Әбіш әлеміне саяхат

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының қолдауымен жүзеге асып келе жатқан Қазақстан Жазушылар одағы Астана филиалының «Қаламгер ұстаханасы» жобасы бұл жолы Орталық қалалық кітапханада жалғасын тапты. Кезекті лекцияны Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкеннің өзі келіп тапжылмай отырып тыңдады. Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаттары, ақын-жазушылар және зиялы қауым өкілдері, студенттер қатысты.
Ал көрнекті әдебиеттанушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Сауытбек Абдрахманов «Әбіш әлемі» атты мазмұнды дәріс оқып, ұлт руханиятының биік тұлғасы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылық және мәдениеттанушылық қырларына тоқталды.
Мәдениеттанушылық қыры көп айтылмайды
Сөзін алғашқы таныстықтан бастаған Сауытбек Абдрахманов Әбіш әлемін бір сағатқа сыйғызып айту және осы тақырыпта лекция оқу қиын екенін айтып, ұлы жазушының мәдениеттанушылығы турасында әңгімеге әкеп тіреді.

– Мен өзім ана жылы осы кітапқа кірісерде Алматыда ұлттық кітапханадан биобиблиография сұратып алдырдым. Соның бәрін сүзіп қарап шықтым. Сонда Әбіш культурологиясы деген тақырыпқа арналған арнаулы зерттеу еңбектері жоқ. Басын ашып айтайын. Соның ішінде әдейі жазылған мақалалар да некен-саяқ. Сол культурологиялық тұрғыда Жанғара Дәдебаевтың бір жақсы кітабы бар. «Абайдың антропологизмі» деген, арғы түбінен қазып зерттесе, «Кекілбаевтың антропологизмі» деген тақырып та бір ұлан-байтақ дүние. Сондықтан біз кітаптың екінші тарауын «Мәдениет мәйегі» деп атап, Әбіш Кекілбаев шығармаларындағы антропологизм туралы айттық. Онда Әбіштің еңбектерінде мәдениет ұғымы қандай кең аяда көрсетілетіні жазылады. Кекілбаевтың айтуында, өте қарапайым айтатын болсақ, Құдай жаратқанның бәрі – табиғат. Адам жаратқанның бәрі – мәдениет. Адам қолымен жасалған дүниенің барлығы, ол құрылыс бола ма, теміржол, рельс бола ма, лаборатория барлығы да мәдениетке жатады, – деп тоқталды лекция иесі.
Толстоймен рухани үндестігі
Лекция барысында Сауытбек Абдрахманов Әбіш Кекілбаевтың орыс әдебиетінің ұлы тұлғасы Лев Толстоймен рухани үндестігі жайында әңгімеледі.
«Олжас Сүлейменов орыс әдебиетінде көптеген ұлы жазушы болғанымен, Толстойға жететін ешкім жоқ деген еді. Ал қазақ әдебиетінде Толстойға ең жақын қаламгер – Әбіш Кекілбаев.
Шынында да, олардың арасында рухани байланыс бар» деп әңгімесін жалғаған спикер Әбіштің әдебиетке деген энциклопедиялық көзқарасын нақты мысалмен көрсетті.
«Біз ақпарат министрлігінде жүргенде 100 томдық әлем әдебиеті сериясын шығару ісін бастадық. Сол кезде Әбіш ағамызбен ақылдастық. Ол бізге қай жазушының аудармасы сапалы, қайсысын қайта қарау керек екенін түгел айтып берді. Сондай-ақ кімнің шығармасын кім аударса лайық болатынын да қолмен қойғандай біліп отырды. Тағы бір есте қаларлық оқиға – Толстойдың 150 жылдығына арналған материал туралы естелік. Кеңшілік Мырзабеков екеуміз Ақселеу Сейдімбек ағамыздың қарамағында жүрген кезіміз еді. Толстойдың 150 жылдығы келіп қалды. «Кімге тапсырамыз?» дегенде, біз Әбішті ұсындық. Тапсырма түстен кейін берілген. Ал ертесінде түскі төрт шамасында Әбіш аға телефон соғып: «Сауытбек, маған Ақселеу аға тапсырған еді, Толстой туралы жазып болдым» деді. Қолжазбасын алып барсам, Ақселеудің көзі алақандай болып: «Жазып тастаған ба?» деп сұрады. Иә, жүз беттен асатын тұтас трактат жазып тастапты. Бұл – Әбіштің сарқылмас білімінің айғағы еді» деп еске алды қаламгер.
