Адалдыққа үйрететін қойылым

Астана қаласы әкімдігінің №58 «Өркен» балабақшасында «Заң мен тәртіп» бағыты аясында мектепке дейінгі балаларға арналған «Адалдық дүкені» атты театрландырылған қойылым өтті.
Іс-шараға 3–4–5 жас топтарының тәрбиеленушілері белсенді қатысты. Балалар үшін таныс әрі қызықты орта «Өркен» супермаркеті сахналық көрініс ретінде безендіріліп, шағын дүкен үлгісінде қойылды. Сөрелер, ойыншық тауарлар, ойын ақшалар балалардың қызығушылығын бірден арттырды.
Қойылым барысында балалар сатушы, сатып алушы, күзетші және кейіпкер-балалар рөлдерін сомдап, дүкенде өзін дұрыс ұстау, кезек сақтау, ақшаны дұрыс беру, алған затына жауапкершілікпен қарау сияқты қарапайым, бірақ тәрбиелік мәні зор әрекеттерді көрсетті. Әрбір рөл баланың жас ерекшелігіне сай, түсінікті әрі ойын түрінде ұсынылды. Сюжет желісінде бір кейіпкердің қателік жасауы арқылы адал болмаудың салдары көрсетіліп, кейін оны түзету жолдары бейнеленді. Осы арқылы балалар «әр істің салдары болады» деген ойды өздері сезініп, көрініс арқылы түсіне алды. Залдағы балалар қойылымды қызыға тамашалап, кей сәттерде кейіпкерлерге жанашырлық танытып, белсенді эмоция көрсетті.
«Бүгінгі «Адалдық дүкені» қойылымы – балалардың бойына адамгершілік құндылықтарды ерте жастан сіңіруге бағытталған маңызды тәрбиелік жұмыс. Адалдық, шыншылдық, жауапкершілік сияқты қасиеттер бала өмірінің алғашқы кезеңінен қалыптасуы тиіс. Осындай ойын және театрландырылған іс-шаралар арқылы біз балаларға дұрыс мінез-құлықты жеңіл әрі қызықты түрде үйрете аламыз. Бұл – болашақ саналы ұрпақ тәрбиелеудегі маңызды қадам», – дейді №58 «Өркен» балабақшасының меңгерушісі Гүлнұр Мырзағұлова.
Ал, қойылым соңында тәрбиешілер балалармен бірге көріністі талқылап, адал болудың, шындықты айтудың және өз әрекетіне жауапкершілікпен қараудың маңызын қарапайым тілмен түсіндірді. Балалар өз ойларымен бөлісіп, «жақсы» және «жаман» әрекеттерді ажыратуға тырысты.
Шапағат ӘБДІР



