Абайдың суретін жіппен салды

Қазақтың ұлы ақыны, ағартушы, философ Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6636 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Мәди Сәкен ерекше өнер туындысын паш етті. Ол данышпан тұлғаның портретін көркем шығармашылықтың бірегей түрі саналатын ниткография (жіппен сурет салу) техникасын қолдану арқылы жасаған, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Мәди Сәкен – Павлодар облысынан шақырылған мерзімді әскери қызметтің сарбазы. Әскери қызметке дейін Павлодардағы көркемсурет колледжінде «графикалық дизайн» мамандығы бойынша білім алған. Оның бала күнінен бойына дарыған өнерге құштарлығы әскери борышын адал өтеуіне еш кедергі келтірген жоқ, керісінше, ынта мен шабыт сыйлады.
Мәдидің қарулас достарымен бірге жасаған туындысы – ақын мерейтойы тұсында Абай әлеміне деген құрметтің көрінісі. Қарапайым құралдар – жіп пен желім арқылы жасалған портрет ағартушы бейнесін дәл, әсерлі әрі мазмұнды түрде жеткізеді.
Әскери бөлім басшылығы ұландықтың бастамасын жылы қабылдап, сарбаздардың жауынгерлік даярлығын шыңдап қана қоймай, олардың шығармашылық әлеуетін де қолдаудың маңызын атап өтті.
Абай портреті сотталғандарды айдауылдауға арналған вагон ішіндегі ерекше мұражайдың көрмесінде жұрт назарына ұсынылмақ.
Ұлттық ұлан қатарында қызмет етіп жүрген сарбаздардың мұндай жасампаз бастамалары – Отан алдындағы борыш пен өнерге деген сүйіспеншілікті қатар алып жүрген, елдің мәдени деңгейін көтеретін азаматтардың бар екенін көрсетеді.