Адалдық пен кәсібилік – даму тетігі

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылғы Ұлттық құрылтайда «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» атты жаңа қоғамдық этика тұжырымдамасын ұсынған болатын.
Бұл бастама жеке және қоғамдық құндылықтарды, қоғамдық сана мен мінез-құлықты жаңғырту, азаматтардың жауапкершілігін арттыру арқылы әділетті қоғам қалыптастыруға бағытталған.
Аталған тұжырымдаманың маңызды бағыттарының бірі – мемлекеттік аппарат өкілдерінің санасын өзгерту. Яғни, мемлекеттік қызмет тек қызмет көрсету ғана емес, сонымен қатар үлгі көрсету, адал болу, кәсіби және жауапты әрекет ету дегенді білдіреді.
Еліміздің қай саласында еңбек етсе де, әрбір маман бұл бастаманы қолдап, адалдық пен жауапкершілік жолында нақты қадам жасауы тиіс.
Қаржы министрлігінің құрылымындағы қазынашылық саласы – мемлекет қаржысын тиімді басқаруға, бюджеттің орындалуын қамтамасыз етуге жауапты маңызды тетік. Бұл салада қызмет атқаратын мамандардың адалдығы мен кәсібилігі – қаржылық тәртіптің сақталуының, ашықтықтың кепілі.
Қазынашылық мамандарының үздіксіз еңбегінің нәтижесінде бұл сала бірнеше кезеңдік цифрлық жаңғыртудан өтті. Мәселен, 2012 жылдан бастап енгізілген «Қазынашылық клиент» ақпараттық жүйесі – бюджет қаражатына қызмет көрсетудің сапасын едәуір арттырды. Бұл жүйе арқылы мемлекеттік мекемелердің құжат айналымы электрондық форматқа көшіп, қашықтан жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Осы жаңашылдықтың арқасында қазынашылық органдарының жұмыс тиімділігі артып, бюджетті орындау сапасы жақсарды.
Бұдан бөлек, аталған ақпараттық жүйе қазынашылық саласында сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған маңызды құралдардың бірі болып табылады.
2012-2022 жылдар аралығында қазынашылық органдарының қызмет аясы кеңейіп, мемлекеттік тапсырыстарды орындауға, жарғылық капиталды арттыруға арналған бюджет қаражатын алған квазимемлекеттік субъектілерге, сондай-ақ құрылыс саласындағы бас және қосалқы мердігерлерге, қаржы операторларына қызмет көрсете бастады. Бұл – қазынашылықтың кәсібилік деңгейінің артқанын, оның жауапкершілік ауқымының кеңейгенін білдіреді.
Соңғы жылдары қазынашылық жүйесі бірқатар заманауи ақпараттық жүйелермен интеграцияланып, қызмет сапасын едәуір арттырды. Атап айтқанда, «Электрондық шот-фактураны қабылдау және өңдеу», «Электронды мемлекеттік сатып алулар», «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры, сондай-ақ «Орталықтандырылған сәйкестендірілген дербес шоттар» ақпараттық жүйелерімен тиімді өзара байланыс орнатылды. Бұл – цифрлық трансформацияның нақты көрінісі.
Қазіргі таңда мамандар қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Қазынашылық клиент» ақпараттық жүйесіне биометриялық сәйкестендіру арқылы кіруді енгізу, сондай-ақ клиенттерге қызмет көрсету процесіне жасанды интеллектті қолдану бағытында жұмыстар жүргізіп жатыр.
Жалпы алғанда, осы саладағы кәсіби мамандардың еңбегі мен жауапкершілігінің нәтижесінде Қазақстанның қазынашылық жүйесі халықаралық аренада бәсекеге қабілетті, заманауи үлгі боларлық деңгейге жетті.
2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап елімізде жаңа Бюджет кодексі күшіне енді. Жаңа кодекске сәйкес, Қазынашылықтың орталық аппараты – «Мемлекеттік қазынашылық» деп, ал оның аумақтық бөлімшелері – «Мемлекеттік қазынашылық органдары» деп дара атауға ие болды. Бұл өзгеріс қазынашылық жүйесінің құрылымын нақтылап, оның мәртебесін күшейтуге бағытталған.
Дәл осы жетістіктердің ішінде Астана қаласы бойынша Қазынашылық департаменті қызметкерлерінің үлесі ерекше. Елордада орналасқан бұл құрылым, көрсетілетін ұйымдар саны мен құжат айналымы бойынша еліміздегі өзге департаменттерден басым түседі. Қазіргі таңда Астана қалалық Қазынашылық департаменті 74 бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне, 1140 мемлекеттік мекемеге, 366 мердігерлерге қызмет көрсетіп отыр.
Мемлекеттік қызметкердің бойындағы адалдық пен кәсібилік – бұл жай ғана моральдық ұстаным емес, бұл қоғам мен мемлекеттің болашағына әсер ететін басты фактор. Қазынашылық саласында күнделікті қабылданатын әрбір шешім – қаржының заңға сәйкес жұмсалуына, елдің қаржы жүйесінің дамуына тікелей ықпал етеді. Сондықтан, біздің әріптестеріміз үшін адал еңбек ету мен кәсіби шеберлікті үздіксіз дамыту – міндет қана емес, ел алдындағы жауапкершілік.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан – Адал азамат» саяси тұжырымдамасы – бізге жол көрсететін бағдаршам іспетті. Бұл қағидаттарды өз саламызда жүзеге асыру арқылы біз де әділетті қоғам құру ісіне өз үлесімізді қосып келеміз.
Ерлан БОРАНБАЕВ,
Астана қаласы бойынша
Қазынашылық департаменті басшысының
орынбасары