«Адырнаның» басты миссиясы – ұлтқа қызмет ету

Кеше елордадағы Ұлттық музейде «Адырна» ұлттық порталының 15 жылдығына арналған салтанатты жиын өтті. Жиылған жұрт Тәуелсіздік күніне арналған «Азат рухтың алдаспандары» атты ұлттық концертті тамашалады.
Салтанатты рәсімді ашып, құттықтау сөз сөйлеген «Адырна» ұлттық порталының жетекшісі Арман Әубәкір порталдың 15 жылдық межесіне жету жолы оңай болмағанын атап айтты. «Біз 10 жылға жуық уақыт қаражатқа емес, сенім мен идеяға қызмет еттік. Әуелде тарихи-этнографикалық бағытта жұмыс істедік. Соңғы 5 жыл көлемінде ақпараттық, қоғамдық-саяси тақырыпқа ойыстық. Соның нәтижесінде республикаға танымал ақпарат құралына айналдық. Қанатымыз кеңге жайылып, тынысымыз ашылды. Алайда біз ұлттыө ұстанымды, негізгі өзегімізді жоғалтқан жоқпыз. Алдағы уақытта да осыған адал болуға ел алдында уәде береміз. «Адырнаның» ең басты миссиясы – әрқашан ұлттық құндылықтарға адалдық танытып, ел мәдениетін дамытуға аянбай қызмет ету» деді ол.

Салтанатты кеште «Жыл үздіктері» байқауының жеңімпаздары марапатталды. Олардың арасында әртүрлі саланың мамандары бар. Қай-қайсысын алсаң да өз ісінің үздігі, майталманы. Жеңімпаздар әлеуметтік желі арқылы жүргізілген арнайы сауалнама нәтижесінде таңдалды. Солардың бірі – «Креативті директор» атағына ие болған танымал блогер-директор Ақмоншақ Нұртаза. «Әр адамның жүрегіне жету – ең үлкен жеңіс. Халықтың ықыласына бөлену – ақшаға сатып ала алмайтын, Алланың ерекше нығметі деп білемін. Бүгін сол нығметтің шынайы куәсі болдым. Халықтың қолдауы, сенімі арқылы дауыс беру нәтижесінде «Креативті директор» атағына ие болдым. Бұл марапат – тек атақ емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Өйткені кез келген саланың маманына тек білім ғана емес, харизма мен креатив қажет. Креативтілік – шеберліктің, ой еркіндігінің, жаңашылдыққа ұмтылыстың айқын белгісі. Халықтың әр дауысы – маған артылған аманат. Сол сенімге лайық болу – мен үшін басты мақсат. Қолдап, сеніп, шабыт берген барша халқыма мың алғыс! Сіздер барда еңбек етуге ешқашан шаршамаймын. Аман болыңыздар, қолдауларыңыз үшін шексіз ризамын!» деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ұлттық концертте қазақтың ән мен күйі, жыр-термелері секілді дәстүрлі музыкалық мұралар насихатталды. Концертке ұлттық музыка өнерінің дүлдүлдері қатысып, патриоттық әндер шырқады.
Т. Зәрубайұлы



