Басты ақпаратРуханият

Абайтануға айтулы үлес қосқан

ХХ ғасырдағы ғылыми үдеріс пен ХХІ ғасырдағы ғылыми үдеріс арасында жер мен көктей айырма бар. ХХ ғасыр қазақ ғылымында азаттықты аңсаумен басталып, үреймен жалғасып, тәуелсіздік таңының атуымен аяқталды. Демек осы бір ғасырда қазақ халқы да, оның мәдениеті мен ғылымы да сан ғасырлық жағдаят пен әрекетті басынан өткізіп үлгеріпті. Бұл ғасырда адамды адам деп бағалаудан, қадірлеуден гөрі, оның көзқарасы мен қызметін қадірлеу жоғарырақ болды. ХХ ғасыр қазақ қоғамында, әсіресе, қазақ ғылымында көзқарасы үшін жазалаудан, ату мен асудан басталып, үрей билеген ғасыр болды десек қателеспейміз. Бұл үрей кеңес идеологиясынан шығып кетпей, соның илеуіне көну, төзу, өз «мендік ойын» айтудан имену, тайсақтауды туғызған-ды.

ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарында алашшыл әкенің отбасында дүние есігін ашып, елуінші жылдары ғылымға келген жас Рәбиға осындай кезеңге душар болыпты. Кеңес өкіметі сепкен уытты үрей басылмаған, сөз аңду мен жазу аңду басым уақытта қазақ аруы өзгелерден ерек тұлға ретінде бірден-ақ көзге түскен-ді. 1947 жылы Абай атындағы Қазақ педагогика институтын, 1951 жылы осы институт аспирантурасын тәмамдаған Рәбиға Сыздықтың бастап жазған ғылыми тақырыбы – Абай. ХХ ғасырда қазақтың ірі тұлғаларына деген көзқарастың кеңестік идеологияның «центризмі» жасаған жасанды ғылыми қағидаларына сәйкес келуі маңызды саналған кезең еді бұл. Абай сынды кемеңгердің сөзін зерделеу, оны кеңес саясатының ыңғайымен бағалау да оңай болмағаны анық. Осындай саяси сұраныс пен ғылыми қажеттіліктің үдесінен қатар шығу әдебиет ғылымына да, сөз өнеріне де, тіл ғылымына да терең ойланып, мүддеге қыз­мет етуді талап еткен-ді.

ХХ ғасырдың елуінші жылдарында қалыптасқан тіл білімінің құрылымдық саласының формальдық бағытына сәйкестендіру үшін Р.Сыз­дық «Абай «Қара сөздерінің» негізгі морфологиялық ерекшеліктері» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғайды. «Тұтастық» сіңген Абай ілімінің басты тұжырымдары тиянақталған «Қара сөздеріндегі» «тіл өрнегін әңгімелеуімізге ұлы Мұхтар ­Әуезовтің сөзі «қамшы болды» деп жазады Р.Сыздық. М.Әуезовтің Абай «Қара сөздерінің» тіліне қатысты жазған пікіріне сілтеме жасай отырып, былайша ой түйіпті: «Әр сөзіне мән беріп жазатын Мұхаңның бұл жерде «Қара сөздердің» өзі демей, «тілі» деуінде, біздің байқауымызша, айрықша астар бар: мұндағы «тіл» деп отыр­ғанының өзі көрсеткеннен басқа және бір сыры қазақта әдебиеттің бұрын жоқ жанрының сөйлеу мәнері (стилі) дегеннің пайда болып, оны ұлы сөз зергерінің қалай алып кеткенін меңзегенінде болар дейміз». Абайтанушы ғалым осы тұста қазақтың ұлттық әдеби тілінің тағы бір функционалдық стилі пайда болды, оған Абай қаламының ұшы тиді деп отыр дей келіп, Абайдың прозалық туындысы арқылы қазақ әдеби тілінде соны әдеби үлгінің пайда болғанын тереңнен тартып, нақты тұжырым жасайды. М.Әуезовтің Абайдың «Қара сөзінің» жанры туралы ғылыми пікіріне сүйене отырып, оған өзіндік баға береді: «Қара сөздерді көлемі жағынан шағын-шағын 46 бөлек шығарма құрайды. Олардың жанрлық сипаты да әртүрлі: көбі – публицистикалық туындылар, 46-сөз деп берілгені – білім-таным үлгісіндегі тарихи очерк, 25-сөз – Сократ пен Аристодемнің әңгімесі деп берілген үлгі-­өсиет, 5-сөз – мақал-мәтелдерді талдаған филологиялық этюд, 37-сөз – афоризмдер жиынтығы, 7-сөз – психологиялық тақырыпты қозғаған этюд іспетті, 43-сөз – философиялық толғаныс, 38-сөз – дін, мораль мәселелері жайындағы ой-пікірлері болып келетін ғылыми-публицистикалық еңбек деп ажыратып жүрміз» деп нақты ғылыми пікір білдіреді. Абайдың «Қара сөзінің» жазылу ерекшелігі мен оның кімге арналып жазылғаны туралы айтылған Р.Сыздықтың ғылыми пайымдаулары теориялық жағынан салмақты, байламы берік, ойы тиянақты, пікірі дәйекті еді. Әр сөздің белгілі бір әлеуметтік топтарға арналып жазылғаны туралы байламдары да ойланарлық еді. «Абай «Қара сөздерін» «қойын дәптер» ретінде тек өзі үшін жазбай, басқалардың оқуы үшін де жазғанын, оның өзінде де жалпы оқырман көпшілікпен қатар, олардың белгілі бір тобына арнап жазғанын да көреміз» деп тиянақты тұжырым жасайды ғалым. Өз заманының сұранысы мен қажеттілігіне орай, Р.Сыздық «Қара сөздер» – Абайдың қай тақырыпты қозғаса да, түгелімен ағартушылық идеясын ұсынған, мораль мен тәлім-тәрбие жайындағы ой-толғауларын баяндайтын публицистикалық шығармалары» деген ой айтады. Мәтін баяндауында кездесетін модальдық реңктерді, яғни өкінуді, сүйсінуді, ызалануды, т. б. ауызша сөйлеу үстінде дауыс ырғағы жеткізетінін Абайдың жақсы пайдаланғанын терең талдайды ғалым.

