Әкемнің өшпес ізі қалған

Жыл сайын Жеңіс күні үлкен тебіреністе, толғаныста боламын. Өйткені әкем осы соғыстың бейнетін көрген майдангердің бірі еді.
Әкем Қабыш Мағзұмұлы Мұқанов 1925 жылы Ақмола облысы Танакөл ауданы Береке ауылында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысының қатысушысы. 1943 жылы ақпан айында майданға аттанды. №39 атқыштар полкінің жауынгері болып соғысқа қатысқан. Соғыс кезінде оң жамбасы жараланып, кейін ол денсаулығына әсер етті. Десе де, емделіп қайта 18824 әскери бөлімнің №34 мотоатқыштар полкіне жіберілді.
Майдан даласында Одер өзенінен өту міндеті тұрды, жаудың қаһарлы оқтары астында мұны фашистерге қарсы еңсерілмейтін тосқауыл деп есептеді. 1945 жылы қаңтарда Висло-Одер операциясы аяқталды. Одер өзенін қалпына келтіруге қатысқаны үшін Қызыл қыран орденімен марапатталды. Осындай күрделі әскери қимылға қатысқаны үшін аға сержант дәрежесіне көтеріліп, отряд командир болып тағайындалды.
1945 жылдың сәуірінде Германияда екінші рет жарақат алып, оқ желке тұсына тиді. Емделгеннен соң 1949 жылға дейін оккупацияланған Германияда әскери қызметін жалғастырды. Оккупация кезеңі қиын және қауіпті уақыт еді, фашистер жасырынып жатты және кез келген уақытта шабуыл жасай алды.
Әкем осылайша барлығы 3 жыл 3 ай майданда, соғыстан кейін 4 жыл бойы оккупацияланған Германияда қызметін жалғастырды. 1941-1945 жылдары Отан соғысына қатысқаны үшін үкімет тарапынан жоғары наградалармен марапатталған. Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқаны үшін Кеңес әскерінің бас қолбасшысының Сталиннің атындағы медальдар және алғыс хаттар табысталды.
Әкем, Қабыш, өте бауырмал адам болатын. Өзінің екі қарындасына өмірінің соңына дейін қамқор болды. Ешкімнен көмегін аяған жоқ.
1985 жылдан бастап, зейнетке шығып, Ардагерлер кеңесінің төрағасы болып сайланды. Бос уақытында қазақ және орыс тілдеріндегі газет-журналдарды бас алмай оқитын. Ән де айтып, шахматты да жақсы ойнап, тіпті балалар арасында жарыс ұйымдастырған еді.
Ауылдың өміріне белсене араласқан әкемнің беделі жоғары болды, кім болмасын әкемнің айтқан сөзін жерде қалдырмайтын, сыйлайтын. Ардагерлігіне бұлданбайтын, міндетсінбейтін адал жан еді. Әуелі Алла, сосын әкем де бар ардагерлердің көзсіз ерлігінің арқасында біз тыныш, жақсы заманда өмір сүріп жатырмыз.
Ардақ МҰҚАНОВА,
Ұлы Отан соғысы ардагерінің қызы