруға тиіс. Мұны заңмен бекіту керек. Уәдесін орындамайтын, міндетін дұрыс атқармайтын ауыл басшысын қызметінен босату тетіктері қарастырылуы қажет. Ондай әкімдер халықтың талабымен немесе саяси партия­лардың ұсынысымен жұмыстан шығарылуға тиіс. Сонда әкім болуға үміткерлер де елге экономикалық негізі жоқ құрғақ уәде бере алмайды. Мұндай жалаң сөздер, яғни популистік әрекеттер халықтың ауыл әкімдеріне, тіпті тұтас сайлау институтына деген сенімін азайтуы мүмкін.

Үкімет әкімдердің сайлау алдындағы бағдарламасының экономикалық бөлігіне қойылатын талаптарды айқындауы керек. Сапалы дайындалған бағдарламаны аймақтың даму жоспарымен үйлестіруге болады. Жалпы, осындай шаралар әкімдердің есептілігін күшейтеді. Сондай-ақ өз үміткерлерін ұсынған партиялардың жауапкершілігін арттырады.

Мемлекет басшысы ретінде менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына айрықша мән беретінімді білесіздер. Елімізде азаматтардың өтінішін қарауға қатысты ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазір ауыл әкімі бірыңғай ақпараттық жүйе арқылы тұрғындардың мәселелерін еш қиындықсыз сараптай алады. Өтініш жолдаған әрбір адамның сауалына нақты жауап берілуге тиіс. Әдетте, мұндай хаттардың көбі аймақтағы инфрақұрылым, соның ішінде, жол, аула және балалар алаңы туралы болады. Бұл – жергілікті жерде шешімін табуға тиіс негізгі мәселелер.

Бірақ әкімдіктер көп жағдайда мұндай өтініштерге атүсті қарайды. Амалы таусылған жұрт орталыққа, тіпті, Президент Әкімшілігіне шағымдануға мәжбүр. Азаматтардың өз әкіміне деген сенім деңгейін осындай хаттардың санынан байқауға болады.

Жыл өткен сайын халықтың талап-тілегі артып келеді. Бұл – бүкіл әлемге ортақ үрдіс. Әкімдер халыққа құрметпен, шыдамдылықпен, түсіністікпен қарап, азаматтармен ашық әңгіме жүргізуге тиіс. Олар барлық мәселені мүмкіндігінше өз деңгейінде шұғыл және сапалы шешуі қажет. Бірақ бұл міндетті атқару үшін жергілікті әкімдердің қолында тиісті құзыреті болуы керек. Атқарылып жатқан жұмыстың мән-жайын үнемі жұртқа түсіндіріп отырған жөн.

«Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген. Әрине, айтылған ұсыныс-пікірге назар аудару керек. Бірақ әркімнің, әсіресе, іс-әрекеті ерсі, ниеті теріс, тіпті, арандатушы адамдардың ығына жығылмай, жетегінде кетпей, ақылға қонымды ұсынысты ғана қабылдау қажет. Негізі, бұл – барлық деңгейдегі әкімдерге ортақ ұстаным. Тұрғындарды ортақ іске жұмылдырып, алға бастай білетін әкімді нағыз әкім деуге болады.

Мен жақында «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағыттарын бекіту туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл – әрбір мемлекеттік қызметшінің, әсіресе әкімдердің жұмысына бағдар беретін өте маңызды құжат.

ТӨРТІНШІ. Төртінші деңгейлі бюджеттің дербестігін арттыру керек.

Әкімдердің өкілеттігін қайта қарау мен жауапкершілігін күшейту экономикалық ресурс­тарды рационалды бөлумен қатар сауатты жүргізілуге тиіс. Әйтпесе аталған бағыттағы реформалар ойдағыдай нәтиже бермейді. Ауылдық округтердің өзін-өзі қамту деңгейін арттыру мақсатында бюджеттің төртінші буынына салық пен төлемдердің 25 түрі берілді.

Жаңа Бюджет кодексі аясында бұл тізбекке кең таралған пайдалы қазбаларды өндіру салығы да қосылды. Төртінші деңгейлі бюджет енгізілгеннен бері (2018 жыл) ауылдық округтердегі түсім төрт есе ұлғайтып, 130 миллиард теңгеден асты.

