Мәдениет

Әйгерімнің алғашқы концерті

Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық залында әнші, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Әйгерім Аманжолова­ның алғашқы жеке шығармашылық концерті өтті.

Кеш иесі Қазақ ұлттық өнер университетінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Гүлнар Хамзинадан дәріс алды. Өнерін шыңдау мақсатында Милан университетінің профессоры, режиссері және «Giacosa di Ivrea» театрының көркемдік жетекшісі Паоло Босисионың, Барокко дәуірінің ән салу мектебінің оқытушысы маэстро Ф.Опаның, Одесса опера театрының солисі Э.Погосовтың шеберлік сабақтарына қатысты. «Астана Опера» халықаралық опера академиясында опералық ән салу маэстросы, Милан консерваториясының профессоры А.Гусевтің сыныбында өнерін шыңдады.

Әйгерім Аманжолова – жас болса да, көптеген республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Атап айтқанда, «Шабыт» шығармашыл жастардың ХХ халықаралық байқауында, Ахмет Жұбанов және Ғазиза Жұбанова атындағы І рес­публикалық вокалистер байқауында лауреат атанды. Бибігүл Төлегенованың VIII халықаралық вокалистер байқауында және «Романсиада» ХІХ халықаралық вокалистер байқауында екінші орынды алды. Мұқан Төлебаев атындағы VI халықаралық байқауының және КСРО халық әртісі, Халық Қаһарманы Нұрғиса Тілендиев атындағы V халықаралық вокалистер байқауының бас жүлдесін иеленді. «Le concurse du Roi Louis» XIV халықаралық байқауында және «Орфей» ІІ халықаралық вокалистер байқауында бірінші орынды алды. Жеңістің 70 жылдығына арналған республикалық патриоттық әндер байқауы мен «Salve Regina» І респуб­ликалық вокалистер байқауында топ жарды. Бұған қоса, Қазақстанның Х және ХІ Ұлттық Дельфий ойындарына екі рет қатарынан қатысып, екеуінде де екінші орын (Күміс медаль) иеленді.

Әйгерім Қазақстанның көптеген қалаларында және Ресей, Словакия, Братислава, Венгрия, Будапешт, Австрия, басқа да елдердің сахналарында ән шырқады.

Ал елордадағы алғашқы кеші әншінің шығармашылық жолындағы маңызды әрі есте қаларлық қадам болғаны сөзсіз. Сахнада онымен бірге кеш қонағы, Әйгерімнің өмірлік қосағы, баритон, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты Алтынбек Әбілда өнер көрсетті. Фортепианомен Роза Шотқалиева сүйемелдеді. Ал «Сарыарқа» халық музыка ансамблі концерттің ұлттық реңкін айқындай түсті. Концертте әлемдік классика мен қазақ композиторларының туындылары шырқалды.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button