Денсаулық

Абзал жандар марапатталды

Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында медицина қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай елордалық үздік дәрігерлер мен сала мамандарын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті.

Мерекелік жиынға Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов, Мәжіліс депутаттары, ұлттық және республикалық ұйымдардың, сондай-ақ қалалық мәслихаттың өкілдері қатысты. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Рүстемова өз сөзінде бұл марапат тек үздік мамандарды ғана емес, сонымен бірге өз ісін ұрпағына мұра еткен еңбек әулеттерін де ұлықтауға бағытталғанын атап өтті. – 2018 жылы елордада Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының бастамасымен «Алтын шипагер» сыйлығы тағайындалды. Содан бері дәстүрлі түрде жыл сайын табысталып келеді және үздіктерді танудың, олардың еңбегін бағалаудың символына айналды, – деді басқарма басшысы. «Алтын шипагер» сыйлығының жеті аталымы бойынша жеңімпаздар анықталып, оларға арнайы сыйлықтар берілді. Оның ішінде «Медицина флагманы» аталымына Астана қаласының №2 көпбейінді ауруханасы лайық деп танылса, «Тірі аңыз» мәртебесі – жоғары санатты дәрігер Зайтуна Хамидуллинаға, «Health Teach көшбасшысы» атағы – елордалық №3 көпбейінді ауруханасының директоры Жұлдыз Данбаеваға, «Медицина үміті» – қалалық №4 емхананың дәрігері Баян Кунедиловаға, «Алтын стетоскоп» аталымы – №2 қалалық көпбейінді ауруханасының медициналық бөлімі жөніндегі директордың орынбасары, жоғары санатты невролог дәрігері Әлия Жұмахаеваға, «Мейірімділік мейіргері» – №1 қалалық көпбейінді балалар ауруханасының аға медбикесі Майра Қаскенге және «Жедел жәрдем батыры» аталымы астаналық «Алматы» қосалқы станциясының №6 жедел медициналық жәрдем бригадасына табысталды.

Елдің денсаулық сақтау саласын дамытуға елеулі үлес қосқан дәрігерлер «Еңбек ардагері», «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» және «Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау ісінің үздігі» медальдарымен марапатталды. Сонымен қатар 20-дан астам денсаулық сақтау қызметкері алғыс хаттар, дипломдар және төсбелгілер иеленді. Сала үздіктеріне салмағы жарты килограмға жуық тау хрусталінен жасалған мүсінше берілді. Арнайы сыйлықта 24 каратты алтынмен қапталған лавр ағашының бұтағы орналасқан. Сонымен қатар мүсінше иелері ноутбук, 200 мың теңгелік сертификат және Қазақстан шипажайларына жолдамаларды да қатар алды.

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button