Оң өзгеріс байқалады. Алайда ауылдық округтер аудан мен облыстың қаржылай қолдауынсыз әлеуметтік-экономикалық мәселелерді әлі де шеше алмайды. Оған қоса кейбір өңірлерде жергілікті бюджетте халықтың саны мен ауылдық округтердің экономикалық құрылымына байланысты алшақтық бар.

Біз тұрақты салық түсімінің басым бөлігін жергілікті жерлерге, ең бастысы, аудандық деңгейге бердік. Бұл – өте дұрыс. Десек те жергілікті өзін-өзі басқару бюджетіне қолдауды күшейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені қазір оған тиісінше қаражат бөлінбеген. Ақиқатында, кей кәсіпорындар ауылдық округтарда пайда табады, жергілікті тұрғындардың еңбегін қолданады, бірақ салықты өздері тіркелген аудан немесе қала бюджетіне төлейді. Сондықтан Үкімет бұл қағидатқа теңгерімді тәсіл қолдану мүмкіндігін қарастырғаны дұрыс болар еді. Қанша дегенмен жергілікті жерлерге де қандай да бір кіріс түсуі қажет қой. Яғни «салықты жұмыс істейтін және табыс табатын жерде төле» қағидатын іске асырған жөн. Үкіметке берілген тапсырма түсінікті: кем дегенде кірістің бір бөлігі жергілікті жерде қалуға тиіс.

Заңды тұлғалардың мүлік және жеке табыс салығының белгілі бір бөлігі аудандардың қосымша трансферттері арқылы төртінші деңгейлі бюджетке аударылғаны жөн. Мұның бәрін Үкімет өңірлер арасындағы алшақтықты реттеуді көздейтін Аймақтық стандарттар жүйесімен ұштастыруы қажет.

Бірқатар өңір тұрғындары үшін экологиялық айыппұлдарды толық төлеу – аса өзекті мәселе. Өндіріс орындары экологияға шектен тыс зиян келтіретін елді мекендер тұрғындары мұндай төлемдердің бір бөлігі жергілікті бюджетке түскенін қалайды. Олар бұған толық құқылы. Байқалған теңсіздікті реттеп, мемлекеттік саясаттың ашықтығын, тиімділігі мен әділдігін қамтамасыз ету үшін біз салық-бюджет үдеріс­терін жүйелі түрде жетілдіре береміз. Бұл – Үкімет жұмысының маңызды бағыты.

Үкімет өңірдегі бюджет деңгейлері арасында қазынадан қаржы алуға лимит қою мәселесін қарастыруы керек. Ауылдық округтер әкімдері өздерінің кеңейтілген өкілеттіктерін толық іске асырып, салық түсімдерін ұлғайту мақсатында қолданыс­тағы ақпараттық платформалармен жұмыс істей білуі қажет.

Цифрлық Қазақстанды ауылдар мен ауылдық округтерсіз құру мүмкін емес. Жасанды интеллект пен жаппай цифрландыру дәуірінде бұл іске ауыл әкімдері де белсенді түрде атсалысқаны жөн. Елді мекендерді цифрландыру ауыл мен қала тұрғындарының тұрмыс сапасын айтарлықтай теңестіреді. Сондықтан Үкімет бұл бағыттағы жұмысты басты басымдықтардың бірі ретінде қарастыруы қажет. Жергілікті жерлерден алынған нақты әрі жедел ақпарат орталықта тиімді шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ экономикалық дерекқор негізін қалап, ресурстарды әділ бөлуге ықпал етеді.

Алдағы үш жылда Қазақстанды толықтай цифрлық елге айналдыру – жаңа даму кезеңіндегі басты міндеттердің бірі. Болашақта еліміздің әлемде алатын орны осыған тікелей байланысты. Сондықтан мұны тіршілік үшін талас десек, артық айтқандық емес.

Осы аптада Президент Дональд Трамп АҚШ-тың технология саласындағы жаһандық үстемдігін қамтамасыз етуге арналған стратегиялық бастамасын жариялады. Ол үшін жасанды интеллектінің бірыңғай платформасы құрылады. Бұл ғылыми зертханаларды, дата орталықтарды, цифрлық модельдерді және суперкомпьютер желісін біріктіретін ұлттық ақыл-ой алаңы болмақ. Аталған жүйе барлық аса маңызды бағыт бойынша жаңа технологиялар мен материалдарды әзірлеуге тың серпін береді. Ол жартылай өткізгіштерден бастап роботты техникаға дейінгі, ядролық энергетикадан бастап биомедицинаға дейінгі салаларды түгел қамтиды. Бұл арада зерттеу жобасы жайында емес, АҚШ-ты осы салада әлемдік көшбасшыға айналдыратын толыққанды платформа жөнінде әңгіме болып отыр. Мұны іске асыру үшін бір жылға жетер-жетпес мерзім беріліп отыр. Сол себепті бізге де шара қолдану керек. Әлбетте, Қазақстан жаһандық ауқымдағы көшбасшылыққа таласпайды. Бірақ өркениет көшінен қалмай, технологиялық жаңғыруды жылдамдату қажет. Ойланып-толғанып жүруге уақыт аз.

