Адамзат тарихы мифтен басталады

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы мен Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалының бастамасымен жүзеге асып келе жатқан «Қаламгер ұстаханасы» жобасының кезекті қонағы ақын, филология ғылымдарының докторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанат Әскербекқызы болды.
Кездесуде ол «Көркем шығармашылықтағы миф және мифопоэтика» тақырыбында дәріс оқып, тыңдаушыларға адамзат мәдениетінің соның тарих қатпарында қалған мифтік сананың көркем шығармашылықтағы орны мен мәнін кеңінен түсіндірді.
Лекция барысында ақын миф ұғымының тарихи және философиялық маңызын, адамзат өркениетінің дамуы барысындағы рөлін жан-жақты талдап берді.
«Адамзат дамуының қай дәуірде, қай кезеңде нақты «көркем сөз» деген ұғым қалыптасқанын біз дөп басып айта алмаймыз. Бірақ ежелгі дәуірлерден тасқа қашалған таңбалар мен кейінгі жазбалар, ауыз әдебиет үлгілері соның бастауы болғаны анық» деді ол.
Жанат Әскербекқызының айтуынша, миф – бұл тек қиялдан туған әңгіме немесе ойдан шығарылған дүние емес, ол адамзат санасының ең алғашқы шығармашылық көрінісі.
«Ғалымдар мифті ең алғашқы көркем ойлаудың формасы дейді. Ал америкалық жазушы әрі журналист Торнтон Уайлдер «Миф – өз тарихын сан ғасырлар бойы әңгімелеген халықтың арманшыл жаны» деп сипаттайды». Міне, бұл мифке берілген дәл бағам деп атап өтті.
Сондай-ақ ақын мифологияның философиялық және жаратылыстық негізіне де тоқталды. Оның айтуынша, дүниенің дамуында қарама-қарсылықтар мен олардың өзара күресі үлкен рөл атқарады. Бұдан бөлек, ол хаос пен космос ұғымдарының мифологиялық маңызын да түсіндірді.
Жанат Әскербекқызы мысыр, үнді және грек мифологиясына тоқталып, олардың адамзат дүниетанымының қалыптасуына ықпалын атап өтті. Мысыр мифологиясының ерекшелігіне тоқтала келе: «Көптеген халықтардың мифінде аспан – ер адам, ал жер – әйел адам ретінде сипатталса, мысыр мифологиясында керісінше жер – аталық, аспан – аналық сипатта беріледі. Бұл – дүниетанымдағы ерекше көзқарас, табиғат пен адам арасындағы байланыстың өзгеше көрінісі» деді ол.
Сонымен қатар ақын түс жору жөніндегі мифологиялық ұғымдарға да назар аударды. Дәріс соңында шығармашылық еркіндік, рухани ізденіс және халық жадындағы мифтік бейнелердің қазіргі әдебиеттегі көрінісі жайында ой бөлісіп, қатысушылардың сұрақтарына жауап берді.
Шапағат ӘБДІР