Әбілахаттың ән әлемі

Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті композитор Әбілахат Еспаевтың туғанына 100 жыл толуына арналған «Ә.Еспаев – ән жанрының шеңберін кеңейткен композитор» атты музыкалық кеш өтіп, «Ән әлемінің Әбілахаты» атты ақпараттық көрме ұйымдастырылды.
Көрмеге композитордың өмірі мен өнер жолынан сыр шертетін 20-ға жуық басылым, ноталар жинағы, кітаптар мен мерзімді басылым беттерінде жарық көрген мақалалар, сондай-ақ автордың әндері жазылған күйтабағы қойылды.
Әбілахат Еспаев қазақ музыкасының әртүрлі жанрында 250-ге жуық туынды жазды. Алғашқы әні 17 жасында жазған «Туған ел» болса, «Маржан қыз», «Жастар мерекесі», «Шофер келді қырманға», «Ұстазым менің, ұстазым» сияқты әндері ерекше танымал. «Ұстазым менің, ұстазым» әні мұғалімдер қауымының әнұранына айналды. Бұл туындысы 1960 жылы Алматыда өткен мұғалімдер құрылтайында жазылған.
Іс-шараға композитордың қыздары Гүлмира Әбілахатқызы мен Гүлсім Әбілахатқызы онлайн қатысты. Белгілі композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жоламан Тұрсынбаев Еспаевтың адами келбеті мен биік өнері жайлы жылы естелігімен, әсерлі әңгімесімен бөлісті. К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің аға оқытушысы, өнертану ғылымдарының магистрі Диля Дүйесінова композитордың танымал әндеріне жан-жақты талдау жасады. Композитор, ҚХР еңбек сіңірген әртісі Даму Оралғазыұлы, актер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сырым Қашқабаев сынды қонақтар Әбілахаттың ойға оралымды, жүрекке жылы, ұлттық нақышқа бай әндерінің маңызына тоқталып, оның танымал әндері орындалды.
Аманғали ҚАЛЖАНОВ