Ғалым Абай поэзиясын ­теориялық тұрғыдан терең зерделеді: лексикасы мен грамматикалық құрылымын, морфологиялық сипатын, сөйлем құрылысының ерекшелігін, стильдік маңызын талдады. Сонымен бірге Абайдың алдында да қазақ әдеби тіл дәстүрі болғанын зерделеуі ғылыми тұрғыдан аса маңызды деп есептейміз. Бұл дәстүр, негізінен, көркем әдебиет саласында, соның ішінде поэзия жанрында болғанын да, қазақтың жалпыхалықтық сөйлеу нормасының дамыған қалыпта болғанын атап көрсетуі өз кезеңі үшін ғылыми маңыз­ды теория болды деп бағалаймыз. Өйткені жалпыхалықтық сөйлеу нормасының, әдеби тіл нормасының болуы – қазақ халқының этникалық тұтас­тығының басты көрсеткіші. Осы реттен де Р.Сыздық жасаған қағида аса маңызды.

Академик Рәбиға Сыздық Абай тақырыбына ХХІ ғасыр басында, яғни тәуелсіздік таңы атқан тұста қайта оралып, «Абайдың сөз өрнегі» атты жинағын шығарды. Жинаққа енген ғылыми зерттеулер жаңа бағытта зерделеніп, жаңаша ой-толғамдармен толықтырылған. Ғалым зерттеу­лерін Ақымет Байтұрсынұлы еңбектеріндегі қисындармен қиыстыра дамытып, ой өрнегін, образдың эстетикалық өрісін жаңаша пайымдауға күш салады. Ақын өлең жолдарындағы сөз мағыналарын талдап, көріктеу құралдарын пайдаланудағы Абай үлгісін зерделейді. Мәселен, Абайдың «Мәз болады болысың, Арқаға ұлық қаққанға, Шелтірейтіп орысың, Шенді шекпен жап­қанға» деген өлең жолдарындағы «шекпен», «шенді» сөздерінің поэтикалық қолданысына мән береді. Академик ғалым Абай шығармашылығындағы поэтикалық образ жасайтын тірек сөз ретінде «жүрек», «сөз», «тіл», «ой», «көңіл», «дүние», «өмір» ұғымдарын атап көрсетіп, бұл ұғымдардың адамның ішкі дүниесі мен өмірдің толғақты мәселелерін тереңнен толғау­да ойшыл ақынның маңызды нысандары болғанын көрсетеді.

«Қара сөздердің тілі қалай өрілген» деген тарауда Абайдың сөйлем құраудағы ерекшеліктері, сөйлемдегі норма мәселесі кеңінен қозғалады. «Абайдың қазақ жазба тілінің прозадағы нормаларын белгілі бір жүйемен дұрыс қалыптастыруына саналы түрде қыз­мет еткенін көрсетеді» деген тұжырымы қазіргі ғылыми зерттеулер үшін де маңызды. Р.Сыздық Абай «Қара сөзінің» тіліндегі мынадай ерекшелікті баса көрсетеді: «толық­тауыш бағыныңқы етіп ұсынылуға тиісті сөйлемнің баян­дауышы ашық райда келіп, мағына жағынан сабақтас, ал тұлғалануы жағынан салалас сияқ­ты болып және бағыныңқы компонент басыңқыдан бұрын келіп құрылған сөйлемдер. Мысалы: Ақыры ойладым; осы ойыма келген нәрселерді қағазға жазайын, ақ қағаз бен қара сияны ермек қыла­йын…». Ғалым мұндай нормаға сәйкес келмейтін сәйкестіктерді «ой екпіні түсетін сөйлем бөлігін алдымен айтып алу Абай прозасында осылай орын алғанын ескере отырып, ауызекі сөйлеудің «тәртіпсіз» тәртібі деп тануға болады» деп жазады.

Абай «Қара сөздерінің» танымдық мәніне көңіл бөлген ғалым былай деп жазады: «Абай оқушы мен тыңдаушы қауымға өзі «ойыма келген нәрселер» деп жұпыны көрсеткенмен, шын мәнінде, бүкіл дүниетанымдық, философия­лық, тәрбиелік мазмұнды ой-толғамдарын, ақыл-насихатын, «заманды түзетпек» пікірлерін қазақ «өнер алды – қызыл тіл» деп санаған «жалпақ тілмен» ақ қағазға төккенде жұртының ежелден қалыптасқан, әлеуметтік нормаға айналған дәстүрін ұстайды: ауыздан шыққан сөздің әсем әрі әсерлі болуын нысанаға алады» деп жазады.

«Абайдың сөз өрнегі» жинағындағы «Абай тілін танудың қырлары» атты тарауда Абайдай данышпанның тілін зерттеуде екі түрлі мақсат көзделуі тиіс деп есептейді: біріншісі – Абайдың қазақ әдеби тілінің даму барысындағы алатын орны; екіншісі – оның тілдік-көркемдік шеберлігі, яғни Абайдың сөз өрнегі, поэтикалық тілі деген проблема. Иә, Рәбиға Сыздық осы мақсаттың екеуін де өз еңбектерінде шешуге үлес қосқан ірі ғалым болды.

Анар САЛҚЫНБАЙ,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы

 

Байланысты жаңалық

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button