Жанат Чайкина: ақын Фаризаны сомдауым — 2025 жылғы басты жетістігім

ҚР Еңбек сіңірген артисі, «Құрмет» орденінің иегері, Қ.Қуанышбаев атындағы Ұлттық музыкалық драма театрының актрисасы Жанат Чайкина 2025 жыл шығармашылығында күтпеген қуанышты жағдайлармен есте қалғанын жеткізді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
-Халықаралық Театр мерекесінде «Үздік актриса» атанып, дипломмен марапатталдым. Алғаш рет жас көрермендерге арнап «Құмқала» атты екі ертегіден құралған интерактивті қойылымым сахнаға келді. Тақырып өте өзекті, заманауи гаджеттерді шектен тыс қолдану, уақыт қадірі, кітап оқудың, доспен араласудың, ата-анамен қарым-қатынастың үзілуі, сиреуі, бала психологиясындағы үлкен проблемалар жайында…
Жылдың соңына қарай «31 канал» телеарнасы мен «Ерке Медиа» арнасы түсірген «Менің Фаризам» сериалында Фариза Оңғарсынованың образын сомдау бақытына ие болдым. Үлкен жауапкершілікпен ізденуге, еңбектенуге тура келді. Бағасын көрермен берер. Театрымыз бірнеше үлкен қойылымдар қойып, көрермен ілтипатына, сүйіспеншілігіне бөленді. Жылқы жылы- менің жылым. Алда да көптеген жоспарлар, асулар күтіп тұр. Елімізге бейбіт өмір, халқымызға береке-бірлік, игілік тілеймін! Сәттілік болсын!- дейді актриса.



