Әдемі қарттық кепілі

Жақында Астана қаласы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры қызметіне Серік ҚАРАБАТЫРОВ тағайындалды. Мекеме басшысымен орталық жұмысы туралы сұхбаттастық.
– Серік Жолаушыұлы, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының негізгі мақсаты қандай? Жұмыстың басты бағыттарына тоқталып өтсеңіз.
– Орталығымыздың басты мақсаты – егде жастағы азаматтардың бос уақытын тиімді өткізуіне және олардың мәдени демалысын ұйымдастыруға жағдай жасау.

Біздің орталықта зейнеткерлер үшін спорттық-сауықтыру үйірмелері, тіл үйрену және компьютерлік сауаттылық курстары, эмоциялық жеңілдікке арналған сенсорлық бөлме мен физиотерапиялық релаксация кабинеттері жұмыс істейді. Сонымен қатар құқықтық және қаржылық сауаттылық бойынша пайдалы дәрістер өткізіліп, шығармашылықпен айналысуға барлық мүмкіндік қарастырылған.
Қазіргі уақытта орталықта 25 түрлі бағыт бойынша үйірмелер мен секциялар тұрақты түрде жұмыс істейді. Бүгінде елорда бойынша 17 мыңнан астам зейнеткер орталықтың қызметін тұрақты түрде пайдаланып келеді. 2025 жылдың басынан бері 4090 зейнеткер орталыққа тіркеліп, қызмет ала бастады.
Зейнеткерлердің жас ерекшелігіне тоқталсақ: 70 жасқа дейін – 10598 адам, 70 пен 80 жас аралығында – 6281 адам, ал 80 жастан жоғары 647 зейнеткер тіркелген.
2025 жылдың өзінде орталық 13721 зейнеткерге 444216-дан астам әлеуметтік қызмет көрсетті. Қазіргі таңда күн сайын орталықтың 6 аудандық бөлімшесіне 2500-ден астам адам келіп, белсенді өмір салтын жалғастыруда.
– Орталықтағы клуб жұмысы туралы айтып өтсеңіз. Зейнеткерлер қандай бағыттарға көбірек қызығушылық танытады?
– Әлеуметтік қызметтермен қатар, клуб жұмыстары да бізде жақсы жолға қойылған. Зейнеткерлер өз қызығушылығына қарай 25-тен астам түрлі клубқа қатыса алады. Атап айтсақ: «Атадан балаға аманат», «Зияткерлік ойындар», «Speaking English», «Оқу және поэзия клубы», «Күміс еріктілер», «Хор және вокал», «Волейбол», «Үстел теннисі», «Гитарада ойнау», «Домбыра үйрену», «Домбыра оркестрі», «Караоке», «Кілем тоқу», «Ұршық иіру», «Салауатты өмір салты», «Компьютерлік сауаттылық», «Тіл шаңырағы», «Әжелер 80+», «Киім үлгілерін көрсету» және тағы басқа клубтар бар. Сондай-ақ сауықтыру бағытында цигун, кунг-фу және би секілді қозғалыс белсенділігін арттыратын клубтар жұмыс істейді.
Орталықтың барлық аудандық бөлімшелерінде ең белсенді қатысушылар – әйел зейнеткерлер. Әсіресе қолөнермен айналысуға қызығушылық жоғары. Мысалы, еңбек терапиясына – 733 адам, тігін әліппесіне – 248 адам, арт-терапияға – 734 адам, ал құм терапиясына 248 адам қатысқан.
Астана қаласының зейнеткерлерін Белсенді ұзақ өмір сүру орталығындағы тегін үйірмелер мен секцияларға белсенді қатысуға шақырамыз. Салауатты өмір салтын ұстанып, зейнет жасында да белсенді болайық!
Сұхбаттасқан
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



