Басты ақпаратЕл тынысыРуханият

Әдебиет – тарихтың насихатшысы

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив басқармасы мен Ұлттық академиялық кітапхананың қолдауымен өтіп жатқан Қазақстан Жазушылар одағы елорда филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы аясында Қазақстанның халық жазушысы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бексұлтан Нұржекеұлы «Көркем әдебиет және тарих» тақырыбында дәріс оқыды.

Алматыдан бас қалаға арнайы келген көрнекті қаламгер көркем әдебиет пен тарих ұғымдарына анықтама бере келе, осы қос ұғымның ортақ міндетіне тоқталды.

«Көркем әдебиеттің де, тарихтың да міндеті – жамандық жасап қоймау. Екі сөзінің бірінде «Менің халқым, менің елім» деп сөйлейтін адамдар бар ғой, солардың сөзі мен ісі бірдей болуы керек. Бүгін халқыңнан жасырғаныңмен, ертең артың ашылып қалады. Тарих мұны ашады. Ерте ашылуы, кеш ашылуы мүмкін, бірақ түбі ашылады» деген жазушы кешегі кеңес заманындағы жағдайдан тартып сөйледі.

Әдебиеттің негізгі міндеті жақсы адамды, оның сезімін тәрбиелеу екенін айтқан қаламгер орыс очеркисі Валентин Овечкиннің «Әдебиетті жақсы адамға деген сағыныш ілгерілетеді» деген сөзі дәл айтылғанын атап өтті.

«Көп адамның айтуынша, әлемде ғылымның атасы – тарих. Геродоттан бастап гректің аңыз-әңгімелерінің бәрі әде­биеттің алғашқы түрлері ғой. Соның барлығы адамды тәрбиелеуге, өзінің заманындағы шындықты бізге жеткізуге, соны сақтауға, әрине, көмек­тесті. Тарих пен әде­биетті бөле алмайсың. Тарихтың өзі әде­биет арқылы жазылады. Мысалы, Геродотты тарихтың атасы деп әлем мойындады» деген жазушы Геродоттың сақтар, бабамыз Аңарыс туралы жазба­ларына тоқталды.

«Біздің жазушылардың арасында бір әңгіме бар: «әдебиеттегі тарих – бұл көркем әдебиеттегі тарих, ал тарих бір басқа» дейді. Мен оған келіспеймін. Тарихтың бір жүйеге келгенде негізгі бір өзегі болады» дей келе, мысалы, Шыңғыс ханға келгенде әдебиет арқылы тарихи тұлғаның бейнесіне күш қосылатынын, әдебиет пен тарих осы жерде қиюласатынын, бұл жағдайда әдебиет тарихтың насихатшысы болатынын ерекше атап өтті. Ал өтірік тарих көбінесе саясатқа келгенде жазылатынын айтты. Шыңғыс хан жайында мыңдаған кітап жазылғанын, өзі соның 60 шақтысын оқығанын, қазіргі 85 жасына келгенде «Ғылыми Шыңғыс қаған және оның құпиялары» атты кітап жазғанын, бұл көркем әдебиет емес, тарихи еңбек екенін жеткізді.

«Менің бүкіл шығармашы­лығымда екі бағыт бар. Бірі – әйел баласы арқылы адамның сезімін, мейірімін тәрбиелеу. Бұрын «Қазақ әйелді сыйламаған, әйел теңдігі жоқ» деп келдік қой. Бірақ қазақ әйел теңдігін басқаша түсінген. Әйел баласы деген мейірімнің, сыпайылықтың, сезімталдықтың, сәндіктің үлгісі ғой. Ұмай ана деп жазатындар бар. Бұл – қате, сол кезде ана деген сөз жоқ, Ұмай ене. Домалақ ана да қате, Домалақ ене. Сол заманда Енесай, Лена – ұлы ене деген сөздер бар. Осының бәрін көркем әдебиет тарихты бұрмаламай жеткізсе, халықтың мәдени деңгейі де көтеріледі. Жаңағы Ұмай енесін, Домалақ енесін, Қарқабат енесін дәріптеп отырған қазақ әйел баласын кемсіте ме?! Ешқашан» деді жазушы.

