Әйел денсаулығы – қоғам саулығы

Астана қаласында мамыр айының үшінші аптасынан бастап репродуктивті денсаулық апталығы басталды. Оның аясында халықтың, әсіресе жасөспірімдер мен жастардың жыныстық және репродуктивті денсаулық туралы білімін арттыру көзделген.
«Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының ұйытқы болуымен өтіп жатқан іс-шаралар алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін барлық медициналық мекемеде, сондай-ақ жастар денсаулық орталықтарында өтуде. Сонымен қатар мектептерде, колледждерде және жоғары оқу орындарында лекциялар мен кездесулер, ата-аналармен ақпараттық-түсіндіру жұмыстары басталды. Басты мақсат – жастар арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру, жыныстық тәрбиені дұрыс жеткізе білу және ата-аналарды осы бағыттағы маңызды үдеріске тарту» дейді Астана қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова.
Тақырып: инфекция мен вакцинация
Апталықтың негізгі тақырыптарының бірі – жыныстық жолмен берілетін инфекциялардың (ЖЖБИ), соның ішінде адамның иммун тапшылығы вирусының (АИТВ) алдын алу. Жатыр мойны қатерлі ісігінің алдын алу мақсатында адам папилломасы вирусына (АПВ) қарсы 11 жастағы қыздарды вакцинациялау туралы кең көлемде ақпарат берілуде.
Айта кеткен жөн, 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап Қазақстан бойынша 11 жастағы қыздарға АПВ-ға қарсы вакцинациялау енгізілгені белгілі. Бұл – әйелдер денсаулығын қорғаудағы маңызды қадам, себебі жатыр мойны қатерлі ісігі әлемде әйелдер арасында кең таралған онкологиялық аурулардың біріне айналып кетті.
Деректерге сүйенсек, Астана қаласында әйелдердің жалпы саны 853574 адамды құрайды, олардың жартысына жуығы – репродуктивті жастағы әйелдер (15-49 жас аралығы). Бұл көрсеткіш ұлт денсаулығы тұрғысынан репродуктивті мәселелердің өзектілігін білдіреді.
– Отбасын жоспарлау – денсаулық кепілі. Жүктілікті жоспарлау арқылы әйел мен ер адамның денсаулығын жақсартуға, сондай-ақ дүниеге сау ұрпақ әкелуге жағдай жасалады. Жүктілікке дейінгі дайындық (прегравидарлық дайындық) – бұл әйел мен ер адамның денсаулығын жақсартуға және бала көтеруге қолайлы жағдай жасауға бағытталған кешенді шаралар. Оған дәрігер кеңесін алу, зертханалық талдаулар тапсыру, алдын ала вакцинация, зиянды әдеттерден бас тарту, дұрыс тамақтану және белсенді өмір салтын ұстану жатады. Жүктілікті жоспарлаудың бұл кезеңі – болашақ баланың денсаулығына тікелей әсер ететін факторлардың бірі, – дейді №7 қалалық емхананың акушерлік және гинекология бөлімінің меңгерушісі міндетін атқарушы Алтынай Берікова.
Жастар отбасын құруға дайын ба?
Қазіргі таңда Астана қаласында 12 жастар денсаулық орталығы жұмыс істейді екен. Бұл жерде 10-18 жас аралығындағы жасөспірімдер мен 29 жасқа дейінгі жастарға медициналық, психоәлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіледі.
Өткен жылы жастар денсаулық орталықтарына 110 мыңнан астам адам жүгінген. Оның ішінде әйелдердің үлесі – 59%, ерлер – 41%. Бұл жастардың репродуктивті және жалпы денсаулығына көбірек мән беретінін көрсетеді.
Дәл осы апталық барысында медициналық ұйымдар мен жастар орталықтарының мамандары жүктілікке дайындық, жасанды түсіктің зияны мен қауіптерін, жыныстық жолмен берілетін аурулардың алдын алу туралы жан-жақты кеңес береді.
Айта кетерлігі, қаланың алғашқы медициналық-санитарлық көмек мекемелерінде де отбасын жоспарлау кабинеті жұмыс істейді. Бұл бөлімшелерде ерлер мен әйелдерге репродуктивті денсаулықты сақтау туралы ұдайы ақпарат беріледі.
Қорытындылай келе, репродуктивті денсаулық апталығы – бұл әрбір азаматтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын еске салатын маңызды бастама. Денсаулық сақтау жүйесі елорда тұрғындарына сапалы, қолжетімді медицина көмегін көрсету, жастарға білім беру және аурулардың алдын алу бағытында мұндай жүйелі жұмысты әрі қарай жалғастыра бермек.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