Астанадағы №233 учаскеге Құнаптя Дәуітханұлы ұлымен бірге келіп, өз таңдауларын жасады. Ол атажұртқа қоныс аударғанына он жылға жуық уақыт болғанын айтты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Қазақстанға көшіп келген кезде егіз ұлым Бекжан мен Беглан 8–9 жаста еді. Міне, енді кәмелет жасына толып, өз таңдауларын жасауға мүмкіндік алды. Бүгін ұлым алғаш рет сайлауға қатысып, дауыс берді. Осыған байланысты учаске қызметкерлері оған шағын сыйлық та табыстады», – дейді ол.
Құнаптя Дәуітханұлының айтуынша, балалары білім жолында да жақсы жетістіктерге жетіп келеді. Қазіргі таңда ұлдарының бірі Назарбаев университетінде білім алса, екіншісі Малайзияда оқып жүр. Шетелде жүрген ұлы да сол елде өз таңдауын жасаған.

«Елге көшіп келгеннен бері барлық саяси науқандарға белсенді қатысып, өз дауысымды беріп келемін. Бұл – әр азаматтың борышы. Елдің дамуына үлес қосу үшін әрқайсымыз осындай жауапкершілікті сезінуіміз керек», – дейді ол.