Шынында да сол еңбегінде Әбіш Кекілбаев Толстойды ерекше биік деңгейде бағалаған. Олай деуімізге оның «Құдірет» атты мақаласындағы мына сөздері дәлел.
«Толстой қадамы қызметке кіріскелі бергі ғасырдан астам уақыт ішінде жұмыр жердің қай пұшпағында қай күні, қай кісі істеп жатқан ізгілік атаулының бәріне де Толстой сөзінің, Толстой өнегесінің қатысы бар. Адамның адам, адамзаттың адамзат атануына Лев Толстойдай үлес қосқан кісі кемде кем.
Шын құдірет! Ақылға сыймастай құдірет! Толстой шығармаларын оқи отырып, осынша кереметтің өзіңіз сияқты жұмырбасты жан иесінің қолынан қалай келгеніне таң қаласыз. Өзіңіздің де сондай керемет қолынан келе алатын адам деп аталатын айрықша нәсілден өніп-өрбігеніңізге мақтанасыз. Кемел ақыл иесі шақырып отырған қиянатсыз қоғам, кесапатсыз өмір, ізгілікті адамзаттың қиялы емес, шындық екеніне кәміл иланасыз. Толстойды оқығанда адам адамнан басқа ештеңеге де таңқалмайды, адамнан басқа ештеңеге де сенбейді.
Ұлы жазушының ұлағатты творчествосымен дидарласқан кісі бастан кешпей қоймайтын, ауызбен айтып жеткізе алмайтын, осы бір сиқырлы халді мынау жұмыр жердің үстіндегі тіршілік орнында тұрса, өлі де талай-талай миллиардтаған жандар өз бастарынан өткерері хақ» дейді аталған еңбекте қазақтың классик жазушысы.
Шешендігі бір төбе
Ұлы Әбіш әлемін әңгімелеп отырған Сауытбек Абдрахманов сөз арасында оның шешендік өнері мен халық алдындағы беделін де айтып өтті.
«1991 жылы Әбіш Баянауылдың атынан сайлауға түскен. Халықпен кездесуде бір ақсақал: Шырағым, мына сөздің бәріне ұйып отырмыз. Тіпті айтар сөзіміз жоқ. Бірақ, енді сен де бізді түсінсеңші, біз де елміз ғой. Баянауыл деген атымыз бар. Біздің де осы бәйгеге баптап отырған тұлпарларымыз бар еді. Олар ертең ана жақта отырып сөзімізді сөйлейді деп отыр едік. Енді не айтарымызды білмей қалдық. Өзіңнің де елің бар емес пе? Өзіңнің еліңнен неге түспедің деді. Сонда бәріміз «ойпырмай, бұған не айтуға болады» деп отырып қалдық. Сонда Әбекең еш саспастан: «Ағасы, қазақта сөз бар ғой, «тұлпарлығыңды сынағың келсе, арғымақ баптаған жерге бар, құлын кезіңде көрген жоқпыз деп қайтара қоймас бағыңды. Жігіттігіңді сынағың келсе, азамат өсірген елге бар, әкеңмен табақтас болмадық деп сындыра қоймас сағыңды» деген. Мен бағымды арғымақ баптаған жерден, азамат өсірген елден сынайын деп келіп отырмын. Қалғанын өздерің шешіңіздер, – деді. Содан жаңағы ақсақал: «Ау, ағайын, мынау текті адам ғой. Мынау текті сөз ғой. Болды. Әңгімені қояйық. Бәріміз осы жігітке дауыс берейік» деді. Міне, осылайша ол шешендігінің арқасында елдің алқауына бөленіп еді» деп еске алды С.Абдрахманов.
Сондай-ақ кездесу барысында ол Әбіш Кекілбаевтың рухани болмысын айшықтап, әдебиет, өнер, философия, тіл, тәуелсіздік, адамгершілік пен мәдени құндылықтар туралы кең ауқымда ой қозғап, даналыққа толы афоризмдері арқылы ұлттық сананы, тіл мен мәдениеттің қадірін терең танытқаны турасында да кең көсіліп әңгімеледі. Сонымен қатар қаламдас інісі Сауытбек Абдрахманов Әбіштің тек жазушы немесе қоғам қайраткері ретінде ғана емес, мәдениет философиясын қалыптастырған ойшыл ретінде танытты.
Шапағат ӘБДІР
				