БЕСІНШІ. Ауылдағы кәсіпкерлікті өркендетуге баса мән беру керек.

Алдымен ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамытуымыз қажет. Осы бағытта біршама жұмыс атқарылды. Оның пайдалы екені де көпшілікке белгілі. Алайда бірлескен шаруашылықтар әзірге ауыл экономикасының тірегі бола алмай тұр. Көбіне мұндай кооперативтерді бірнеше адам ғана құратыны жасырын емес. Олар жеке шаруашылық иелері және өнім өңдеушілер арасында делдал болып жүреді. Соған қарамастан мемлекеттен жеңілдіктер алады. Рас, мұндай теріс әрекеттерге тыйым салынбаған. Бірақ бұл ауыл халқының әл-ауқатын арттыруға кедергі келтіреді.

Бірлестік (кооператив) құру бүкіл ел бойынша жүргізілуі керек. Сонда ғана ауылдағы ағайын бұл жұмыстың игілігін көреді. Жеке шаруалар біріге алмаса, мемлекеттің ауыл шаруа­шылығын дамыту жолындағы бар еңбегі зая кетеді. Сондықтан бұл жұмысты белсенді түрде қолға алуымыз қажет.

«Ауыл аманаты» жобасы өз кәсібін дамытқысы келетін ауыл тұрғындарына мол мүмкіндік беруде. Жоба аясында екі жылдың ішінде 20 мыңға жуық жұмыс орны ашылды. 2029 жылға дейін осы бағдарламаға 600 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінеді.

Ауылды дамыту үшін әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпорацияларының әлеуетін кеңінен пайдаланған жөн. Қазіргі таңда бұл корпорациялардың ауыл экономикасына еш көмегі тимей тұр. Мен Жолдауымда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларды толыққанды даму институтына айналдыру туралы тапсырма бердім. Үкімет және Президент Әкімшілігі бұл жұмыспен айналысып жатыр. Нақты нәтиже күтемін. Осы корпорациялардың және «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының ресурстарын ауыл бизнесіне қажетті инфрақұрылымды жетілдіру үшін жұмсаған абзал.

Көптеген аймақта мал бордақылайтын және мал соятын орындар тапшы. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімін өндіру, сақтау, тасымалдау, өткізу ісімен айналысатын және ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтарын жөндеп, қызмет көрсететін сервистік дайындау орталықтары жетіспейді.

Ал оңтүстік өңірде суару арналары мен ирригация жүйе­леріне қатысты мәселе – өте өзекті. Тиісті инфрақұрылым болса, әкімдердің жергілікті бизнесті қолдауға және инвестор тартуға мүмкіндігі артады. Бұл бағытта ауқымды жұмыс жүргізу үшін Аймақтық стандарттар жүйесіне өзгерту енгізу қажет. Жалпы, Үкімет ауыл экономикасын жандандыру үшін нақты ұсыныстар әзірлеуі керек.

Құрметті жиынға қатысушылар!

Мен биылғы Жолдауымда бір палаталы Парламент құру туралы бастама көтердім. Бұл осыған дейінгі саяси өзгерістердің заңды жалғасы деуге болады. Біз «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» қағидатын орнықтыра түсеміз, яғни еліміз Президенттік Республика болып қала береді. Жаңа бастама қоғамда қызу талқыланып жатыр.

Парламенттің құрылымына қатысты көптеген ұсыныс келіп түсуде. Мысалы, депутаттардың саны халық санына сәйкес, яғни пропорционалды болуға тиіс деген ойлар айтылуда. Мұндай ұстаныммен қарайтын болсақ, олардың саны 200 адамға жетеді. Қазір қос палатада 148 депутат бар.