Осыдан тура бір ғасыр бұ­рын, 1926 жылы таралған «Алтын топшы» кітабы шыққанын айтқан қаламгер онда Шыңғыс ханның шежіресі тарқатыл­ғанын, сол кітапта «ойраттар шауып, Юань әулеті құритын болған соң, сол әулеттен шыққан екі жігіт келеді де: «әй, екеуміздің де әкеміз Есукей, екеуміз де Жалайырмыз» деген сөздер барын айтып өтті.

«Есукей – Шыңғыс ханның әкесі Жалайыр болса, оның туған баласы Жалайыр болмай ма?! Маған қарсы шығатын тарихшы да, жазушы да бар. Ал менің қорықпайтын себебім, оқыдым ғой» деп түйіндеді дәрісін қаламгер.

Сұрақ-жауап кезеңінде Бек­сұлтан Нұржекеұлы өзінің «Ерлі-зайыптылар» мен «Әй, ­дүние-ай» романдары туралы айтты.

«Қазақ деген халық пен қазақтың қызы, келіншегі дегенді бөлмеймін. Қазақтың тарихын әйелдер арқылы көрсету – менің мақсатым. «Ерлі-зайыптыларда» прототиптердің атын өзгерткен де, өзгертпеген де жерлерім бар. Сондағы мақсат – отбасын сақтау. Ақтабан шұбырынды, Орбұлақ шайқасы, көтерілістің бәрінің де мақсаты халықты сақтау ғой. Ал халықты сақтау – ошақ пен Отанды сақтау. Отбасын сақтамаған жерде Отанды сақтау да қиын. Ахмет Байтұрсынұлы, Халел Дос­мұхамедұлы «Ана тілі» дегенді енгізді ғой. Басқаларда «Родная речь» дейді ғой. Бізде де туған тіл деп айтуға болады ғой, бірақ неге ана тілі деп айтамыз? Өйткені халықтың, ұлттың өзегі – ана. Ерлі-зайыптылардың бірлігі болмаса, мемлекеттің де бірлігі болмайды. «Мен – президент, сен – премьер» деген Қасым Аманжоловтың сөзі тұр ғой. Бұдан артық айту мүмкін емес. Ал осыны ұқпаған жастар 3 айдан кейін ажырасқанды мақтан қылады» деген жазушы «Әй, дүние-ай» романындағы әйел бейнесі арқылы ұлттың тағдырын бергенін жеткізді.

Кеңес заманында қаламгерлерге халықтар достығы, интернационализм туралы жазуға талап қойылғанын айтты. Қазіргі жас қаламгерлер шығармашы­лығына көзқарасы туралы сұ­раққа көзінің көруі нашарлағанынан 2015-2025 жылдары кітап оқымағанын, бірақ аудиокітаптарды тыңдайтынын, сонда бір байқағаны тілдің шұрайлылығы, тілдің байлығы жөнінен Қытай мен Моңғолиядан келген қандастар оқ бойы озық екенін айтты. Ал негізінен қазіргі әдебиетте журналистиканың нақты, қасаң тілі белең алғанын жеткізді.

«Нақты сөйлеу көркем әдебиет болмайды, астарлап сөйлеу – әдебиет. Адамның ойлау, пайымдау қабілетін өсіру керек. Әдебиеттің міндеті – сол» деді жазушы.

Дәрісті қорытындылаған мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай Бексұлтан Нұржекеұлы кезінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен жақын араласқанын, сондық­тан бұл кездесудің кітапхананың ақын атындағы залында өтуінің символдық мәні барын айтып өтті. Кітапты насихаттау мәселесіне, Бексұлтан Нұржекеұлының ештеңеден тайсалмайтын батыл көзқарасына, қаламгердің әр мәселеге өзінің ойы, ұстанымы барына тоқталды. Ақиқаттың жолында жүрген осындай азаматтардың шығармашылығына қызығатынын жеткізді.

Аманғали ҚАЛЖАНОВ

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button