Парламенттік реформа – екі палатаны жай біріктіре салу деген сөз емес. Меніңше, депутат санын тым көбейтудің қажеті жоқ. Керісінше, оңтайландыру керек, Парламенттің жұмысын жетілдіру қажет. Мысалы, бір палаталы жаңа Парламентте Президент квотасы болмайды. Барлық депутаттар бірдей тәртіппен сайлануы қажет. Бұл – алдағы Парламенттік реформа аясында жасалатын аса маңызды қадам. Мұны жақсы ұғынып, жұртшылыққа кеңінен түсіндіру қажет.

Заң шығару органына білікті әрі тәжірибелі мамандар, яғни өз ісінің майталмандары келуге тиіс. Бір сөзбен айтқанда, біз нағыз кәсіби Парламентті жасақтауымыз керек. Жаңа комитеттер құру мәселесін қарастыру қажет.

Цифрландыру, аймақтарды дамыту жұмысымен айналысатын комитеттер өз алдына бөлек болғаны жөн деп санаймын. Бұл мәселелерді арнайы жұмыс тобы мұқият зерделейді. Осы реформаға қатысты басқа да көптеген ұсыныстар бар. Соның бәрін әбден пысықтап, кейін жариялаймыз. Менің де осы аса маңызды реформа бойынша ұсыныстарым бар.

Жалпы, Конституциямызға енгізілетін түзету өте көп болуы мүмкін. Сондықтан референдум барысында халық жаңа Ата Заңға дауыс беретін болады деп айтсақ, қателеспейміз.

Осындай күрделі, жауапты жағдайда елімізде тыныштық, тұрақтылық болуы керек. «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасын бәріміз бір қоғам болып сақтауымыз керек. Құқық қорғау органдары өз кәсібилігін көрсетуі қажет. Арандатушыларға немесе «лас, көлеңкелі» саясатпен айналысқысы келетін адамдарға жол бермейміз.

****

Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені көтеріп, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс.

Ауыл әкімі осы өте маңыз­ды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы «Таза Қазақстан» қозғалысы жөнінде өте өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістердің, атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын. Әкімнің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.

Ауылдағы ағайынның әл-­ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді деген сөз. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына зор алғыс айтамын.

Мемлекет әрдайым ауылды қолдайды. Себебі ауыл – ұлтымыз­дың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен бірге дамытуымыз керек.

****

Бүгінгі жиында ауыл әкімдерімен қатар, Үкімет мүшелері және облыс әкімдері отыр. Өздеріңіз білесіздер, мен Үкіметке экономиканы сауықтыру үшін Ұлттық банкпен, Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, нақты шаралар қабылдауды тапсырдым.

Осыған орай, өткен аптада үш жылға арналған Макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі бірлескен іс-қимыл бағдарламасы қабылданды. Құжатта көрсетілген шаралар сапалы әрі уақтылы орындалуы керек.

Бұл жұмысқа облыс әкімдері белсене атсалысуға тиіс. Нақты ойластырылған ұсыныстарды Үкіметке енгізуге рұқсат беремін. Алдымызда тұрған басты мақсаттар: экономиканың тұрақты, сапалы өсімін қамтамасыз ету қажет; инфляцияны төмендетіп, халықтың табысын арттыру арқылы тұрмыс жағдайын жақсарту қажет; жеке секторды дамытып, өндірісті жандандыру керек; дайын өнім экспортын көбейту қажет.

Мемлекетіміздің алдында әлі де көптеген сынақ пайда болуы мүмкін. Қазіргі таңда әлемдегі ахуал тұрақты емес, келешегі бұлыңғыр деуге болады. Кейбір елдердің егемендігі, жерінің тұтастығы әлі толық шешілмеген, тіпті, бұл мәселе халықаралық даулардың өзекті тақырыбына айналды. Біріккен Ұлттар Ұйымының беделі әлсіреп кетті, жаһандық экономика да құбылмалы күйде. Сондықтан бәріміз бір ұлт болып, қырағылықты сақтауымыз керек, жас ұрпаққа қамқорлық көрсетіп, дұрыс тәрбие беруіміз қажет, ішкі даулардан аулақ болып, ынтымақ-бірлігімізді нығайтуымыз керек. Жалпы, бәрімізге ортақ аса маңызды міндет – ел мүддесіне тиімді қызмет ету. Қазақстанның егемендігі, дербестігі, тәуелсіздігі – бәрінен қымбат. Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған ең биік мақсат. Мен ел Президенті ретінде бұл мақсатты орындау үшін барлық күш-жігерімді саламын.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!

Баршаңызға амандық, табыс тілеймін!

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button